Түйе – төрт түліктің төресі оны көбейту талап деңгейінде емес
Елбасы алға қойған мерейлі міндеттердің бірі – әлемдегі үздік дамыған, бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына ену десек, бұл ретте ауыл шаруашылығын барынша дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Соның ішінде мал шаруашылығын өрістету бағытында жүктелер міндеттер де аз емес. Ал, бүгінгі әңгіме – төрт түліктің төресі саналатын түйе туралы.
Жоғары сапалы, экологиялық тұрғыдан таза және бәсекеге қабілетті өнімді ет, сүт және жүн өндірудің қосымша қоры бар мал шаруашылығының дәстүрлі саласының бірі– түйе шаруашылығы. Қазақта «Жылқы – малдың патшасы, түйе – малдың қасқасы» деген сөз бар. Демек, ата-бабамыз түйені қасиетті мал санаған.
Атырау облысында да мал шаруашылығын дамыту жылдан жылға өткір мәселеге айналып келе жатыр. Әр жылы жазда түсетін жауын-шашынның азаюы, жерасты суларының тартылуы, керек жем-шөптің басқа жақтан тасымалдануы аймақта мал шаруашылығын дамытуға қиындық келтіріп отырғаны белгілі. Ал, түйе қатал климаттық жағдайда өмір сүруге бейім және жайылымдықты басқа төрт түлікке зиянын тигізбей жыл бойы пайдалана алады. Ол – қары мол қатал қыста да, жаңбыр жаумайтын ыстық жазда да далада жайылып, күнін көре беретін жануар.
Мәселен, 1986 жылы Қазақстанда бүкіл КСРО-ның 50 пайыздан астам түйесі шоғырланған екен. Әр жылы 65 пайыздан астам түйе еті, дәл сондай түйе жүні мен шұбат өндірілген. Түйе шаруашылығының қазіргі жағдайына қарамастан, біздің еліміз бәрібір дүние жүзінде оны өсіруден озық саналады.
Әйтсе де, халық түйе сүтінің (шұбат) тағамдық, емдік, профилактикалық бірегей қасиеттері жөнінде әлі толық білмейді. Түйе сүтінің емдік қасиеттері, ең алдымен, оның жоғары нәрлілігі, туберкулезден емдеудегі қасиеті, ал қант диабеті кезіндегі ем болатын инсулиннің үлкен көлемде кездесуіне байланысты. Ол, сонымен қатар, асқазан, созылмалы колит ауруларына ем болады. Жалпы ағзаның иммунитеттік жүйесін күшейтеді. Израильде түйе сүтінен диабеттердің аз ғана тәттілері саналатын қант қосылмаған йогурт пен балмұздақ жасаса, арабтардың белгілі бір компаниясы шұбаттан шоколад жасап сатады екен. Оның 75 грамы 12 доллар тұрса да тез өтіп кететін көрінеді. Шымкенттік ғалымдар түйе сүтінен лактоферрин затын алу әдісін ойлап тапты. Оны қатерлі ісікке қарсы қосалқы ем ретінде пайдалануға болатынын айтады. Мамандардың пікірінше, лактоферриннің бір грамын алу үшін 100 литр сиыр сүті қажет болса, түйе сүтінің 25 литрі жеткілікті екен. Бұл көлемі жағынан ана сүтімен пара-пар делінеді.
Түйе еті – диетикалық өнім. Өйткені, онда ішкі май қабаты болмайды. Бұның адам денсаулығына пайдасы көп. Түйе етінде адамға қажетті микроэлементтер, дәрумендер жеткілікті. Холестериннің өте аздығы және темірдің мол болуы түйе етінің жас балаларға да, ересектерге де пайдалы қасиеттерін арттыра түседі. Оның үстіне, қаназдық дертін болдырмайды, жұқпалы аурулардың алдын алады. Түйе етін Африкада СПИД-ке қарсы пайдаланса, арабтар потенция көтеруге қолданады. Түйе етін тұрақты түрде тұтыну рак ауруларын болдырмауға септігін тигізеді.
Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-өндірістік орталығы ғалымдарының мәліметі бойынша, республикамыздың түрлі табиғи климаттық аумағында түйе өсіру шаруашылықтарындағы тауарлы түйе етінің өзіндік құны мүйізді ірі қара малының құнынан 2-2,5 есеге арзан. Әрі қой құнынан бір-екі есе төмен. Түйе сүтінің және етінің медициналық құрамын білу түйе өнімдерін пайдалануды өрістетуге жол ашар еді.
Түйе жүнінің бірегейлігі суық кездері тоңудан қорғап қана қоймайды, ол тіпті аптап ыстықта да сақтайды. Сондай-ақ, жібектей жеңіл, әрі төзімді, ылғалды сіңіріп, басқа талшықтарға қарағанда буға тез айналдырып жібереді. Емдік қасиеті бар, нағыз түйе жүнінен тігілген жапқыштар созылмалы бронхит, радикулит, остеохондрозбен ауыратындарға ұсынылады. Қазіргі кезде түйе жүні қырықтан астам ауруларға қарсы ем ретінде қолданылады. Бір-екі жастағы түйе зәрінің көптеген ауруларға, әсіресе, обыр дертіне қарсы емдік қасиеті бар екенін көбіміз біле бермейміз.
Әр елдің өз брендтері бар. Мысалы, Жапонияда – «Тойота», Оңтүстік Кореяда «Самсунг» деген сияқты. Қазақстанда түйе шаруашылығын дамыту арқылы оның өнімдерін қазақстандық брендке айналдыруға болмас па еді?!
Әйтсе де, елімізде түйе шаруашылығын дамытуға кедергі болып отырған бірнеше факторлар бар. Алдымен, оның кеміп кетуі. Одан әрі, ұсақ шаруашылықтарда бағылуы. Сонымен қатар, өнімділігі төмен малдарды ұстауы. Тағы бір проблема – асыл тұқымды түйелер үлесінің аздығы. Облысымызда асыл тұқымды айыр өркешті түйелердің Бөкей Орда түрі «Құрманғазы» өндірістік кооперативінде, «Бірінші мамыр» және «Жаңа таң» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде жинақталған. Бұларда биылғы 1 қазандағы есеппен 1 551 бас түйе есепке алынған. Атырау облысының статистика департаментінің мәліметіне сәйкес, үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне аймақта барлығы 32002 бас түйе бар. Демек, былтырғы осы уақытпен салыстырғанда бір пайызға өскен. Ал, асыл тұқымдылары барлық түйе малының 4,8 пайызын ғана құрайды. Рас, бүгінде кейбір ізденістер жемісін бере бастаған. Қазір Ағеділ Шалқаров деген азамат Маңғыстау облысынан сүтті түйелер әкеліп, Индер ауданындағы Көктоғай селолық округінде шұбат өндіріп отыр. «Достан Ата» шаруа қожалығы түйе жүнін өңдеп, түрлі өнімдер шығара бастады.
Түйе өсіретін ірілі-ұсақты шаруашылықтар кооперативтерге бірігіп, жұмыс жасаса көптеген проблемаларды шеше алатыны сөзсіз. Мемлекет асыл тұқымды сиыр мен қой өсіргендерге және оларды сатып алған шаруашылықтарға қаржылай қолдау көрсетіп отыр. Міне, осындай демеу түйе шаруашылығына да қарастырылса, бұл бағытқа біраз серпін берер еді. Шұбаттың бір келісіне берілетін субсидия 55 теңге болса, оның өзіндік құны 350-400 теңгені құрайды екен. Бұдан шаруашылықты қалай кеңейтуге болады?
Түйе еті базарда сиыр етіне қарағанда 200-300 теңгеге кем бағаланады. Мұнай өндіретін кәсіпорындар, түрлі бюджеттік мекемелер (ауруханалар, әскери бөлімдер, қылмыстық атқару жүйесі мекемелері) тек сиыр етін алып, түйе етіне жоламайды. Шындығында, жоғарыда айтқанымыздай, пайдалы қасиеттері жөнінен оның сиыр немесе қой еттерінен артық екенін ғалымдар дәлелдеген. Егер, түйе сүтінен неше түрлі өнімдер алып, оларды өңдеп, порошок немесе таблетка түрінде экспортқа шығарса, елімізге көп қаржы келер еді. Аса бағалы түйе жүнін де жоғары бағасына өткізе алмаған малбегілер оларды тіпті қырықпайды.
Мұрат ШАХМЕТОВ,
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Атырау облыстық аумақтық инспекциясының бас маманы.
Менің Жерім бар сол жерді бастау үшін сіздерден көмек сұраим түйе шаруашылығын колға алғым келет көмектесіңіздерш.87757481379