Тұтынушының да өз таңдауы бар
Тұтынушылар азық-түлік дүкенінде ғана емес, банктерден несие алу секілді өте жауапты сәтте де олқылықтар жіберіп жатады. Бірақ, орын алған қателікке тұрғындар өздерін ғана кінәлайды. Расында, бұл – тұтынушының қателігі емес, тауарын ұсынып отырған ұйымның жұмысының толыққанды болмауы. Қызмет көрсетудегі жауапкершіліктің жоқтығы, тұтынушыға деген құрметтің төмендігі деп қарауға болады.
Бұл туралы облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде «Қаржы қызметі саласындағы тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесі» жөнінде өткен жиында кеңінен сөз болды.
Аталмыш департаменттің Атырау облысы бойынша басшысы Өмірзақ Зинуллин «дөңгелек үстелді» кіріспе сөзбен ашып, ағымдағы жылдың тоғыз айында тұтынушылардың тарапынан түскен өтініштерге тоқталды.
Оның айтуынша, тұрғындар құқықтарының бұзылуы бойынша жазбаша түрде департаментке және аумақтық бөлімшелерге 34 өтініш жолдаған. Оның ішінде бөлшек сауда саласында – 23, тұрмыстық қызмет көрсетуде – екі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша – төрт және өзге сала бойынша бесеуі тіркелген. 27 өтінішке құзырет шеңберінде жауаптар беріліп, қалғаны ведомстволар бойынша жіберілді.
Басқосуда ҚР Ұлттық банкінің Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Асланбек Қабесов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Атырау облысы бойынша филиалының сарапшысы Жоламан Мұсағалиев, «Сентрас Иншуранс» сақтандыру компаниясы» АҚ-ның басшысы Мансұр Галиакбер, «Тұтынушылар Ұлттық лигасының» Атырау облысы бойынша өкілдігі директоры Марина Мұхтарова және өңірдегі барлық екінші деңгейлі банктердің өкілдері қатысып, өзара пікір алмасты.
Тұлғалардың құқығы заңмен қалай қорғалатыны, қалай жүзеге асатыны және қаржы саласындағы тұтынушылардың мүддесін қорғау мақсатында көптеген ұсыныстар айтылды.
Жиында сөз алған департамент басшысының орынбасары Амантай Жұмағалиев қаладағы есеп-айырысу бөлімшелеріндегі валюта бағамының әртүрлілігін, «Рахат» сауда орталығындағы қолма-қол ақша айырбастап жүрген келіншектердің әрекетін, сондай-ақ, төлем карточкалары арқылы кез-келген банкоматтан ақша алғанда ұсталатын жарна мөлшерін, «Дина» базарындағы кассалық аппараты жоқ саудагерлерді де сынға алды.
Бұл сауалдарға ҚР Ұлттық банкінің Атырау облыстық филиалының қаржы ұйымдарын бақылау және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Асланбек Қабесов жауап берді.
— Валюта бағамдарын тексеріп, қадағалап отыратын арнайы мамандар бар. Рубльдің құны ғана ауытқып тұрады, ал доллар мен еврода ешқандай ауытқушылық болмайды. Бірыңғай көрсеткіште тұрады. Әрине, қолма-қол ақша айырбастап жүргендерге заңмен тыйым салынуда. Бірақ, олар тұтынушысы жоқ болса, мүлдем қызметін қояр еді. Соған қарағанда, көпшіліктің көңілінен шығып тұрғанға ұқсайды. Банктердің өзара жасаған келісім-шарттары бар. Соған байланысты төлем карточкаңыздан жарна ұсталады, — деп атап өтті Асланбек Шеркешбайұлы.
Бүгінгі біздің қоғамның әрбір азаматының көкірегі ояу, көзі ашық. Сондықтан, кез келген тұтынушы сапасыз тауарға ұрынған кезде әділдік орнататын мемлекеттік органдарға немесе қоғамдық ұйымдарға шағымданып, өзінің құқығын қашан да қорғай білуі тиіс.
Жиынға қатысушылар барлық салада да жариялылық керектігін алға тартты. Осы орайда банкке келген әрбір адамға түсінікті ақпараттар ілініп тұруы қажет. Мәселен, қай банктен қанша жарна ұсталатыны, тұтынушының несие төлерде өзіне ыңғайлы кестені таңдауы, кесте жайында әр адамға банк қызметкері дұрыс түсінік беруі қажеттілігі нақтыланды. Мәселен, банк арқылы жаңа көлік сатып алғанда тұтынушыға өздерінің серіктес сақтандыру компанияларын ұсынуы да тұтынушының құқығына қайшылық болып табылады екен.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.