Жарнама
Жаңалықтар

ТҮТІНГЕ ТҰНШЫҚҚАН ТАҒДЫРЛАР

 Қара жамылған отбасы

 Ақпан айының алғашқы күндеріндегі оқиғалар қоғамды шынымен қобалжытты. Қызылқоға ауданының Тайсойған ауылдық округіндегі бір отбасы ел аман, жұрт тынышта қара жамылды. Газдан улануы себепті шаңырақтың тұтқасы -1986 жылы туған азаматша үш баласымен бірге тілге келместен көз жұмды. 

— Үйдің иесі ауыр халде жергілікті амбулаторияға жеткізілген болатын. Оған дәрігерлер ем көрсетіп жатыр, — дейді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Дәурен Дәулетов.

5 ақпанда Жылыой ауданының Жаңа Қаратон поселкесінде орын алған жағдай да қайғылы аяқталды. Бұл жолы үйелмелі-сүйелмелі үш сәби табиғи отыннан уланып, ауруханаға жетпестен өмірлері үзілді. Оқиғаны тексерген мамандар «жылу қазандығының мұржасы түтін тартпағандықтан газ үйге тараған» деген қорытындыға келуде. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінен алған өзге деректер де жанды шошындырады. Дәл бір қанқұйлы соғыстан алынған мәліметтер секілді. Атырау қаласының өзінде биыл газ кетіп, түтін тұншықтырған 7 жағдай болды. Ал, өткен жылдың қараша айында 10 адам (тек бір айда!) осы себепті мерт болды. Байқағанымыз, дәрігерлердің дер кезінде ем көрсетуінің нәтижесінде адамдардың көпшілігі аман қалған. 

Көлденең жағдайға кім жауапты?

Келеңсіз жағдайлардың себебі неде? Мәселенің мәнісі қандай? Қайғылы оқиғаларға кім жауапты? Осы сауалдарға жауап іздеп алдымен облыстық ТЖД-нің қазандық, көтергіш құрылғылары және шаруашылық нысандарын бақылау бөлімінің бастығы Әлібек Айбатыровқа жолықтық. 

— Түсінікті болу үшін айтайын, біз жұмыс жасайтын температурасы 115 С градустан, қысымы 0,7 МПа-дан жоғары болатын жылу қазандықтарын қадағалаймыз. Олар арнайы есепке алынады. Ал, жеке үйлердегі жылу қазандықтары мен пештеріне бақылау жасау біздің құзыретімізге жатпайды. Өйткені, олардың температурасы 90 градустан аспайды. 2012 жылдың 9 қаңтарында шыққан №532-IV «Газ және газбен жабдықтау туралы» еліміздің заңына сәйкес, «газ тұтыну жүйелерінің және газ жабдығының иелері олардың тиісті жай-күйін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті». Заңда осылай жазылған. Яғни, әрбір адам өз үйіндегі жылыту қазандығының дұрыс жұмыс жасауына өзі жауапты, — дейді ол.

Бақылау бөлімінің бастығымен әңгімелесе отырып, түйткіл тұсты анық байқадық. Әңгіме, жылыту қазандықтары, пештердің дұрыс жұмыс жасауын қамтамасыз ету, өрт қауіпсіздігін қадағалау секілді маңызды міндеттердің үй иесінің иығына артылғанында болып тұр. Ақиқатында, адам уланайын деп уланбайды. Жылу қазандықтары мен пештердің қалай орнатылатынын білмегендіктен, мұржаны қондырудың, оны қадағалаудың өз тәртібі бар екендігін ұғынбағандықтан осындай жағдайға кезігіп отыр. Сұхбаттасушымыздың да қалыптасқан жағдайға байланысты өз айтары бар екен. 

— Бұрын әрбір үйдегі жылыту жабдықтары ерекше қадағалауда болған еді. Оны мемлекеттік техникалық бақылаудың тиісті бөлімі жүзеге асыратын. Сонымен қатар, газ беретін мекемелердің ішінде газтехинспекция да бақылау қызметін атқаратын. Дегенмен, кейін аталған құрылымдар таратылғандықтан жауапкершілік тек біржақты болып қалды. Өрт  қауіпсіздігіне байланысты тұрғындар арасында жүйелі шаралар жүргізсек те, көбінің бұл мәселеге салдыр-салақ қарайтыны анық. Оның соңы қайғылы оқиғаларға ұласып жататындығы бізді айрықша алаңдатуда, — деді Әлібек Айбатыров.

Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өкілдері апаттың көп жағдайда қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауынан орын алатынын айтып отыр. «Жаңа қазандықты міндетті түрде арнайы мамандар қосқаны дұрыс» дейді олар. Солай дегенмен, заңды тұлғалардың қызметін жеке адамдардың қалтасы көтере бермейді. Сондықтан, жұртшылықтың көлденең көк аттыға қолқа салуына тура келеді. Соның бірі біз тілдескен Дамир деген жігіт еді. Оның айтуынша, үш-төрт жылдан бері қала тұрғындарының жылу жүйелерін жүргізіп, қазандығын орнатып жүр. Өз ісінің кәдімгідей майталманы болып алған. Әңгімесінің арасында Қарақалпақстаннан келгенін де айтып қалды. Бірақ, Дамирдің өте жауапты жұмысты жүзеге асыруына құқық беретін жеткілікті білімі, қолында ешқандай қағазы жоқ. Әйтеуір, көрген-білгенін санасына тоқып, сонысымен нәпақасын табуда. Сонда қоғамның басты байлығы — адамның құны кеміп, өмірі соншалықты арзандап кеткені ме?

Әр тұрғын өзі үшін жауап береді

Облыста төтенше жағдайлардың көбейіп кетуіне байланысты «ҚазГазТрансАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалы кеңсесіне арнайы бас тіредік. Аталған құрылымның Жылыойдан (мұндағы жұмыстармен «Жылыойгаз» айналысады) басқа, барлық ауданда бөлімшелері бар. Сұхбаттасушымыз бас инженер Еркебұлан Кенжеғалиев қазіргі қалыптасқан ахуалдың себеп-салдарына үңілдірді. 

— «От пен су – тілсіз жау» деген емес пе? Сол сөз шынымен, бекер айтылмаған, — деді Еркебұлан Мусаұлы.  — Әрбір адам өзінің үйіне тартылған газ үшін өзі жауапты. Қазір, керісінше, кейбір тұрғындардың өрт қауіпсіздігіне соншалықты селқос қарайтындығынан оқыс оқиғалар жиілеп отыр. Апат көбінде қолдан жасалған қазандықты пайдаланудан, зауыттық өнімнің автоматтық жүйесін алып тастап, оны қараусыз қалдырудан, мұржаның түтін тартпауынан орын алуда. Біз үйлерге газ құбырын тартқан кезде техникалық шарттарға тиісті талаптарды жазып береміз, өрт қауіпсіздігі шараларын түсіндіреміз. Алайда, көпшілік оған құлақ түре бермейді. Күнделікті өмірден көріп жүрміз ғой, барғанымызда пештерін өзгертіп, мұржаларын жылы ораммен қаптамай-ақ отыра береді, басқа да кемшіліктер бар. Оның зардабы қайғылы жағдайларға ұласуда. Мәселен, өткен жылдың қазан айында Сарыөзек селосындағы үйде («Черная речка» маңында) газдың жинақталуынан жарылыс орын алып, адамдар қаза тапты. Тексеру кезінде бұл үйдің құжаттары жоқ болып шықты. Яғни, газ тартуға ешқандай рұхсат берілмеген.

Біз қашанда өз тарапымыздан халыққа түсінік жұмыстарын жүргізіп келеміз. Газды қазандыққа қосып беру кезінде де мамандарымыз өрт қауіпсіздігіне қатысты үйдің иесіне түсіндіреді. Соны ұғып алса, ешқандай келеңсіздік орын алмас еді.

«ҚазГазТрансАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының бас инженері тиісті талап орындалмаған, өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмаған жағдайда ұйғарым жазылып, газ беру жұмысы тоқтатылатынын айтып отыр. Ал, облыстық ТЖД мамандары «үйдің ішінен газдың иісі сезілсе, сіріңке жағуға, жарықты қосуға болмайды. Табиғи отын газ жүйесі немесе құрал-жабдықтың бүлінуінен кеткен жағдайда, тез арада 104 телефоны арқылы апаттық газ қызметін шақырыңыз» деп ескертеді.

Қорыта айтқанда, әрбір үйдің түтіні түзу ұшуы үшін әрбір тұрғын өзі жауапты. Тиісті орындардың өкілдері де мәселенің осы тұсына ерекше назар аударады. Ендеше, бейқам отырып, сан соғып қалмайық ағайын.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button