Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі бойынша семинар өтті
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Қоғамдағы отбасы мәдениеті және тұрмыстағы зорлық-зомбылық» тақырыбында семинар өтті. Жиынға үкіметтік емес ұйым өкілдері, құқық қорғау қызметкерлері, психолог, білім беру саласының мамандары, жастар қатысты.
Біріккен Ұлттар Ұйымының 1999 жылғы 17 желтоқсандағы шешіміне сәйкес 25 қараша – халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күні болып аталып өтіледі. Осыған орай, бүгінгі шарада «отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық күш көрсету жайттарының көбеюін болдырмау, олардың жолын қатаң түрде кесу» мәселесі ашық талқыға түсті.
Жиынға өңіріміздегі әйелдер қауымының мәселесін ашық көтеріп жүрген облыс әкімі аппаратының бас инспекторы, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Зәмзәгүл Жалмурзина, облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау тобының басшысы Бибігүл Төлегенова, қалалық жастар ресурстық орталығының психологы Гайни Сұлтанова, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері Абат Кенжеғали баяндама жасап, азаматшаларды қорғау бағытында атқарылған жұмыстармен таныстырды.
«Қоғамдағы әйелдердің рөліне оның дәстүрлі, тарихи және діни бейнесінің стереотипін өзгерте отырып жағдай туғызатын жаңа көзқарас – гендерлік балама қалыптасуда. Әйелдің жағдайы қандай болса, қоғамда сондай болады»,-дейді «4 билік» қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Адиева.
Гүлдана Жамбозова