ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ БЕРІК ТҰҒЫРЫ
Облыс басшысының айтуынша, бас құжат қабылданған жылдары Атырау халқының саны 435 мыңнан аспаған болса, бүгінде 600 мыңға жетіп қалдық. «1995 жылдары облыста 1 жылда 50 мың шаршы метр тұрғын үй салынған болса, бүгінде жарты миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуде. Соңғы жиырма жылда облыстың өзінде 67 мектеп, 46 балабақша, 47 емхана, 21 аурухана, 21 спорт кешені, 16 мәдениет нысаны бой көтерді» деген облыс әкімі тәуелсіздік жылдарындағы барлық жетістіктерді Елбасының сарабдал саясатымен байланыстырды.
Бұдан соң облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов еңбек ардагерлері Есен Тасқынбаевқа, Надежда Литвинаға, облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Мұхтар Ізғалиевқа, облыстық білім беру басқармасының бас маманы Ақкенже Исанбергенова және өзге де салалық құрылым өкілдеріне «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл» мерекелік медальдарын тақты. Одан әрі «КазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының Мақат газ шаруашылығының директоры Сансызбай Әбділдиевке, Махамбет ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы Гаухар Мұхтароваға, Құрманғазы ауданының прокуроры Ерлан Хисметуллинге және өзге де мемлекеттік қызметкерлерге облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкіроваға «Әлеуметтік еңбек ісінің үздігі» төсбелгісі салтанатты жағдайда тапсырылды.
Одан әрі шара мерекелік концертке ұласты.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Ата Заңымыздың жиырма жылдық мерейтойы қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан бірқатар облыстық басқармалар басшылары мен орынбасарлары, ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан мемлекеттік қызметкерлер мен облыс белсенділеріне Елбасы Жарлығымен берілген «Конституцияның 20 жылдығы» мерекелік медалін табыс етті.
Осынау құрметке ие болғандар қатарында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева мен қоғамдық-саяси, талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Злиха Таласбекова, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Бейбіт Мамраев, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасарлары Шәкіржан Мырзағалиев пен Злиха Дүйсекенова және бас-қалары бар.
Өз кезегінде Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Бейбіт Мамраев Конституцияның ел тарихында алатын орны ерекше екенін ескеріп, Елбасы мен облыс әкімдігіне осындай естелік медаль үшін өз алғысын жаудырды.
Амандық АБДОЛ.
Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай Атырау қаласы әкімдігінде салтанатты жиын өтті. Мерекелік басқосуға шаһар басшысы Нұрлыбек Ожаев қатысты.
Конституция біздің барлық құқықтық өмір тынысымыздың қайнар көзі екендігін атап айтқан қала әкімі жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады.
– Жиырма жылдың ішінде Ата Заңымыз тәуелсіз мемлекетіміздің өз жолы бар берекелі ел дәрежесіне дейін жетілуіне ықпал етті. Тұрақтылықтың, кемел келешектің кепіліне айналды, – деді Нұрлыбек Жұмахметұлы.
Сондай-ақ, ол өз сөзінде бүкіл Қазақстан халқының қатысуымен талқыланып, қабылданған Конституция өзінің гуманистік ізгілігімен, демократиялық сипатымен және тәуелсіз мемлекетімізді нығайтудағы пәрменділігімен ерекшеленетінін баса айтты.
Салтанатты шарада Атырау қаласының дамуына айрықша үлес қосып жүрген азаматтар «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Олардың қатарында Атырау қалалық мәслихатының депутаты Қаршыға Жауынбаев, «Атырау су арнасы» КМК директоры Андрей Ташлыков, Дамбы ауылдық округі әкімінің көмекшісі Әуез Сабыров, облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы Нәсіп Шалабаева және басқалары бар.
Сонымен қатар, бірқатар азаматтар қала әкімінің Алғыс хатына ие болды. Барлық марапат иелеріне естелік сыйлықтар мен гүл шоқтары қоса табыс етілді.
Жиын соңында мемлекеттік қызметке жаңа кіріскен жас мамандар Ант қабылдады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Кеше Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов Ата Заңымыздың 20 жылдық мерейтойына орай бірнеше еңбек ардагерін қабылдап, оларға үлкен құрмет көрсетті.
— Бұл айтулы дата еліміздің әр қаласы мен ауданында, еңбек ұжымдарында аталуда. Осы заңымыздың арқасында біз білім алып, қызмет атқарып, үлкен абырой-атаққа ие болып жүрміз. Көреген Елбасымыздың жүргізіп отырған сындарлы саясатының нәтижесінде халқымыздың тұрмыс-жағдайы жақсы, көңілдері көтеріңкі. Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына мына отырған өздеріңіздің де қосқан үлестеріңіз ұшан-теңіз! — деген Қатимолла Ризуанов бір топ ардагерді «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл» атты мерекелік медальмен марапаттады.
Олардың қатарында Айсұлу Көшекова, Әнес Бисенов, Мұрат Өтешов, Қилымғали Қайненов, Нұреден Исмағамбетов, Мергенғали Бейісқалиев бар. ҚР Президенті Жарлығымен осындай марапатқа ие болған ардагердің әрқайсысы өзінің жүрекжарды жылы лебізін білдіріп, әлі де туған Отанымыздың гүлденуі мен өркендеуі жолында аянбай еңбек ете беретіндеріне сендірді.
Лиза СЕЙТІМОВА.