ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІНЕ – СЕРГЕКТІКПЕН
Мәселен, Любовь Юрченко 2008 жылы пәтер кезегіне жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тізіміне тіркелген. Ұлын жалғыз тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана – «Ақбота» балалар үйінің түлегі. Кезек саны – 105. Қала әкімі оған жыл аяғына дейін пәтер кезегінің келетінін, болмаса келесі жылы баспанаға қолы жететінін жеткізді.
Сол секілді ІІ топ мүгедегі Сәни Нұрымова да пәтер кезегіне жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тізімінде 2012 жылдан бері тұр. Кезек саны – 575. «Жұмыссызбын. Жолдасым бар. Ол да мүгедек. Мені қинайтыны, інімнің әркімнің табалдырығында жүргені. Далада малшылардың малын бағып, күнін көріп жүр. Кезегім келгенше бауырым қайда барып паналайды, үй кезегіне қоятын құжаттары да қате», — деген тұрғынның уәжіне орай, қала басшысы Серік Кенғанұлы оның інісіне кезегі келгенше уақытша баспанамен көмектесетінін айтып, жауапты бөлім мамандарына С.Нұрымованың бауырының құжаттарын реттеп, пәтер кезегіне қоюды тапсырды.
Ал, «МаксиМед» медициналық орталығының директоры Максим Шабдаров емхана орналасқан жер учаскесінің аумағын кеңейтуді сұрайды. Аталмыш мәселе бойынша қала басшысы екі апта ішінде бұл мәселенің шешімін табуды тиісті мамандарға тапсырды.
Жұмыскер кенті тұрғыны Нұрбану Темірова осындағы К.Сүндеталиева, А.Оразбаева, Жастар, Амантурлин және 3 өткел көшелері бойынша тасжол төселмегенін жеткізіп, тұрғындардың жүріп-тұруына үлкен қиыншылығын келтіріп отырғанын, жедел жәрдем көлігінің де кіре алмайтынын айтты. Бұл мәселе бойынша қала әкімі Серік Айдарбеков «Ұсыныстар енгізілді. Қаражат бөлінсе, шешімін табуға жұмыстанамыз», — деп жауап берді.
Қабылдауға келген өзге де азаматтардың тілектерін тыңдаған қала әкімі Серік Айдарбеков тиісті жауаптарын беріп, кеңестерін де айтты.
Рита ӨТЕУҒАЛИ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.