ТҰРҒЫНДАР ТАЛАБЫНА – СЕРГЕКТІКПЕН

«Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы ғимаратында қоғамдық қабылдау өтті. Тұрғындарды шаһар басшысы Серік Айдарбеков қабылдады.

Қабылдауға келген Атырау қаласының тұрғыны Серікқали Сәрсенов жеке кәсіппен айналысуды мақсат етіпті. Тұрғын үйінің ауласынан пластикалық терезе, есік жасайтын шағын цех ашқысы келеді. Оны заңдастыру үшін «кәсіпкерліктің арнайы шарттарын орындауға қолдау болса» деген тілегін жеткізді.
Кәсіп ашып, оны отбасылық дәстүрге айналдыру Мемлекет басшысының алға қойған тапсырмаларының бірі екенін айтқан Серік Кенғанұлы «мұндай іске қашан да қолдау бар. Өтінішіңізді бір ай мерзімде шешуге ықпал етуді қала әкімі аппаратының өкілдеріне тапсырамын» деді.
Қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан, үйдегі табиғи газ пешінен өрт оқиғалары орын алып жатады. Осындай жайға тап болған Замарира Сүлейменованың екі ай бұрын баспанасы, оған қоса құжаттары да өртеніп кеткен. Осы себепті балалары қызметке орналаса алмай отыр. Азаматшаға құжаттарын қайта рәсімдеуге әкімдік тарапынан демеу көрсетілетін болды.
Мира Қожанасырова да жеке басындағы пәтері өртеніп, барар жері қалмағанын айтты. Өзі жұмыссыз, үй жалдаған уақытта жолдасының табысы пәтерақыға ғана жететінін айтып, «баспана алуға қолдау болса» дейді. Жағдайының қиындығын ескерген қала әкімі баспана салу үшін мердігер компаниялармен байланысып, қажетті құрылыс материалдарын демеушілер арқылы алуға қолұшын беретінін жеткізді.
Еркінбек Көбегенов Қайыршақты селолық округіне қарасты «Көктем» ықшам ауданындағы жер учаскесін белгілі себептермен уақытында игермегендіктен пайдалану уақытын ұзартуды сұрады.
Заңға сәйкес екі жылдың ішінде игерілмеген жер телімдері мемлекетке кері қайтарылады. Ал, мүлдем құрылыс жүргізілмеген Е.Көбегеновтің жер телімі мемлекетке кері алынатын болды. Сондай-ақ, қабылдауға мұндай сауалмен Бірлік селосының тұрғыны Гүлмира Мұқашева да келді. Екі баланы жалғыз өзі өсіріп отырған ол тұрақты жұмысы жоқтығынан жерді игере алмаған. Ал, Геолог селолық округі әкімінің шешімімен жер учаскесін пайдалану уақыты күшін жойған. Азаматшаның бұл мәселесі заң қызметкерлері арқылы қайта қарауға келісілді.
Қоғамдық қабылдауға келген көпшіліктің басым бөлігі пәтер сұрайтындар болды. Мұндай сауалдармен келген тұрғындарға пәтер заңға сәйкес тек кезекпен берілетіні айтылды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз