Жарнама
ЖаңалықтарСаясат

Тұрғындар тілегі – басты назарда

Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының басты міндеті – заң шығару. Дегенмен, депутаттар өздері сайланған өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің шешілуіне де атсалысады.

Тұрғындар тілегі – басты назарда

Әр облыстың, тіпті, әр аудан мен ауылдың өзіндік ерекшеліктері болады. Кейбір мәселелер сол жердің тұрғындары үшін маңызды болуы да мүмкін. Мұндай мәселелер тұрғындармен кездесу кезінде тікелей айтылады. Сол сияқты аудандық мәслихаттың хатшылары, аудан және облыс әкімдері мен бөлім, басқармалардан да өтініш хаттар келеді.

Өткен жылы күзде Жылыой ауданы тұрғындарымен кездесу кезінде Алматы қаласына жолаушылар пойызымен баруға байланысты туындаған қиындықтар туралы айтылды. Аудандық мәслихаттың хатшысы М.Кенғанов тұрғындардың өтінішін көрсетіп, маған жазбаша хат жолдады. Бұрын Жылыой ауданының тұрғындары Алматы қаласына «Маңғышлақ – Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызы арқылы қатынайтын. Бірақ, бұл пойыз Құлсары қаласына бармай, Бейнеу стансасы арқылы тіке жүретін болып өзгертілген. Бұл, әрине, Маңғыстау облысының тұрғындары үшін ыңғайлы, уақыт жағынан бірнеше сағат ұтады. Ал, Жылыой ауданы үшін бұл қолайсыз. Осыған байланысты жергілікті халық Атырау қаласына немесе Мақат пен Бейнеуге барып, пойызға отыруға мәжбүр болып келген.

Көтеріліп отырған мәселе аудан халқы үшін маңызды еді. Осыған байланысты  Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбекке ресми хат жолдап, мәселені шешуге араласуға тура келді. Өткен жылдың қараша, желтоқсан айларында аталған министрлік пен «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның өкілдерімен Парламент Сенатында екі мәрте кездесу өткізіліп, мәселені шешу жолдары талқыланды.

Нәтижесінде 2017 жылғы қаңтар айының 15-нен бастап «Құлсары – Алматы – Құлсары» бағытында бір купелі және бір плацкартты вагон  шығарылды. Ол вагондар «Маңғышлақ – Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызына Бейнеу бекетінде тіркеледі. Осы жылғы  республикалық бюджетті нақтылау кезінде бұл тіркемелі вагондардың шығындарын субсидиялау үшін 105,3 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді.

Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, болашақта тіркемелі вагондардың санын көбейту мүмкіндігін қарастыруға болады. «Құлсары – Алматы – Құлсары» бағытында қатынайтын бөлек пойыз шығару туралы да ұсыныстар түскен. «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ-мен арнайы пойыз шығару туралы мәселе талқыланды. Бұған теміржолшылар тарапынан түсіністік бар. Егер арнайы пойыз шығарылған жағдайда оны субсидиялау, яғни мемлекеттен қаржы бөлу қажет. Сондықтан, бұл мәселені болашақта облыстық, аудандық атқарушы және өкілді билікпен бірлесе жан-жақты қарастырған дұрыс.

Сәрсенбай  ЕҢСЕГЕНОВ,

Парламент Сенатының депутаты

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button