Жарнама
ЖаңалықтарМедицина

Тұмау – қатерлі дерт

Күнделікті көп мән бермегенімізбен, шындығында, тұмау – аса қауіпті аурулардың бірі. Ол біріншіден, жұқпалы. Екіншіден, өзге дертті қоздырып жібереді. Бұл туралы облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында өткен баспасөз мәслихатында кеңінен әңгіме болды.

ФОТО - ТҰМАУ

Біз негізі қай ауруға да жете назар аудармай, дер кезінде емделмейтін әдетіміз бар. Соған салынып, қызуымыз көтеріліп, басымыз ауырғанда да жеңіл қараймыз. Ал, тұмау мен жіті респираторлы вирустық жұқпалар (ЖРВЖ) – сайып келгенде, адам денсаулығына үлкен зиян тигізетін дерт. Өйткені, жүрек, өкпе, жүйке, қан тамыры ауруларын асқындырып жібереді. Вирус ағзада дерт басталғаннан кейін үш-бес тәулік сақталады. Ол – жасы мен жынысына қарамастан барлық адамды зақымдататын қауіпті вирусты жұқпалы ауру.

Оның басты қоздырғышы – вирус. Оны дәрігерлер тұрақсыз, яғни өзгермелі санайды. Расында да, құбылмалылығы жөнінен тұмауға тең келетін дерт жоқ. Ол әр екі-үш жылда қасиетін өзгертіп отырады. Ал, 10-12 жылда вирустың жаңа түрі пайда болып, алдыңғыларынан өзгешелігімен ерекшеленеді. Демек, онымен күресу тәсілін де жетілдіріп отыру керек.

Гүлжамал ТАУБАЕВА, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас эпидемиологы: Облыста ағымдағы эпидемиологиялық маусымда жіті респираторлы вирустық жұқпалардың 187 жағдайы тіркелген. Өткен жылғы осы маусыммен салыстырғанда, аурушылық деңгейі 2,8 есеге жоғарылаған. Яғни, өткен жылы бұл уақытта 66 жағдай есепке алынған. Ал, өткір тұмау дерті тіркелген жоқ. Бақылау деңгейінен артылған жоқ.

Жанаргүл ӨТЕПҚАЛИЕВА, облыстық денсаулық сақтау департаментінің эпидемиологиялық бөлімінің бас маманы: Тұмаудың алдын алудың негізгі тәсілі — екпе. Облыс тұрғындарының 10-15 пайызы тұмауға қарсы екпемен қамтылуы керек. Халықтың әлеуметтік қорғалуға тиіс топтарын тегін екпемен қамтамасыз ету шарасы қазан-қараша айларында жүзеге асырылады. Себебі, тұмау індеті желтоқсан мен наурыз айлары аралығында өрши түседі. Және екпе алғаннан кейін организмде иммунитет пайда болғанға дейін 14 күннен 1 айға дейін уақыт керек. Вакцинадан кейін иммунитет бірнеше ай бойы сақталады, алты ай өткен соң тиімділігі азая бастайды.

Бүгінгі таңда облыста 24 239 адам екпемен қамтылған. Оның ішінде жергілікті бюджет есебінен 20 685 адам, жұмыс беруші есебінен 3103 адам, ақылы түрде 451 адам екпе алды.

Әсия СИДЕШЕВА, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі: Бұрын жүкті әйелдерді, 1 жасқа дейінгі балаларды учаскелік емхана дәрігерлері мен медициналық қызметкерлер бірнеше күн бойына бақылауда ұстайтын. Асқынған түрі ғана жұқпалы аурулар ауруханасына жіберіліп жүрді. Қазіргі кезде жүкті аналар мен балаларға арналып жаңадан бұйрық шықты. Онда ауру белгілері байқалған бойда үй жағдайында ұстамай, бірден стационарға, ауруханаға жіберілуі керек делінген. Қазіргі таңда бірінші, екінші күні тіпті, түшкіріп, жөтелген бойда ауруханаға келіп қаралуда.

Былтырғымен салыстырғанда, биылғы маусымның қалай өтетінін білмеймін. Өткен жылғы эпидемиологиялық маусымда жіті респираторлы вирустық жұқпалардың қарқыны жоғары болды. Былтыр 756 жүкті әйел ауруханадан емделіп шықты. Асқынумен өлім жағдайы болмады. Дер кезінде көмек көрсетілді. Емхана жағдайында санитарлық бақылауда ұстау, тұмауға қарсы екпемен қамтуға салғырт қарауға болмайды.

Телефондағы хабарламаға сенбеңіз!

Қалалық емханалар қызметкерлерінің айтуынша, биылғы маусымда тұмауға қарсы берілген екпенің мөлшері таусыла келген. Дегенмен, Атырау қалалық №1, 2 емханаларға тіркелген жүкті әйелдер тарапынан екпе алуда кешеуілдік байқалады. Көпшілігі ватсап арқылы таратылған вакцинация зиянын сылтауратып, тегін екпеден бас тартқан көрінеді.

Мәжілісте облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас эпидемиологы Гүлжамал ТАУБАЕВА, телефондарда жүрген вакцинацияға қарсы ақпараттың жалған екенін ресми түрде жариялады. Айтуынша, өңірде екпе алғандар тарапынан ауру, асқынулар байқалмаған. «Ақпарат көзі анықталмаған жалған хабарламаларға сенуге болмайды», — деді ол.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button