Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«Сыйлық талантқа талант қоспайды…»

Atr.kz/7 маусым, 2019 жыл. Қадірлі оқырман, «Atyraý» қоғамдық-саяси газеті мен «Atyraý» телеарнасы бірлескен жобаның тұсауын кесіп отыр.

Осы орайда телеарнадағы «БІЗДІҢ  КЕЙІПКЕР» хабарының газеттік нұсқасын назарыңызға ұсынып отырмыз. Тың жобаның тиімділігі сол, оқырман мәртебелі мейманымызбен болған сұхбаттың газеттегі әрі бейненұсқасымен де танысуға мүмкіндік алады. Бұл жолы «Біздің кейіпкер» хабарының қонағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ болды. Жуырда ғана отандық қаламгерлердің ең жоғары марапаты –  ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болған ақынмен әңгімені  жүргізуші Асланбек САҒЫДАТҰЛЫ осы төңіректе өрбітті.

Snimok 2

– А т ы р а у ғ а , т у ғ а н топыр а ғ ы ң ы з ғ а қ о ш келдіңіз! Елге жасаған бұл жолғы сапарыңыздың сипаты қандай?

– Бұл жолғы сапардың сипаты өте маңызды. Өйткені, Махамбет бабамызды еске алу, рухына тағзым ету – кез келген ақын-жазушының, оның ішінде Атырау топырағында дүниеге келген біз секілді қаламгерлердің көкейде жүрген парызы. Сол парызды орындайын деп, бабамыз туралы өз ойымызды, санада жүрген көптеген сауалдарымызды ортаға салып, халықпен жүздесіп қайтуды жөн санап, Атырауыма келіп қалдым. – Мәртебелі марапат

– Мемлекеттік сыйлық алуыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Мемлекеттік сыйлық алғаннан кейінгі әсеріңіз қандай?

– Осыдан екі жыл бұрын «Қағба қарлығаштары» атты кітабыммен  Мемлекеттік сыйлыққа үміткер болып, ала алмадым. Сол кездегі бір сұхбаттарда: «осыдан кейін тауыңыз қайтып қалмады ма» дегендей сұрақтар қойды. Бірақ, жарыстың аты – жарыс. Адам баласы жарысқа озам деп түседі ғой. Әр түрлі жағдайлар болады, біреу озса, біреу қалады. Жарыстың бағы болады, бабы болады. Ол жолы реті келмегенмен, «Шуақты шақ» өлеңдер жинағымның жұлдызы оңынан туып, Мемлекеттік сыйлықты алдым. Мемлекеттік сыйлық не береді? Ол талантқа талант қоспайды, шығармашылыққа шығармашылық қоспайды. Ол саған рухани күш береді. Өзіңнің қоғам алдындағы, оқырман алдындағы, өтіп жатқан уақыт алдындағы жауапкершілігіңді еселейді. Міне, осы тұрғыдан келгенде, Мемлекеттік сыйлықтың мәртебесі адамды жаңа парасатты биіктерге шақырады. Сондықтан, Мемлекеттік сыйлықты үлкен мәртебе, не атақ пен мақтан деп емес, 50 жылға жуық шығармашылық ғұмырымда жеткен табысым ғой деп ойлаймын. Осы сыйлықты алу барысында менің көптеген жолдастарым, құрдастарым, қатарларым үміткер болды. Олардың барлығының да шығармалары үздік болатын. Ал, қазылар алқасы елеп-екшеп қарап, «осы лайықты» деген шығармаға береді. Міне, осы тұрғыдан келгенде ол мемлекет алдындағы, қоғам алдындағы, әдебиет алдындағы сіңірген аздыкөпті еңбегіме берілген баға ғой деп ойлаймын. Оған қоса, осы кезді – шығармашылық ғұмырнамамда ең бір сәтті кезең деп есептеймін.

– Мемлекеттік сыйлық абыройы аспандаған атақ болғанымен, қаламгердің қарым-қабілетінің сипаты бола алмайтыны белгілі дүние ғой.

– Әрине солай. Мысалы, Абайдың айтатыны бар: «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?». Әрбір ақын-жазушы әдебиетке келгеннен кейін, белгілі бір биікке шығуды, өз еңбегінің жемісін көруді армандайды. Сондықтан, Мемлекеттік сыйлық – әр қаламгердің өмір бойғы арманы. Сол арқылы өседі, өркендейді, халқына танылады және әдебиеттегі өзіне тиісті орынды алады.

– Сіз осы сыйлықты алғаннан кейін түрлі пікірлер айтылып жүрді. М а қ т а ғ а н д а р ы д а , даттағандары да табылды. Оларға жауабыңыз қандай болды?

– Иә, мен ол пікірлердің барлығын көрдім, оқыдым. Менің шығармамды оқу арқылы, танысу арқылы айтылған әр сыни пікірді қабылдаймын. Ал, енді «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп, бірінен-бірі естіп алып айтып жатқан адамдардың пікірлерін салмақты, салиқали сөз деп есептемеймін, әрі оларға назар аудармаймын. Өйткені, жаңағы пікір жазғандардың өздері кітапты оқымақ түгілі, бетін ашып көрмеген. Біреудің сыртынан тон пішіп, әңгіме айту халқымыздың келеңсіз дәстүрінде бар нәрсе ғой. Сондықтан, олардың сөздеріне бола, тонымды отқа жағар жағдайым жоқ. Шығармашылығыммен әрі қарай айналысып, өз тіршілігімді кешіп жатырмын.

– Мемлекеттік қызмет пен шығармашылықты қатар алып жүру – сіздің басты ерекшелігіңіз десе, келісесіз бе? Өйткені, біз мұндай шығармашылық иелерін сирек кездестіреміз.

– М е м л е к е т т і к қызметте 25 жыл болдым. Соның ішінде, Президент Әкімшілігінде 22 жыл қызмет атқардым. Бұл – өте маңызды, жауапкершілігі мол қызмет. Себебі, мен осы жылдарда онға жуық Мемлекеттік хатшының ішкі саясат мәселелері жөніндегі кеңесшісі болдым. Сол кісілерге білімім мен ақыл-ойым жеткенше, еліміздің руханият, мәдениет, әдебиет, өнер мен ғылым салалары жөніндегі өз ойларымды жеткізе отырып, солардың ойдағыдай атқарылуына, тиісті адамдардың осы атақты алуына, көрінуіне, танылуына біраз еңбек сіңірдім. «Мәдениет саласының қайраткері» деген атағым осы еңбегім үшін берілді деп ойлаймын.

– Әуелден, Мемлекеттік с ы й л ы қ а л у б а с т ы мақсатыңыз болды ма?

– Олай деп ойламаймын. Осыдан 50 жыл бұрын аудандық газетке өлеңдерім шыққан кезде енді облыстық газетке шықсам екен деп армандаушы едім. Арманым орындалғаннан кейін, республикалық басылым беттерінде өлеңдерім жарияланса екен деп те ойладым. Одан соң, еліміздің қабырғалы басылымдары – «Лениншіл жас», «Егемен Қазақстан», «Дала дидары» газеттерінде қызмет атқарып жүріп, өлеңнен гөрі, публицистика арқылы халқыма қызмет қылуды басты парызым деп есептедім. Ал, ол кезде Мемлекеттік сыйлықты алам деген жанкешті әрекеттерім болған жоқ. Бірақ, уақыт өте келе осы сыйлық менің де қанжығама байланар деген ой ми қатпарында қылаң ете қалып жүрді.

– Мемлекеттік сыйлықты а л д ы ң ы з . А с қ а қ арманыңыз орындалды. Осыдан кейінгі жан қалауы қандай?

– Ж а ң а а й т ы п өткенімдей, мемлекеттік қызметте жүргендіктен, көп дүние жазылмай қалды. Алдағы күндерде сол ойларымды ой алаңында жамыратып, оларды бірнеше томдық еңбек етіп, оқырманға ұсынсам деген ойым бар. Сонымен қатар, біздің руханиятқа, мәдениетке, ғылымға еңбек сіңірген аса көрнекті тұлғалар жөнінде 30 шақты мақала жаздым. Осыны жалғастырып, бүгінгі ұрпаққа кешегі өткендердің өмір жолын тағылым ретінде жеткізгім келеді.

– Сіздің көзқарасыңызбен қазіргі қазақ әдебиетінің жай-күйі қандай?

– Бұл – өте а у қ ы м ы к е ң мәселе, әрине. Ақын ретінде, қазіргі қазақ әдебиеті, соның ішінде қазақ поэзиясы өріс жайып өркендеген поэзия деп айта аламын. Прозаиктер өкпелеп қалмасын, қазақ поэзиясы уақытпен үндесіп, алға қарай қарыштап қадам басып, биікке көтеріліп келеді. Әсіресе, мені жастардың қарқыны қуантады. Құдайға шүкір деп айту керек, қазақ әдебиеті – қабырғалы әдебиет.

– «Ауыл қайда, су қайда, қайда бәрі? Басым менің сұрақтан айналады. Ақкиіздің аспанын бұлт басыпты, Кім бар дейсің іздейтін қай баланы? Алысқа кеткен едім арман қуып, Балапан қаз талпынып, алдандырып. Ауылыма ат ізін салмай кеттім, Дос түгілі, дұшпанды таң қалдырып». Таныс па бұл өлең?

– Иә, таныс. Жалпы, адам баласы кіндігі кесілген жерге мәңгі байлаулы. Ол алыста жүрсін  мейлі, жақында жүрсін мейлі, туған жерімен тікелей байланыста. Мысалы, соңғы кездерде қызмет бабына, атқарған жұмысыма қатысты келе алмағаным рас. Бұл – сондай кезде жазылған өлең. Туған жерім – Жылыой топырағы, Ақкиізтоғай атырабы, Ақмешіт аймағы туралы жүзге жуық өлеңім бар. Ауылға аяқ басып келмегенмен, өлеңім арқылы үнемі соғып кетіп тұрамын. Жай соғып кетпеймін, ауылыммен амандасып, ауылыммен көрісіп, кейін қайтып отырамын. Мен өзімді Астанада жүрсем де, туған ауылымның ортасында топырағына аунап жүрмін деп есептеймін.

– Қ ұ р а н д ы қ а з а қ ы поэзия тілімен сөйлеткіңіз келіп, кейін қиындығын сезінгеннен кейін уақытша тоқтаттым, — депсіз бір сұхбатыңызда. Қазір ше?

– Құран – өте құдіретті һәм қасиетті кітап. Мен оны толықтай аудару мақсатында емес, сүрелерін ғана, әсіресе, адами құндылық, иманы беріктік, пендеге беретін жақсы жақтарын қазақы өлең тілімен қағазға түсіргім келді. Жаздым біразын. Бірақ, оны жазу үшін үлкен діни білім керек екені белгілі ғой. Әркім көрпесіне қарай көсіледі емес пе? Әлі де білімімді толықтырып, көкжиегімді кеңейтейін деген мақсатта әзірге тоқтатып қойып отырмын.

– Екі рет қажылыққа барып келдіңіз. Құран сүрелерін қазақы поэзия тіліне аудару туралы ой қажылық сапарға дейін болды ма? Әлде кейін келді ме?

– Менің әкем – 50 жасынан бастап намазға жығылған кісі. Жылыой жерінде 19 колхоз болды кезінде. Әкем Чапаев колхозында төраға болған. Елу жасқа кеп қызметін тапсырғаннан кейін, намазға тұрды. Сол кезде дін, имани құн д ы л ы қ , а д а м и п а й ы м туралы жұқалап қана айтып отыратын. Ол уақыттарда ашық, толық айтуға мүмкіндік болмады, әрине. Әкеміздің айтқан әңгімесін құлағымызға құйып, жадымызға сіңіріп өстік. Мүмкін, сол кездегі естіген есті сөз етек-жеңімізді жинағаннан кейін ойымызға оралып, осы жолға салған шығар. Лев Толстойдың өзі де: «Саналы адамның соңғы табан тірер жері – Ислам» демеп пе еді?!

– Атакүлдіктегі ағайынға ақ тілегіңіз?

– Атырау – атамекен, атакүлдік. А д а м қ а н ш а жасқа келсе де, қалай есейсе де, қанша атақ алса да, қандай дәрежеге жетсе де туған елінің, туған жұртының алдында аласа. Жырақта жүр деп жатсынбайтын, өз балам ғой деп өбектеп тұратын Атырау халқына басымды иіп, әр отбасыға береке-бірлік, еңбектеріңе жеміс, бастарыңа амандық, дендеріңе саулық тілеймін!

Related Articles

2 Comments

  1. Жарайсыз аға. Қаламыңыз мұқалмасын.

  2. Жақсы сұқбат екен. Тәлімі мол кісі екен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button