Сырғасы немесе тиісті құжаттары жоқ малдарды құрбан шалуға болады ма? (ФОТО)
Бүгін Атыраудағы «Тума» мал базарында таңертеңнен бері қой саудасы қызып тұрғандығын, сатуға шығарылған малдарды қалалық ветеринария мамандары тексергенде көбісінің тиісті құжаттары мен сырғасы жоқтығын жазған болатынбыз. «Сырғаланбаған немесе тиісті құжаттары болмаған малдарды құрбан шалуға болады ма?» деген сұрақты біз «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұровқа қойған болатынбыз.
– Біз зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Мемлекетіміздің бекіткен, белгілеген заңдары бар. Сол заңдарға бағынуға тиіспіз. Мал базарындағы тиісті құжаттары мен сырғасы жоқ малдар құрбан шалуға жарағанымен, заң тұрғысынан келгенде дұрыс емес болса, біз оған қарсы ешқандай дау айта алмаймыз. Заң қоғамдағы тыныштық пен тәртіпті сақтау үшін қажет. Ветеринария саласының мамандары заңда белгіленген нормаға сәйкес өз қызметтерін атқаруда. Олар шектен шығып жатқан жоқ. Бар болғаны – өз міндеттерін орындап жатыр, – деді Батыржан Мансұров.
Айта кетейік, бұған дейін мал сою цехтарында көптеген малдар тиісті сала мамандары тексеріп, олардың рұқсатын алмай-ақ сатылып кеткендігін айтқан болатынбыз.
– Таңертеңгі 08:10-да келіп тоқты сатып алдым. Осындағы цехта сойдырып, етін мешітке апарып өткізбек болғанмын. Тоқтыны алып, осында біраз айналып қалдым. Мал сою цехындағы кезекті көп күтуге тура келді. Кезегім енді жетті-ау дегенде қалалық ветеринария бөлімінің мамандары келіп, бұл қойды сатқан кәсіпкердің тиісті құжаттары жоқтығын, тіпті, мен сатып алған тоқтының сырғасы жоқ екендігін айтты. Енді не істерімді білмей тұрмын. Қой сатқан адамға қайта барсам, ол қайтып алмай отыр. Енді бұл тоқтыны құрбан шалуға болады ма, жоқ па соны анықтай алмай әлекпін, – деп ашынған да болатын өзін Мақсат деп таныстырған жігіт бізбен әңгімесінде.
Нұрсұлтан ЕРТУҒАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.