Жарнама
Әлеумет

Суы менен жолы жоқ… Ауыл қайтіп күн көрер?!

Шекаралық аймақтардағы халықты тұрақтандыру – мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі. Ендеше Азғыр өңірінің мәселелері күн тәртібінен түспеуі қажет. «Жол азабын жүрген білер» дегендей, сол мәселелердің ең басында жол тұрғаны бәрімізге белгілі.

Қатынас қиындап кетті
Ауылдықтар 300 шақырым қашықта орналасқан аудан орталығының өзіне қатынау қиын екенін айтады. Жолақысы да арзан емес. 7 мың теңге төлеп Құрманғазы ауылына жетсе, облыс орталығына бару үшін 12 мың теңгені сытырлатып санап беруге мәжбүр. Ал аяқ асты бойын ауру дендегендерді уақытында ауруханаға жеткізу тіптен қиын.
– Жолдың жағдайы өте нашарлап кетті. Қатынас қиын. Қаншама адам жолда көліктері бұзылып қалып жатыр. Жолдың жоқтығынан әсіресе жастар жағы ауылдан көшіп кетуде, — дейді ауыл тұрғыны Мақсот Жоламанов ішіндегі қынжылысын жасыра алмай.
Тасымал қиын болғаннан кейін азық-түлік бағасы да күрт өскен.
Өткен жылы жергілікті билік өкілдері жалпы ұзындығы 282 шақырым болатын жолды салу үшін құжаттарға түзету енгізіп жатқандарын айтқан еді. Құрылыс жұмыстарын үш кезеңмен жүргізіп, 2027 жылға қарай қолданысқа беруді көздейтіндерін жеткізген. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 2019 жылы 0-36 шақырым учаскесіне орташа жөндеу жұмыстары жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталған. 2021 жылы Атырау жолдары құрылымымен келісімшарт жасақталып, бүгінде он шақырым жолға жол негізі жасалған. Қазір «7 разъезд–Асан–Азғыр–Сүйіндік–Балқұдық» облыстық маңызы бар автомобиль жолының 36-180 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттама жасақталуда екен. Сондай-ақ басқарма жыл соңына дейін сараптаманың оң қорытындысын алу, мердігер мекеме анықтап және жол құрылысы жұмыстарын бастау жоспарланғанын алға тартады.
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында өткен брифингте облыс әкімі Серік Шәпкенов жол бойындағы топырақ құмды жер асфальт төсеуге қолайсыз болғандықтан мәселені шешу уақытты талап ететінін айтқан еді. Тиісті мамандар да осындай пікірде. Соған қарағанда шалғайда жатқан Азғыр ауылының тұрғындары үшін жол мәселесі әзірге шешілмейтін сыңайлы. Ал халық бұл жолдың тек сызбада емес, өмірде салынатын күнін тағатсыздана күтіп отыр.

Ауыз су әлі арман ба?
Ауыл тіршілігі үшін ең басты қажеттілік – таза ауыз су. Бұл – адамзат баласының өмір сүруі үшін ауадай қажет табиғи ресурс. Алайда Азғыр өңірінде дәл осы қарапайым, табиғи қажеттілік шешілмей келе жатқан күрделі проблемаға айналды. Мұндағы жұрт бүгінгідей цифрлық дәуірде тасымалдап су ішіп отыр.
Азғыр, Сүйіндік, Асан сияқты елді мекендердегі халыққа су құбыр арқылы жеткізілуі керек болатын. Бұл мақсатта қыруар қаражат бөлініп, бірнеше кезеңмен ірі жобалар жүзеге асырылды. Әуелде үлкен үмітпен басталған тіршілік нәріне қатысты бастама ақыр соңында жұрттың жүйкесін жүндей түткен шешілмеген түйінге ұласты.
Жалпы Азғыр өңіріндегі жеті елді мекенді ауыз сумен қамту үшін «Қоянды» топтық ұңғымасынан магистральды су құбыры тартылған. Бұл жобаның бірінші кезеңі 1995 жылы басталып, Сүйіндік ауылына дейін су құбырын жеткізуге 459 млн. теңге жұмсалды. Тапсырыс беруші – Су ресурстары комитеті, ал жұмысты атқарған – «ЖайықСтройГаз» ЖШС. 2016 жылы үшінші кезеңнің екінші сатысы басталып, 411,9 млн. теңге қаражат бөлінді. Бұл жолы «РегионТранском» ЖШС аталған жеті ауылға су құбырын жеткізу жұмысын атқарды. Қосымша жергілікті бюджеттен 156 млн. теңге қаралып, «Бек И КО» ЖШС ауылішілік су желісін әр үйге дейін жеткізіп берді. 2019-2020 жылдары Сүйіндіктен Асан мен Үштағанға дейін магистральды су құбыры тартылып, 795 млн. теңге бөлінді. Қосымша тағы 351 млн. теңгеге көшеішілік су желісі мен су тазарту имараты орнатылды.
Осыны есепке алсақ, миллиардқа жуық қаражат қарастырылған. Бірақ мәселенің шешілгенінен гөрі, тереңдей түскені байқалады. Ауыл тұрғындары әлі күнге дейін құдықтан, болмаса, «водовозбен» тасылған суды тұтынуға мәжбүр. Ал көше ішіне дейін жеткен құбыр, әр үйге дейін тартылған желі – пайдасыз.
Қоңыртерек ауылының тұрғындары жаңа су тазарту қондырғысының пайдаланылмай, бос тұрғанын айтады. Магистральды су құбыры әу баста дұрыс сынақтан өтпеген, пластик құбырлар тым жіңішке болғандықтан су қысымына төтеп бере алмай, жарылып қалған көрінеді. Соның нәтижесінде құбырдың өзі де, су тазарту құрылғысы да кәдеге аспай қалған. Қыруар қаржы жұмсалған нысандар іске жарамай, иесіз мүлікке айналған.
– Әр ауылда су тазарту станциясы салынды, бірақ көшелермен су жүрмейді. Біз баяғыдай құдықтан немесе таситын көліктен су алып отырмыз. Үйге дейін құбыр тартылып тұрса да, одан бір тамшы су тамбайды. Осының бәріне қанша қаржы кетті? Қазір сол қаражаттың нәтижесі жоқ. Мердігерлер жұмысты шала-шарпы істеп, ізім-қайым жоғалып кетті. Ал оның зардабын халық тартып отыр,-дейді азғырлықтар ашынған күйде.
Ең сорақысы – кейде су таситын көлік болмай қалса, ауыл түгелдей сусыз қалады. Күннің аптап ыстығында, шілденің шіліңгірінде ауыз суға қол жеткізудің өзі – мұң. Ал су – өмірдің өзегі емес пе?

Құм басу қаупі бар
Атырау облысында тұрғындардың жайлы тұрмысына кедергі келтіретін мәселенің бірі – елді мекендерді құм басу қаупінің ұлғаюы. Құм көшкіні мәселесі Үштаған ауылында да ерекше өзекті.
Шекара шебіндегі бұл ауыл биыл іргесінің қаланғанына 110 жыл толуын атап өтті. Алайда ғасырлық тарихы бар елді мекеннің бүгінгі тіршілігі құмның құрсауында қалып бара жатқандай. Ауыл маңындағы құм көшкіні жылдан жылға өршіп, тіпті кейбір үйлердің іргесіне дейін жетіп, тау болып үйіліп жатыр. Құм жылжыған сайын тұрғындардың үрейі де күшейіп келеді. Әсіресе ауыл шетіндегі Ережеповтер отбасы үшін бұл – күнде алдарынан шығатын апатты қауіпке айналды.
140-тан астам түтін иесі отырған шағын ауылдың негізгі күнкөрісі – төрт түлік. Бірақ соңғы жылдары малдың өрісін де, адамның тынысын да тарылта бастаған құм басу қаупі жайлы нақты шешім қабылданбай, тек кешенді жобалар мен уақытша шаралармен шектелуде.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының дерегінше, 2019 жылдан бері құм тоқтату жұмыстары облыс көлемінде жүргізіліп келеді. Мәселен, 2019-2025 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, Жылыой, Қызылқоға, Исатай және Құрманғазы аудандарының елді мекендерінде 76,5 гектар аумақта құм көшкінінің алдын алу мақсатында жасыл белдеу отырғызу қолға алынған. Алайда сол жоба аясында егілген сексеуіл көшеттерінің шығымдылығы – бар болғаны 40 пайыз. Мұндай нәтижемен құмды тоқтату мүмкін бе?
Үштаған маңындағы құмның ұзындығы шамамен 5, ені – 2 шақырым. Бұл – көзбен көрген адамға ғана түсінікті өлшем. Құмның жылжуы баяу болғанымен, оның әрекеті тоқтаусыз. 2021 жылы ауылдың маңындағы 33,8 гектар жерге құм тоқтату жұмысы жүргізілуі мүмкін деген жоспар айтылғанымен, нақты нәтиже толық сезіле қойған жоқ. 2022-2023 жылдары осы маңдағы 10 гектарға ғана сексеуіл егілді.
«Егер егілген ағаш көшеттерін күтіп-баптау, суару, қорғау жұмыстары жүргізілмесе, еңбектің бәрі бекер болады» дейді ауыл ақсақалдары. Тұрғындар табиғатпен күреске бей-жай қарамауды сұрайды. Жобаларға бөлінген қаржының мақсатты игерілуі, отырғызылған сексеуілдердің тағдыры оған жауапкершілікпен қарауды, құм тоқтату жұмыстарын жүйелі әрі тиімді жүргізуді талап етеді.

Шалғай ауылға салғырт қарамайық
Мемлекет шекараны сым темірмен немесе шекара бағанымен ғана емес, сол өңірде өмір сүріп жатқан халықтың тұрақтылығы арқылы бекемдейді. Ал халықты ұстап тұратын – өмірлік маңызы зор қажеттіліктер. Азғыр – жай ғана шекаралық өңір емес, бұл – ғасырлар бойы ата-бабаның ізі қалған қасиетті қоныс.
Бұл жердің ет пен сүт өнімдерінің сапасы жоғары екенін жергілікті халық та, сала мамандары да біледі. Бірақ, өкінішке қарай, өнімдерді молынан экспортқа шығаруға жол ашар инфрақұрылым мен қолайлы жағдайдың жоқтығы шаруаның ширақ қимылына тұсау болып тұр. Азғырлықтарда туған жерінен үдере көшу ниеті жоқ, тек болашақтан үміті бар. Шындығында, өркениеттен жырақ, қоңыр тіршілігімен күн кешіп жатқан ауыл тұрғындарының төзімі – ерлікпен пара-пар. Бұл – тұрмыстың қамы ғана емес, бұл – елдің тұтастығы үшін жасалып жатқан үнсіз күресі. Сондықтан шалғай ауылға салғырт қарау тұтастай елдігімізге сын болмақ…

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button