Сушидан уланған жылыойлықтар түгелдей жазылып шықты
« Сушидан уланып, Жылыой аудандық орталық ауруханасында ем қабылдап жатқан науқастардың жағдайы жақсарып, үйлеріне жіберілді», – деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Жылыой аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары Клара Тағамбаеваның айтуынша, аурухананың қабылдау бөліміне 28 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығында тамақтан улану шағымымен 43 науқас түскен болатын. Қазіргі уақытта барлығының жағдайы жақсарып үйлеріне шығарылды.
Еске сала кетейік, 28 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығында аудандық ауруханаға түскен тұрғындардың айтуынша, Құлсары қаласындағы «Три самурая» кафесінен суши жеткізу қызметіне жүгінген.
Науқастардың бәрінде жүрек айну, құсу, іш өту симптомдары байқалған. Жағдайлары «орташа ауыр» деңгейде бағаланған болатын.