Сұлулық салондарынан сақ болыңыз!
ЖИТС-ті (Жүре пайда болған Иммун Тапшылығының Синдромы) сұлулық салондарында жұқтыруыңыз әбден мүмкін. Өйткені, соңғы кездері аталған дертті адамдардың тырнақ, шаш, қас жасату кезінде де жұқтырғаны белгілі болған. Сондықтан мамандар тұрғындарға мұндай орталықтарға бармас бұрын алдымен ол жердегі тазалыққа, құрылғылардың залалсыздандырылғанына көз жеткізуі керектігін ескертеді. Бұл туралы №7 Атырау қалалық емханасында «Бүкіләлемдік ЖИТС-пен күрестің» онкүндігіне байланысты өткен «ашық есік» күнінде айтылды.
Емханаға онкүндік аясындағы шараға келген адамдардың, əсіресе жастардың қарасы көп болды. «Сақтанған сақ жүреді» демекші, олар аталған дертті анықтауға арналған экспресс тест тапсырды. – 20 қарашадан 1 желтоқсанға дейінгі аралықта «Көшбасшылық – қауымдастықтарға» атты ұранмен АИТВ (ВИЧ) инфекциясына қарсы іс-шаралардың онкүндігі өтуде.
Бүгінгі «Ашық есік» күні емханамызға тіркелген тұрғындар үшін ғана емес, бүкіл атыраулықтарға қолжетімді. Кез-келген адам өзінде бұл инфекцияның бар-жоғын анықтау мақсатында экспресс тест тапсыра алады. Олардың өтінішіне байланысты, талдаманы анонимді түрде де жүргізудеміз. Экспресс тесттің нəтижесін аты айтып тұрғандай, 15-20 минут аралығында алуға болады. Емхана дəрігерлері АИТВ-ға шалдыққан науқастардың уақытылы тексеруден өтуін, емделуін қадағалауға алып, үнемі байланыс орнатып келеді, — деді №7 Атырау қалалық емханасы жанындағы жанұя денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі Эльмира Мерешова.
Мамандар сырқат белгілері əлсіздік, қызу, диарея болатындықтан көп жағдайда ғасыр дертін көпшілік жедел респираторлы вирустық инфекциялармен шатастырып жататынын айтады. Сондықтан ол аурудың мұндай белгілері ұзаққа созылған жағдайда дереу «дабыл» қағып, дəрігерге қаралу керектігін қаперге береді.
– ЖИТС негізінен жыныстық қатынас арқылы, сондай-ақ жүкті анадан сəбиге, емізулі балаға беріледі. Қазір көп жағдайда татуировка, қас, шаш, тырнақ жасату кезінде тиісті санитарлық талаптар сақталмағандықтан сұлулық салондары жұқтыру көзіне айналып отыр, — деді ол. Тұрғындар АИТВ инфекциясын анықтауға арналған талдаманы онкүндік аясынан тыс уақытта да ақысыз тапсыра алады.
М.МƏЛІКҚЫЗЫ