
Жаңалықтар
Сүйіндікте жаңа спорт кешені салынып жатыр
Құрманғазы ауданы Сүйіндік ауылында жастар игілігіне жаңа спорт кешені пайдалануға берілмек,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жобаның тапсырыс берушісі – Құрманғазы ауданының құрылыс бөлімі. Ал тиісті жұмыстарды «Номад Құрылыс компаниясы» ЖШС жүзеге асыруда. Техникалық қадағалаушы ретінде «Тұран Құрылыс» ЖШС белгіленсе, авторлық қадағалаушы «Су Құрылыс Проект» ЖШС болып бекітілген.
Қазір спорт кешенінде құрылыс-монтаж және ішкі жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жоба аясында волейбол, кіші футбол және воркаут алаңы мен жаттығу залдары, тренерлік кабинеттер қарастырылған.
Сала мамандарының айтуынша, бұл кешен ауыл жастарының спортпен шұғылдануына, бос уақытын тиімді өткізуіне және бұқаралық спортты дамытуға зор ықпал етпек.