Жарнама
Жаңалықтар

Суға түсу маусымы кейінге шегерілді

Биыл Жайыққа судың мол келуіне байланысты шомылу маусымы белгісіз мерзімге кейінге шегеріліп отыр. Бұл туралы Атырау облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы майор Бақыт Абланов су айдындарындағы қауіпсіздік туралы брифинг барысында мәлім етті.

Облыста суға түсуге тыйым салынған 70 қауіпті аумақ бар. Оның 17-сі Атырауда, 10-ы Индерде, 19-ы Махамбетте, екеуі Құрманғазыда, жетеуі Жылыойда, 15-і Қызылқоғада. Бұл орындарда 238 тыйым салынған белгі мен 9 ақпараттық стенд орнатылды.

Б.Аблановтың айтуынша, Төтенше жағдайлар министрлігінің тапсырмасы бойынша Атырау облысындағы су айдындарында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында шомылу маусымына дайындық шаралары алдын ала ұйымдастырылды. Биыл 20 мамырда облыс әкімі 2024 жылғы суға шомылу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын өткізу жоспарын бекітті.

– Біз тұрғындардан шектеу шараларына түсіністікпен қарауды сұраймыз. Ол азаматтардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалып отыр. Аймақта су терең болуына байланысты қауіп жоғары. Жыл басынан бері өңірде 6 адам суға кетіп, қаза болса, оның біреуі кәмелетке толмаған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, судағы жазатайым оқиғалардың 95 пайызы мас күйінде шомылу, өз күшін асыра бағалау, балалар арасындағы еркелік салдарынан болады. Қалған жағдайлар денсаулықтың күрт нашарлауынан және құрысудан болады,- деді Б.Абланов.

Оның айтуынша, өңірде суға түсуге рұқсат етілген 46 орын белгіленсе, оның 5-і Атырау қаласында, 11-і Құрманғазы ауданында, 1-і Жылыойда, 19-ы Қызылқоғады, 9-ы Махамбетте, 1-і Индерде. Ал белгіленбеген жерге суға түсіп, заңды бұзғандар жауапкершілікке тартылады. Биылғы 1 маусымынан бастап 193 рейд жүргізіліп, 67 тұлға жауапкершілікке тартылды.

Анықтама үшін: Атырауда 1 станция, 9 адам, 4 қайық; Құрманғазы ауданында 1 станция, 9 адам, 4 қайық; Махамбетте 1 станция, 9 адам, 4 қайық; Индерде 1 станция, 9 адам, 4 қайық бар.


Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button