Жарнама
ЖаңалықтарҚұқық

«Адал  еңбек  етіп, адал  табыс  тапқан  адам  жетістікке  жетеді»

Заң саласында 40 жыл еңбек өтілі болса,  соның 20 жылын судья лауазымында абыроймен атқарып жүрген сұхбаттасушымыз бізбен әңгімесінде осылай деді.
Сағат Қаламғалиұлының ат жалын тартып мінген жасынан бүгінгі еңсесі биік өр тұлғалы ғұмыры туралы әңгімесін тыңдап отырып, ғибратқа толы парасат пен ізгілікке кенелгендей болдық. Бүгінгі күні алдияр жас – алпыстың төріне шыққан «Үш би» төсбелгісінің иегері Сағат ХАСАН кемелді ісімен көпшілік құрметіне бөленген, адалдық пен әділеттіліктің үлгісі болған тұлға. Сот төрелігін әділ атқарып, халық сеніміне селкеу түсірмеуді өмірлік мақсатына айналдырған осындай үлгілі судьялардың арқасында жүйе жұмысы алға қадам басатыны белгілі. Атырау облыстық сотының судьясы Сағат Қаламғалиұлы сұхбат барысында кеңінен әңгімелеп берді.

– Сағат  Қаламғалиұлы,  қазір  елімізде  ашық  және  әділетті  қоғам  құру  басты  назарда тұр. Осы  тұста  ел  тұрғындары  үшін  сот  саласының  маңызы  қандай?

– Қазақстан  Республикасының  Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев  «Біз  айтып жүрген  Әділетті  Қазақстанды  адал  азаматтар құрады. Отаныңа, отбасына  адалдық – парасаттылық  пен  адамгершіліктің  белгісі. Адал  еңбек  етіп, адал  табыс  тапқан  адам  жетістікке  жетеді, құрметке  ие  болады. Әр  салада  адалдық  басты  орында  тұрса, әділ  қоғам  орнайды. Жемқорлыққа  жол  берілмейді, ел  мүддесіне  сай  шешім қабылданады. Жалпы  әділетті  Қазақстанды құру  министрлер  мен  әкімдердің  ғана міндеті  емес. Оған  бүкіл  қоғам болып жұмылуымыз  қажет»  деді.

Әділетті   Қазақстан және  адал  азамат ұғымдары  ел  тірегі  болатын егіз құндылық  ретінде  әрдайым қатар  тұруға  тиіс. Тәуелсіз  елімізде  мемлекеттік  биліктің  үш  тұғыры  болса, соның  бірі – сот  билігі.

Сот саласында  соңғы  жылдары   көптеген  жаңашылдықтар  жүзеге  асты. Соның  бірі  еліміздің  барлық  өңірлерінде  әкімшілік  соттар  құрылды. Қазақстан  Республикасының  әкімшілік  рәсімдік-процестік  кодексі  күшіне  енді. Басқа  пост-кеңестік  елдерде  бұл  соттар  әлдеқашан  құрылып, жұмыс  істейді. 

Жалпы  сотта  дауласқан  екі  тараптың  бірі  жеңіліс  табатыны  анық. Өйткені  шындық  екеу  болмайды.  

Мемлекеттік  және  әкімшілік  органдарға, лауазым иелеріне  заң  бойынша  белгіленген, өзіне  тиесілі  жеңілдіктерді, заңда  белгіленген  игіліктерді алу  үшін  жүгінген, алайда оған  қол  жеткізе  алмаған   адамдардың қатары  көбейген  жағдайда  ел  тәуелсіздігіне  де  қауіп  төнуі  мүмкін. Өйткені  мұндай  жағдайда  мемлекеттік  органға, лауазым иесіне қойған  сұрағына жауап  таба  алмаған  адам сол  мемлекеттік  органның  басшысын, лауазым иесін  кінәламайды, тұтас  мемлекетті  кінәлайды. Бұл дұрыс  емес. Өйткені заңсыздық  мемлекеттік  қызметті  атқаруға  сенім білдірген  мемлекеттік  қызметшінің  немесе  лауазым иесінің  қызметін  дұрыс  атқармағаннан  болып  отыр.

Сөйтіп, бір мемлекеттік  қызметшінің  біліп  немесе  білмей  істеген  іс-әрекетінен  тұтастай  мемлекет  зардап  шегеді.

Мемлекеттік  және  әкімшілік  органдардан, лауазым иелерінен  заңды  құқығын  қорғай  алмаған  адамдар  әкімшілік  сотқа  жүгінуге  мәжбүр  болады. Міне, мамандандырылған  ауданаралық  әкімшілік  сот  жауапкерлері  мемлекеттік  орган, әкімшілік  орган  немесе  лауазым иесі  болып  табылатын  әкімшілік  істерді  қарайды.

Атырау облыстық  сотында  жаңадан  құрылған  әкімшілік  істер  жөніндегі  сот алқасының  судьясы  қызметін  екі  жылдай  уақыт  атқардым. Сот  алқасының  және  Атырау  облысының  мамандандырылған  ауданаралық  әкімшілік  соты  судьяларымен бірге  осы соттың қалыптасуына  атсалыстым.

Статистикалық  мәліметтерге сүйенсек, аяқталып  жатқан  2023   жылы  қаралған  әкімшілік  істер  бойынша  талап  қоюшылардың, яғни  қарапайым  адамдар  мен  жеке   кәсіпкерлердің  пайдасына  шешім  шығуы  66  пайызды  құраған. Бұл  әділеттілікті  және  заңдылықты  ту  қылып, адамдардың  санасындағы  күдікті  сейілтіп, оның  орнына үміт  пен елдігімізге  деген  сенімді   ұялатқан   судьялар  үшін  жақсы  көрсеткіш.  Ал  мемлекеттік  органдар  мен  лауазым  иелері  үшін  жақсы  көрсеткіш  деп  айтуға  мүлдем болмайды.

 Керісінше,  осы  көрсеткішті  назарға  алып, соттың  шешімдеріне  талдау  жасап, мемлекеттік  қызметкерлердің,  лауазым иелерінің қызметіне  деген көзқарасты   түбегейлі  өзгерту  қажет.

Қазақстан  Республикасының  әкімшілік  рәсімдік-процестік  кодексінің бір  ерекшелігі  және  маңыздылығы  әкімшілік  істерді  қараған  сот  заңдылықпен  қатар  әділдік  қағидаларын  басшылыққа  алады.  

Аталған  кодексте  әділдік  қағидаларынан  басқа  да  прогрессивтік  нормалар, жаңадан  енгізілген    терминдер  басым. 

Азаматтық  процестік  кодекске  де  соттың талабын, сұрау салуын орындамағаны,  іске қатысушы адамның сотқа келмегені, сотқа уақытылы хабарламағаны немесе қарсы  пікірді бермегені, сот отырысында төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбағаны, сотта белгіленген қағидаларды бұзғаны, сондай-ақ сотты және судьяны құрметтемегені туралы анық куәландыратын өзге де әрекеттер (әрекетсіздік) үшін  ақшалай өндіріп алу шаралары  енгізілсе, сотқа  қатысушы  тараптарды  сотты  құрметтеуге  үйретер  еді.   

Иә, қара қылды қақ жарып билік айтатын судья болу оңай емес екені белгілі. Шешім қабылдарда ең бірінші неге сүйенесіз?

– Заңғар заңгер Салық Зиманов «судьяның қызметі сондай, ол өзінің іс-әрекетімен немесе өзінің қабылдаған шешімімен адамның адал ниеттілік қасиетін жоғары көтереді немесе оны төмен түсіріп, тұңғиыққа итеріп, өлімге жеткізуі мүмкін» деп атап көрсеткен. Сондықтан да болар «судья – әрқашан да адалдықтың және әділеттіліктің үлгісі болуға тиіс» деген қағида қалыптасты.

Ендеше судьяның  шығарған  шешімі  немесе  үкімі  заңды  болуымен  қатар  әділетті  болуы  керек. Бір  ғана  мысал келтірейін. М. есімді  II  топтағы  мүгедектен (борышкер) коллекторлық  компанияға  337 138  теңге  өндіру  туралы  соттың  шешімі бар. Жеке  сот орындаушы  борышкердің  жалақысынан  25% ақша  өндіру  туралы  қаулы  шығарған. Борышкер  жеке  сот орындаушының  қаулысының  күшін  жою туралы  талаппен сотқа  жүгінген.

Істі зерделеу барысында борышкер  мүгедектігі  бойынша  мемлекеттен  57 206  теңге  мемлекеттік  әлеуметтік  жәрдемақы  алатыны, денсаулығына  байланысты  бірнеше  рет ота  жасатқаны, тәрбиесінде  3  баласы  бар екені белгілі болды. Барлық  табысты отбасындағы бес  адамға  шаққанда  күнкөріс деңгейінен  әлдеқайда  төмен.

«Мемлекеттік  жәрдемақылар  туралы»  Қазақстан  Республикасының  7-бабына  сәйкес  жәрдемақыдан 25 пайыздан  жоғары  мөлшерде  ұстап қалуға  болмайтындығы  көрсетілген. Заңның  аталған   нормасына  сәйкес  жәрдемақыдан  3  пайыз, 5  пайыз  немесе  10  пайыз  ұстауға  болады, бірақ  ол  25  пайыздан  аспауы  керек. Заң  шығарушы  орган  сот  орындаушыға  борышкердің  әлеуметтік, мүліктік  жағдайын  ескеруге  мүмкіндік  беріп  отыр. Бұдан  басқа  «Атқарушылық  іс жүргізу  және  сот орындаушыларының  мәртебесі  туралы»  Қазақстан Республикасы Заңының  3-бабының  4)  тармақшасына  сәйкес  атқарушылық  іс жүргізу  кезінде  борышкер  мен  оның  отбасы  мүшелерінің  өмір  сүруіне  қажетті  мүліктің  ең  аз  мөлшеріне  қол сұғылмауы  тиіс.

Осыған  қарамастан жеке  сот орындаушы  заңның  талабын бұзып, мүгедек  адамның  жәрдемақысынан  тура  25  пайыз ұстау  туралы  қаулы  қабылдаған. Жәрдемақымен  отбасын  әрең  асырап  отырған  мүгедек  адам  бұған  қалай  ашынбасын. Бірінші  саты  соты  аталған  мән-жайларға  назар  аудармай, талапты қанағаттандырудан  бас  тартқан. Апелляциялық  саты  соты  бірінші  саты  сотының  қателігін  түзеп, мүгедек  адамның  құқығын  қорғап  қалды. Талапты  қанағаттандырып, жеке  сот  орындаушының  заңсыз  қаулысының  күшін  жою туралы  әділетті  сот  актісін  қабылдады.

Әрбір  құқықтық  мемлекетте  биліктің  үш  тұғыры  болады. Ол  атқару  билігі, заң  шығарушы  билік, сот  билігі. Осыдан-ақ  көрініп  тұр  судья  мәртебесінің  қаншалықты жоғары  екендігі. Ал  осы  мәртебенің  ауыртпалығын  судьяның  мантиясын  киген  адамдар  қалай  көтеріп  жүргендігі екінші  мәселе.

Қоғамда  судья  мәртебесінің  рөлі  ешқашанда  төмендеген  жоқ. Құлқынының  қамы  үшін  пендешілікке  салынып, әзәзілге  еріп,  өзінің  берген   антынан  айнып, тура  жолдан тайған  жекелеген, аздаған   адамдардың  судья  беделін түсіріп  жүргені    болмаса,   осы  бір  мәртебелі  мамандықты  таңдаған  азаматтардың  басым  көпшілігі  өзінің  антына берік, көбі қызметін  адал  атқарып  жүргендігін  ескеретін  болсақ,   судья  мәртебесі  өзінің  биік  тұғырын  төмендетпейтініне  сенемін.

Ұзақ  жылдан  бері  судьялық  қызметтің  ыстық-суығын  көріп  келесіз. Судья  халықтың  ары  демекші, бүгінгі  судьяға  қойылатын  талап қандай?

– Судья болуды армандамайтын заңгер болмайды. Әрине, судьяларға қойылатын талап та, жауаптылық та жылдан-жылға қатаңдап келеді.

Судья  мәртебесі, оның  қызметін  жүзеге  асыруда  мемлекет  тарапынан  барлық  жағдай  жасалған. Осыған  қарамастан  жергілікті  соттарда    судья    санының  жетіспеуі  байқалады. Бүгінде  Атырау  облысының  соттарында  21 судьялық  штат  бос  тұр, мәселен, Құрманғазы  аудандық  соты  төрағасының орны  бос  тұрғанына   үш  жылдан  астам  уақыт болды. Сонда  мәртебелі  судья  лауазымының  осыншама  уақыт бос  тұруына, жалпы  жастардың  судья  болуға  талпынбайтыны  ойландырады.

Иә, судьялыққа  кандидаттар  қатаң  іріктелуден  өтетіні  рас. Алайда  Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясында оқу бiтiрген   жас  мамандарға  Заңмен  бірқатар  жеңілдіктер  қарастырылған. Атап айтқанда,  Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясында оқу бітірген және біліктілік емтиханын тапсырған адам оқуын бітірген күннен бастап төрт жыл бойы емтихан тапсырудан және тағылымдамадан өтуден босатылады.

Судья  болудан  үміткер  жас  осындай  мүмкіндікті  пайдалануына  болады. Қазірдің  өзінде  осы  жеңілдіктерді  пайдаланып, қалалық  немесе  аудандық  сотта  сот  хатшысы  қызметін  атқара  жүріп, Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясын тәмамдаған жастар судьялық  қызметті  абыроймен  атқарып  жүр.

– Енді әңгіме ағынын еңбек жолыңызға қарай бұрайық…

– Құдайға шүкір, «Еленген еңбек өнімді» демей ме, осы сот саласындағы еселі еңбек өтеусіз емес. Сот  жүйесіндегі  көп  жылғы  мінсіз  еңбек еленіп, әділ  төрелікті  жүзеге  асырудағы  қызметім  Қазақстан  Республикасы  Жоғарғы  Сотының ІІІ  дәрежелі  «Мінсіз  қызметі  үшін», «Қазақстан  Конституциясына  20  жыл», «Қазақстан  мәслихаттарына  20 жыл»  медальдарымен лайықты бағаланды.

Барлық  заңгер  де  би  болуды  армандайды  деп  түсінемін. Мен  де  бұрынғы  би  бабаларымның  жолын  қуып, қазіргі  заманның  биі – судья  болуды  армандадым. Жаратқан  жар  болып, сол  арманыма  жеттім.

Иә, алдыңа  мақсат  қойып, сол  мақсатқа  жету  жолында  талмай  еңбек  етсең ғана  ойлаған  арманыңа  жетуің  мүмкін. Мүмкін  емес-ау, жетесің. Тек  ол  үшін уақытпен  санаспай, аянбай  еңбек  етуің  керек. Сонда  ғана  төккен  терің, еңбегің  өз  жемісін  береді.

2001  жылы  Мақат  аудандық  сотының  судьясы  лауазымына  Президенттің  Жарлығымен  тағайындалғанға  дейін  Атырау  облыстық  Әділет  басқармасында  еңбек  етіп, жетекші  маманнан  басқарма  бастығының  орынбасары  лауазымына  дейін  көтерілдім. Әділет  басқармасында  істеген  қызмет   мен үшін  заңгерліктің  үлкен мектебі  бола  білді. Ал, заңгерліктің  шыңы  судья  болу  екендігін  ескерсек, менің  өмір  мектебім  осы  шыңға  көтерді  деп  айтуға  болады. Осы  өмір  жолдарымда  кездестірген, дұрыс жол  көрсеткен  ағаларым  мен   үзеңгілес  болған  қатарластарым  болды. 

Атырау  облысының  әділет  басқармасында  басшы  қызмет  атқарған, бірнеше  шақырылымдағы   Мәжіліс  депутаты  болған  Ирак  Елекеевтің  басшылығымен әділет басқармасында  жетекші  маманнан  бастап басқарма  бастығының  орынбасарына  дейін  қызмет атқардым. Марқұм  Қарымсақ  Салықовпен  жұмыста  үзеңгілес  болғанымды  атап өткім  келеді.

Мақат  аудандық  сотында  алты  жыл  алты  ай  судья  болып  істеген  жұмысым, жинаған  тәжірибем  Атырау  облысының  мамандандырылған  ауданаралық  сотында  да  аса  күрделі  азаматтық істерді  қараған  кезде  пайдаға  жарады. Бұл  сотта  аттай  тоғыз  жыл  қызмет  істеппін. 2017  жылдан  бастап  күні  бүгінге  дейін  Атырау  облыстық  сотында  азаматтық  істер жөніндегі  сот алқасының  судьясымын.

Өзімнің  2014  жылы  жарық  көрген  шежірелік  «Ұрпаққа өнеге»  атты  кітабымда  судья  туралы  ой-толғауымды  мынадай  жолдармен  өрнектеген  екенмін: «Судья  –  заңгерліктің  шыңы, шығар  биігі. Судья  үлкен  жауапкершілікті, қажырлылықты, жігерлілікті, төзімділікті, тәртіптілікті, адамгершілікті, жұмыста  аса  мұқияттылықты  қажет  ететін  лауазым». Судья  жұмысы  өте  ауыр. Сонымен  қатар, аса  абыройлы, екінің  бірінің  қолы  жете  бермейтін  қызмет. 

Жерлесіміз  Табыл  Досымның  «Қыр баласы  тауға  қарап  өспейді, қыр  баласы  қол  созады  аспанға»  деген  қанатты  сөзінде үлкен  мән  бар.

«Тәрбие  тал  бесіктен»  дегендей,  осы  өмірімде  біраз  жетістіктерге  жеткенім, ол алдымен  Алланың  берген  денсаулығының, ата-анамның берген  тәлім-тәрбиесінің, ұстаздарымның  берген  білімінің  арқасында  дер  едім.

Осы  жерде  ұлағатты  ұстаздарымның  есімін  атап  кеткенді  жөн  көремін.  Орынша Беркенова, Гүлбану Әжіғалиева, Гүлфара Сапарова  апайлардың  шәкірті  ретінде оларға  бас  иіп, тағзым  етемін. Өйткені  олар  білім  нәрімен  сусындатып, болашақта  жақсы  маман  болып  қалыптасуыма  септігін  тигізген адамдар.

– Ата-анаңыз, балалық шағыңыз, отбасыңыз  жайлы  не  айтасыз?

– Индер  ауданының  Қаңбақты  елді  мекенінде құм-шағылда  туыппын. Ауылда  өстік. Барлық  қазақ  балаларындай  асық  ойнадық. Доп  тептік. Әкем  совхоздың мал  дәрігерінің  мардымсыз табысымен,  анам  мектептің  еденін  тазалаушы  ретінде  алатын  30  сом  айлық  табысымен 11  баланы  қалай  жеткізді  екен  деп  осы  күні  ойға  қаламын…  

Әкеміз  Қаламғали  қарапайым  мал  дәрігері. Индер  ауданындағы  «Правда»  кеңшарында 40  жылдай  мал  дәрігері  болды. Анам Жаңылсын  еден сыпырушы  болып  еңбек  етті. Екеуінің  де  еңбек  кітапшаларында  бір-ақ  жазу. Әкеміз  бен  анамыз  еңбегінен  бақытын  тапқан  жандар. Екеуі  11  бала  тәрбиелеп, барлығына  да  жоғары  білім  алуына  жәрдемдесті. Әулетімізде  құрылыс  инженері, мұнай  саласының  маманы,  заңгер,  мұғалім,  журналист   те  бар. Олардың  барлығы  да  өз  саласының  білікті  майталмандары.

Иә, әулетімізде  судьядан  басқа  3  заңгер  бар. Інім Асқар  жеке  нотариус,  інім Сағындық  сәулет және  қала  құрылысы  мекемесінің  заңгері, қызым  Торғын  құрылыс  компаниясында   заңгер  болып  істейді.

Отанасы  Майра  екеуіміз  5   бала  тәрбиелеп  отырмыз. Менің  сот  саласында  жеткен  жетістіктеріме  жұбайым Майраның  қомақты  үлесі  бар  екендігін  атап өткім келеді. Өйткені  үй  шаруасының, бала  тәрбиесінің  барлық  ауыртпалығы  сол  кісінің  мойнында ғой.

Осы тұста Бөкен бидің бақыт туралы айтқаны есіме түсіп тұр. «Бақыт  дегеніміз  – әр  адамның  асқақ  арманы. Бақытты  жек  көретін  адам  жоқ. Жер  басып  жүрген  пенденің  бәрі  жарық  дүниеден  бақытты  болып  өткісі  келеді. Бірақ, бақыт  ешкімді  де  өзі  іздеп  таппайды. Керісінше, оны  бақытты  болатын  кісі өздері  іздеп  табуы  керек. Оны  барлық  ғұмырын  адал  еңбек  пен  әділ  кәсіпке  бейімдеп  салауатты  өмір  сүрген  ары  таза, жаны  таза  адамдар  ғана  таба  алады. Бақытқа  жету  оңай  іс  емес. Ол  кез-келген  адамның  қолынан  келмейді. Бақытқа  жету  үшін  қора-қора  мал, бума-бума  ақша, кәшек-кәшек  дүние  жинап, хан  сарайдай  үй  салып, үйір-үйір  қатын  алудың  қажеттігі  жоқ. Тек  еңбекке  деген  құштарлық  болса (тер  төгіп, жан  қинайтын)  жарап  жатыр. Бақытқа  жеткізетін сара  жол  денсаулық, шындық, адалдық» депті Бөкен би.

Қазақта «Би  бол, би  болмасаң, би  түсетін  үй  бол»  деген  қанатты  сөз  бар. Қазақтың  осы  бір  нақыл  сөзінің  астарында  биге  деген  құрметтің  қандай  болғандығын  аңғаруға  болады.

img 4003

– Шығармашылыққа жақын адамсыз, қазір сізді не ойландырып-толғандырады?

– Оқушы  кезімде  кітапты  барынша  көп  оқыдым. Мені  қазақтың  ертегілері, батырлар  жыры, эпостары  қызықтыратын. «Алпамыс  батыр»  жырын  жаттап  өстім. Осы  қасиетім  өскен  соң  да  поэзияға, ақындарға  деген  махаббатымды  оятты. Соның  нәтижесінде  Мұқағалидың, Мұхтар Шахановтың, шығыстың  жеті  шайырының  бірі  Омар Хайямның  өлеңдері  мен  рубайларын  жатқа  айтамын.

Жалпы  поэзия  адам  өмірінде  болатын  қиындықтарды  жеңе  білуге  көмектеседі  деп  есептеймін. Күнделікті    күйбең  тіршілікте  көңілге  кірбің  түспей  тұрмайды. Сондай  кезде  Абайға, Мұқағалиға  жүгінемін. Көңілдегі  кірбіңді  жуып-шаю  үшін ақындардың  өлең  жолдарын оқимын. Ақындардың  өлең  жолдарын  оқып, рухани  азық  аламын. Демек, поэзия  адамның  рухын  асқақтатуға  жәрдемдеседі. Олай  болса, поэзия  адамның  дертіне  дауа  екендігі  сөзсіз.

Негізінде журналист боламын деген бала арман болған. Орта  мектепті  бітірген  соң  ҚазМУ-дың  журналистика    факультетіне  құжат  тапсырған  едім. Жолым болмады. Содан  соң заң  саласына  түбегейлі  бет бұрдым. Әйтсе де сот  саласында  жүріп  те  журналистикадан  қол  үзген  жоқпын. Бірнеше  жылдай  бұқаралық  ақпарат  құралдармен  үйлестіруші  судья  ретінде  оқырман  қауымды  құлақтандырып  тұрдым. Әлеуметтік  желіде  жеке  парақшам бар. YouTube  каналындағы  «Тура  Би» атты  танымдық-құқықтық медиабағдарламаның  жүргізушісімін. Айына  екі  рет  халыққа  құқықтық  насихат  жүргізіп, халықтың  құқықтық  сауатын  арттыруға үлес қосамын.

Сырт  көзге судьялар  томаға  тұйық  болып  көрінгенмен, олардың  арасында  да  өнерлі  адамдар  жетерлік. Осыдан  екі  жыл  бұрын  сот  саласының  қызметкерлері  арасында   ақиық  ақын  Мұқағалидың  90  жылдық  мерейтойына  байланысты ақынның  өлеңдерін  мәнерлеп  оқудан байқау  ұйымдастырған  едім. Сол  кезде  сот  саласында   поэзия десе  ішкен  асын  жерге  қоятын  жастардың  көптігіне  қайран  қалдым. Бұл  мені жыл  сайын  Мұқағали  оқуларын  ұйымдастыруға  қамшылады.   

Сондай-ақ «Тәні саудың – жаны сау» дегендей, фитнеске  қатысамын, бассейнде  жүземін. Бұл  күнделікті  жұмыстан  шаршаған  кезде  бойыңды  сергітіп, күш-қуат  береді, жұмысқа  деген құлшынысыңды  арттырады. Ой-өрісіңді  кеңейтеді. Нәтижесінде  еңбек  өнімділігі артады. 

Демалыс  күндері  жұбайымды  ертіп  ауылға, Есбол  селосына жиі  барамын. Ауылдың  саф  алтындай  таза  ауасымен  демалғанның  өзі  бір  ғанибет.   Балалық, жастық  шақтың  соқпақтарымен  жүріп  өткен жолдарды  қайтадан  жаңғыртып  отырғанды  жөн  көремін.

– Өзіңіздің  әріптестеріңізге, ізіңізден  ерген  судья  іні-қарындастарыңызға  айтар  тілегіңіз  бар  болар?

– Әріптестеріме  айтар  тілегімнің  негізгісі – абыройлы  болайық  демекпін.

1720-1816 жылдар аралығында  Семей  өңірінде  өмір  сүрген  Ақтайлақ  бидің  өзімен замандас  билерге  берген  батасын  қазіргі  әріптестерім, судьяларға  бағыштағым  келеді:

Келелі  істі  көппен  шеш,

Шиыршық  атса  еппен шеш,

Асқынған  істі  асықпай,

Ақылға  салып, ертең  шеш.

Алдыңа  қандай  дау  келсін.

Дауды  шешсең, тура  кес,

Бұның  қалай  демесін,

Алыс, жақын, көңілдес.

– Сағат Қаламғалиұлы, уақытыңызды бөліп, ой бөліскеніңізге рақмет! Асқаралы алпыс жасыңыз құтты болсын, әділ сот төрелігі жолындағы қызметіңіз абыройлы болғай!

Сұхбаттасқан 

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button