Жарнама
Жаңалықтар

Су – тіршілік НӘРІ

«Атырау» газетінің үстіміздегі жылғы 23 мамырдағы №39 санында басылымның бөлім меңгерушісі Меңдібай Сүмесіновтің «Ауыз судың қадірін шөлдеген біледі» атты сараптамасы елең еткізді.

9608_b

Еліміздегі сияқты, облыста да ауыл шаруашылығы саласы өте күрделі, суды аса көп керек етеді. Жалпы, мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша аймақта соңғы жылдары ауылдық елді мекендерді  ауыз сумен қамтуда жүргізілген жұмыстар баршылық. Көптеген селолық округтердің орталығы су құбырларына қосылды. Бүгінде «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнының Атырау филиалы ұзындығы 1152 шақырымдық 15 суландыру жүйесімен 12 мың гектардан астам егістік пен жайылымға жылына 15 млн. текше метр су беріп отыр. Әрине, бұл көрсеткіш  өткен ғасырдың сексенінші жылдарымен салыстырғанда төмен болғанымен, қазіргі қажеттілікті қамтиды. Облыс әкімдігінің қолдауымен  аталған кәсіпорынның техникалық мүмкіндігін  көтеруге жергілікті бюджеттен 402,1 млн. теңге бөлінді.  Дегенмен де, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер көп жағдайда суды керегінше алғанымен, оны өнімсіз пайдаланады. Су далаға босқа ағып, каналдардың сыртына, егіс алқаптарына жайылады. Соның салдарынан жасанды көлшіктер пайда болып, жерді сорландыруға соқтырады. Суаруға жоспарланған жердің немесе еккен тұқымның сапасыздығынан күткендегідей өнім алынбай, су ысырап болады. Оның үстіне, ішкі шаруашылық суландыру жүйелерінің біразы жөндеу мен тазалауға көңіл бөлмегендіктен, арнасын құм басып қалған. Бұл жерде су шаруашылығы ұйымдары басшыларының ауыл әкімдерімен және тауар өндірушілермен тығыз жұмыс жасауы,  суға төленетін тарифті түсіндіруі, қолданыстағы жүйелерді жөндеуге шаруа қожалықтарын жұмылдыруы керек.

Ғалымдардың  болжамынша, судың жетіспеушілігінен мемлекетаралық араздық туындауы ғажап емес. Сондай оқиғаның алдын алу үшін 2013 жылы Атырауда Ресей мен Қазақстан арасындағы мемлекетаралық су комиссиясының отырысы болып, осы өзекті мәселенің шешімін бірлесіп  шешу жолдары қаралды. Оның қорытындысы оң шешімін тапты деуге болады. Жайық деңгейі біртіндеп көтеріліп келеді.

Суға деген ғаламдық дағдарыстың тағы бір  себебі – оны орынсыз пайдалану. Мәселен, Қызылқоға ауданының Ойыл өзені бойындағы  халық ауыз суды  «Индер-Миялы» және «Миялы-Жангелді-Жасқайрат»  топтық су құбырлары арқылы пайдаланады. Ал, осы жерасты сулары адамзат игілігіне қанша уақыт қызмет етеді? Егер ауыз суды пайдаланудың талаптары қатаң сақталса, онда ұзақ жылдарға жетеді. Бірақ, бұл табиғи ресурс – мәңгілік емес. Демек, ысырапқа жол бермеу керек.

Сонымен қатар, облысымыздың  табиғи жайылымдарының   едәуір бөлігі суландырылмағандықтан, толық пайдаланылмайды. Қазір облыс жерінің 82,5 пайызын  жайылымдық және шабындық жерлер құрайды. Бұл ауқымды алқаптарды өз мақсатында тиімді пайдаланса, арзан да сапалы мал өнімдерін өндіруге жеткілікті. Ал, бүгін осы жерлердің көбі бос жатыр. Оның басты себептері  –  облыста мал басының кемуі,  жерасты су көздерінің ашуы және сарқылуы. Шын мәнінде алқаптардың 25-28 пайызы ғана қолданыста. Өзге өңірде су жетіспеуі салдарынан жайлауға шыққан малбегі қара күзге дейін сулы жерде тапжылмастан отыруға мәжбүр. Бұдан жайылым әбден тапталмай ма?

Елімізде  жерасты су қоры мол. Ол біздің облыста да болуы мүмкін. Тек соны тиімді пайдалану жетіспейді. Республика гидрогеологтарының мәліметінше, тәулігіне 17 мың текше метр су беруге мүмкіндігі бар 494 жерасты қорын тапқан екенбіз. Ал, осы мәліметтің ішінде біздің облыстағы су көздері бар ма? Олардың қанша екенін, қай жерде орналасқанын кім біледі?

Дүние жүзінде жыл сайын шамамен бес миллион  адам ауыз сумен тарайтын әртүрлі  аурудан көз жұмады екен. Бұл  әлемнің шартарабында болып жатқан соғыстар мен қақтығыстарда қаза болғандардың санынан он есе көп. Сондықтан  ауыз су тазалығына атүсті  қарауға болмайды.

 Қосыбек ЫРЗАҒАЛИЕВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button