Жарнама
Жаңалықтар

СУ — ТІРШІЛІК КӨЗІ, ЖЕРДІҢ НӘРІ ОНЫ ҮНЕМДЕУДІ ҮЙРЕНЕТІН КЕЗ КЕЛДІ

 

(Қазақстанға келетін су қорының 55 пайыздан астамы шетелдерден бастау алатын өзендерден келеді).

(Қазақстан аумағына Жайық өзенінен су жинау 1990-1991 жылдармен салыстырғанда 1953,94 млн. м3-тан 824,5 млн. м3-қа дейін азайған).

(Қазақстан – суға тапшы мемлекеттердің бірі. Мамандардың айтуынша алдағы жылдарда шекарааралық су айдындарына деген мұқтаждық арта түсуі де ғажап емес).

Облысты сумен қамтып отырған — Жайық пен Қиғаш өзендері. Бұл екі өзеннің суын облыс халқы тұтынады. Бұған қоса, өзен арналары әртүрлі шаруашылықтарға пайдаланылады. Өкінішке орай, бұл су айдындарының бүгінгі жағдайы да мәз емес. Негізгі су көзі Ресей жерінде реттелетіндіктен өзен бастау алатын елдегі әртүрлі табиғи жағдайларға, ауа райының қолайлылығы мен басқа да шараларға толық тәуелді. Судың тежелуі – өзеннің құрылымына кері әсерін тигізеді, өндірістік нысандардың, ауылшаруашылық құрылымдары тұтынатын судың көлемі азаяды, түптеп келгенде, бұл экономикалық және экологиялық проблемалардың туындауына себепші болады.

Жалпы су мәселесі — бүгінгі күннің өзекті тақырыптарының бірі. Бұл бағытта республикалық дәрежедегі қиыншылықтар да бар. Кеңес үкіметі кезіндегі Мелиорация және су шаруашылығы министрлігі 1989 жылда бастап Су ресурстары жөніндегі мемлекеттік комитет болып өзгерген. Содан бері әртүрлі реформалаудан өткен су шаруашылығы саласына мән беру нашарлап кетті. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қоршаған ортаны қорғау министрлігі арасында әрі-бері төрт-бес рет ауысқан бұл сала бүгінгі күні соңғы өзгерістерге орай қайта Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырына өтуде. Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы республикалық мемлекеттік мекемесі негізінен батыс өңірлік төрт облысқа жерасты және жерүсті суларын пайдалануға рұқсат береді. Бүгінгі күнге Атырау облысы бойынша ауыз су, тұрмыстақ қажеттіліктерге, өндіріс, ауыл шаруашылығы, тоған, балық шаруашылықтарын, басқа да техникалық керектіліктерді есептегенде алынған су көлемі 27,402 млн. куб метрді құрап отыр.

«Жайық өзені Атырау аймағына ғана емес, сонымен қатар, батысқазақстандықтар үшін де бірден-бір тіршілік көзі болып саналады. Климаты шөлді және шөлейтті Атырау облысы халқының тұтынып отырған суының 70 пайызы осы өзеннен алынады, ал, қалған 30 пайызы – Қиғаш өзені мен жерасты суларына тиесілі. Жерасты тұщы сулары да тапшы. Сондықтан, Елбасы айтқандай, қолда барды үнемдеуге ұмтылуымыз керек. Бұл үшін мүмкіндіктер де бар деп ойлаймын. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласы үнемеу жолдарын өнімдерді жаңбырлатып суару, тамшылатып суару сияқты үнемдеу техникалары арқылы жүргізіп отыр. Ал, тұрмыстық-шаруашылық жағдайындағы қажеттіліктерді қалай үнемдеуге болады? Дұрыс түсінген жөн, бұл жерде жуынып-шайынба деуден аулақпыз. Бірақ, көңіл аударарлықтай тұстар да жоқ емес. Мысалы, ауыл тұрғындары қажеттіліктеріне тәулігіне 40 куб метр су пайдаланады. Ал, қала халқының пайдалану көрсеткіші — 250-300 куб метр. Норма бойынша 400 куб метрге дейін қолдануға болады. Байқап отырмыз, ауылдық жерде үнем бар.

Су мәселесі туралы әңгіме қозғалғанда қолда барды үнемдеу ұқыптылықтың кепілі екендігін халыққа жеткізе отырып, суды үнемшілдікпен пайдалануға азаматтарды үйреткен де орынды сияқты. Егер пайдаланылатын су жүз пайыз есептелсе, яғни, адам өзі пайдаланатын судың ақшаға есептеліп ағатынын, оның әр литрі үшін ақша төлеуі керектігін біліп жүрсе, онда суды үнемдер еді. Қалалық жерлердегі ресторандарда, көлік жуатын жерлерде кетіп жатқан суда есеп жоқ. Сондықтан, бұл жерлерде де үнемдеу техникалары қолданылғаны дұрыс.

Шағын мысал. Қазір кейбір мейрамханалардағы қол жуғыштар магнитті түрде тоқтап, алақаныңды тосқанда ғана су жібереді. Жасыратыны жоқ, зерттеулер бойынша осының өзінен де үнем көрсеткіші жоғарылайды екен. Сондықтан да суды пайдаланатын әрбір азаматтың үнемшілдікке қатысты мәдениетін көтеріп, заңды тұлғаларды да, жеке тұлғаларды осындай игілікке үйреткен абзал» дейді Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Бисен Қуанов.

Дұрыс-ақ дейік. Ауыз суды дұрыс пайдаланбай отырғанымыз да рас. Мәселен, алысқа бармай-ақ, жоғарыда сөз болған автокөліктерді жуу орындарын алайық. Ондағы ағыл-тегіл болып жатқан ішуге жарамды су емес пе? Мұны көре тұрып, «қайдағы үнемділік, қандай тәрбие туралы әңгіме айтуға болады?» деп те ойлайсың. Біздіңше, бұл нысандарға таза ауыз суды пайдалануға еш жол бермеу керек. Рас, бұған қосымша шығын кетері анық. Бірақ, деректерге қарасақ, көп жерлерде мұндай нысандарда айналым циклдері пайдаланылады екен. Тіпті, таза ауыз суды пайдалануға барлық нормативтер бойынша тыйым салынады.

«Біз облыстық мәслихаттың бекіткен тарифін негізге аламыз. Су міндетті түрде есептеуден өтуі шарт. Суды көп пайдаланған адам, көп төлем жасауға тиісті. Осындай тәртіпке үйренсек қана, үнемдеуге қол жеткізе аламыз. Айта кету керек, өндірістік кәсіпорындарда пайдаланылатын су мөлшері де аз емес. Солардың арасында су ресурстарын тиімді пайдаланып отырғандары да бар. Атап өтер болсақ, «Атырау жылу орталығы» Жайық өзенінен жылына 82 млн. куб метр су пайдаланады, ал пайдаланылған 50 млн. куб метр суды «Алғабас» ЖШС бұрып алып, шабындық жерлерге қолдануда. Бұл ұтымды ұйымдастырылған дұрыс іс деп ойлаймыз. Өйткені, су екінші рет қайталанып қажеттілікке жарап тұр. Демек, кәсіпорындардан шыққан «сұрауы жоқ» суды техникалық мақсаттарға пайдалануға толық негіз бар деген сөз.

Бір қарағанда пайдаланылған суларды екінші қайтара қандай пайдаға, қалай жаратуға болады деген де пікір қалыптасуы мүмкін. Бұған да дәлел бар. Мысалы, Ақтөбе облысында пайдаланылған кәріздік су бірнеше рет тазартылып, Елек өзеніне айдалады, ал, Елек Жайыққа құяды. Орынборда да солай. Шынтуайтына келгенде, Ресейден келіп жатқан судың тең жартысынан көбі пайдаланылып, қайта тазартылған сулар. Жайыққа құятын таза су 25-30 пайызды ғана құрайды» дейді осы саланың кәнігі маманы аталған инспекцияның су ресурстарын пайдалану, мониторинг, мемлекеттік есеп және кадастр бөлімінің басшысы Жанай Еспосинова әңгіме арасында.

Ал, біздің облыс қалдық суларды буландырып жібереді. Қалада осындай екі буландыру алаңы бар. Ондағы мақсат Жайық суының сапасын төмендетпеу. «Жайықтың бір қасиеті — өзін-өзі тазартып, қалпына келтіретін қабілеті бар.

Су құрамы зерттеліп, химиялық құрамы үнемі бақылауда ұсталады» деп бөлім басшысы өз ойын ортаға салды.

Біздің өңірде өндіріс орындарының көптеп шоғырланғандығы белгілі. Сондықтан, өндірісте пайдаланылатын суға да маңыз берілуі керек секілді. Өйткені, олардағы су шығынының молдығына ешкім де қарсы уәж айта алмас. Сондықтан мұндай кәсіпорындарда суды тиімді пайдалану технологиялары енгізілсе, кәні. Өйткені, әлемнің көптеген елдерінде суды үнемдеу технологияларын енгізуге көшіп жатыр. Кейінгі келеңсіздіктердің алдын алу үшін біз алдымен ішкі ресурстарымызды, ішкі кәсіпорындарымызды ретке келтіруіміз керек сияқты.

Осы жерде су қоймалары туралы да бірер ой түйіндеп көрейік. Мәселен, Ресейде — 315, Ақтөбеде — 148, Батыс Қазақстанда — 54 су қоймасы бар екен. Ал, Атырауда бірде-бір қойма жоқ. Оның басты себебі жер релефінің сәйкессіздігі. «Иә, бізде жер тегіс, көлбеу жоқ. Сондықтан да, су қоймасын салуға қолайсыз. Судың кілті кімде, солар басқарады. Өз қажеттіліктерінен артқандарын ғана төменге жібереді. Мысалы, Жем өзенінің суы тек көктемде ғана толады. Қазір Жемде су жоқ. Ал, Сағыз бен Ойыл әлдеқашан құрған қалды. Бұл бір ғана мысал. Осыны реттеу үшін бір кездері Үкімет қаулысымен Жылыой ауданының Аралтөбе деген жерінен су қоймасының құрылысы басталыпты. Бірақ, Астрахан-Маңғыстау су құбыры салынады да, барлық саланың суға деген қажеттіліктері осы құбыр арқылы өтеле бастайды. Әлі де солай. Бірақ, бұл құбырдың суы ауылшаруашылық жұмыстары сияқты маңызы қызметтерге тапшы болып отырғандығы да жасырын емес.

Мамандардың айтуынша, облыс аумағында тұтынуға жарамды жерасты сулары Жылыой ауданында бар. Өкінішке орай, кезінде қазылған ұңғылар 1986 жылдан бері иесіз қалып, су өзінен-өзі кең далаға тоқтаусыз, еш кедергісіз ағып, жасанды көлдер пайда болуда. Қызылқоға ауданындағы Тайсойған полигоны аумағында тұщы су көзі табылғанмен, оны да пайдалана алмауда. Ал, Атырау қаласы орналасқан су шаруашылығы учаскелерінде барланған су қоры жоқ. Бұдан түйгеніміз, тиісті, жерасты сулары болжамданған кен орындарынан барлау және іздестіру жұмыстарын ұтымды ұйымдастыру керектігі болды.

Сөз соңы

Су тапшылығын болдырмаудың амалы — халықты қара суды үнемдеуге үйрету. Судың тіршілік көзі екендігін біле тұра, қадірін білмеу — қиянат. Бізде су қоры жоқ емес, су қорын зерттеуге байланысты жұмыстардың өте баяу жүруі өзіміздің табиғи қазыналарымызды пайдалануға мүмкіндік бермей отырған секілді. Қалай десек те, ысырапқа жол бермеу, қолда бардың қадірін білу әр адамның санасына сіңіп, тиісті орындардың оң көзқарасын қалыптастырғаны абзал.

Ағиба ҚАТЕШОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button