Желілік бизнес жарға жығады!..
Atr.kz/31 шілде, 2019 жыл. Отбасымызбен бірге оқитын «Атырау» газетінің әр санын асыға күтеміз. Оқырмандарымен бұрынғыдай аптасына үш мәрте қауышып отырса деген тілегіміз де жоқ емес. Әсіресе, соңғы кезде «газет ішіндегі газет», яғни, қосымшалар қатары көбейіп келеді.
Атап айтқанда, «Жандауа», «Педагог», «Әділет әлемі» мен «Талбесік» қосымшаларына қазір «Егов», «Армандастар» және «Білім-лайк» қосылды. Бәрінің бастауында «Бизнесмен» қосымшасы тұрғанын біреу білсе, біреу білмес. Егер жаңылыспасам, бұл – ең алғашқы қосымша болатын. Бүгінде өз мақсат-міндетін мүлтіксіз орындап, тұрақты оқырмандар шоғырын қалыптастырып та үлгерген.
Газеттің соңғы сандарының бірінде басылған «Сетевик, сені қайтейін…» (№47, 18 маусым, 2019 жыл) тақырыбында журналистік зерделеу жүргізген тілші Амандық Сағынтайұлының көтерген мәселесі оқырманға біраз ой салды. Осы орайда, менің де алып-қосар пікір-тілегім бар. Расымен де, қазір «желілік сауда», яғни, «сетевой маркетинг» секілді табыс табудың жеңіл тәсілдері адамзат санасын улап тастағандай. Ешкім ұзақ уақыт тер төгіп, еңбек еткісі келмейді. Мақұл, делдалсыз сауда компаниялары заң жүзінде тіркеліп, мемлекетке салық төлеп отыр делік. Бірақ, осыдан бес-он жыл бұрын құрылған солардың бүгінгі халі нешік, осыны ойлаған жан бар ма?
Менің айтқым келгені, нарықта бірнеше жыл қызмет көрсеткен мекемелер саусақпен санарлық. Мәселен, бүгін сізді бір компания жұмысқа шақырды дейік. Алайда, іс алға баспай, тауар өтпей қалды, тұтынушылар да табылмады. Ондайда мекеме жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Әйтсе де, кейін басқасы пайда болады. Сөйтіп, ол да әлгінің жолымен жүріп өтеді.
Осылайша, қазір уақытша қызмет көрсететін сауда ұйымдары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Бірі, жабылып, екіншісі ашылады. Сонда бизнестің басындағылар табыс табады да, оған тіркелгендері қалыс қалады деген сөз. Олай болса, «тегіннің тұзы татымайды» демекші, қазірден тек маңдай тердің жемісін ғана көруге жұмыстанайық!
Арман ЖӘДІГЕРОВ,
«Сымбат» сән академиясының түлегі.
Тасқала ауылы.