Су сепкен қарлығаштың қанатындай!..

img 5326 Жаңалықтар

…Ол ұзақ жылдар бойы бір жұмыс орнында тапжылмастан еңбек етіп келе жатыр.

…Оның айналасындағы адамдарға қашан да құрметі ерекше. Жақсылығына қуанып, ықылас-ниетімен тілеулерін тілеп жүреді.

…Ол – ағайын-тумасының ұйытқысы, ұжымдастарының мақтанышы.

Әңгіме облыстық «Атырау» газетінің бет құрушы-дизайнері Айнагүл Жолдыбаева туралы.

8759baf1 fc7c 4494 80f2 5b400b8c960b

Иә, Айнагүлмен қызметтес болғанымызға біраз жыл өтіпті. Осы аралықта оның мінез-құлқын танып, болмыс-бітімін бір кісідей білеміз деп ойлаушы едік. …Дегенмен, «адам – ерекше құпия жаратылыс иесі» дегендей, білмейтініміз одан да көп болып шықты.

Баяғыда деймін-ау, Атырауда қоғамдық көліктің қозғалысы жолға қойылмаған кезі ғой, адамдар баратын жеріне бара алмай, жететін жеріне жете алмай, қатты қиналып-ақ қалатын. Бауырын сүйреткен, ыңыранып, орнынан зорға дегенде қозғалатын сары автобус сирек қатынайды. Қазіргідей шұбырып жатқан такси де жоқ. Алайда, Атыраудың орталығынан әлдеқайда алыстау тұратын Айнагүл таңертеңгі сағат 9 болмастан жұмыста жүретін еді. «Ау, айналайын, сен өзің осында түнегеннен саумысың? Жақын жердегі біз үйден зорға дегенде келіп отырмыз» деп әзілдейміз ғой қатарлас, құрдастығымызға салып. Ол сонда жылы жымиып қана жауап беріп жататын.

Байқасақ, ол «жұмыстан кешігіп қалармын» деп таң атар-атпастан кезіккен көлікпен жұмыс орнына жетеді екен. Айнагүл осы әдетінен қытымыр қыста да, төбені тескен ыстықта да айныған жоқ. Қазір де оның түрлі сылтау айтып, кешіккен кезін көрмеппіз. Мұны зор жауапкершіліктің үлгісі десек, әңгіме кейіпкерінің атап айтар тағы бір қасиеті – адамгершілігі. 

– Біз жұмыс орнында қатар отырамыз. Дегенмен, осы күнге дейін жанашыр апам ретінде көргендіктен бе, оның атын атап көрмеппін. Иә, ол кісінің жақсы жақтары көп. Отбасынан өзге үнемі ағайын-туыс, жақын-жұрағатының, тіпті көршісінің де жағдайын ойлап отырады. Қызметіне де тындырымды, – дейді әріптесі Сая Рамазанова.

Айнагүл Жолдыбаеваның адами кескін-келбеті туралы айтқанда, мына жағдай еске түседі. Қызметке кірген кезінде аз уақыт курьер болып еңбек етіпті. Ол кезде қазіргідей электрондық пошта дегеннің жоқ уақыты ғой, облыстық баспаханадан басылған бетті тез арада газет редакциясына жеткізу үшін курьердің қызметі пайдаланылады. Осы себепті бұл мамандық иесіне талап та ерекше болатын.  

– Уақытпен, ауа райымен санасатын кез емес, шығарылған бетті қолымызға ұстап алып, жедел жаяу жолға шығамыз. Редакцияда тексерілген соң қайтадан баспаханаға құстай ұшамыз. Сол аралықта жауапты хатшының орынбасары Жаңбырбай Сұлтанғалиев ағамыздан ұрысты да естіп жатамыз. …Расыменен ол кісі өте талапшыл адам еді ғой, соған қарамастан адамгершілігі зор болатын. Жастардың қызмет барысындағы кемшіліктеріне кешіріммен қарайтын. Қанша талап қойғанымен кейін басымыздан сипап, мейірімін төгіп тұратын. Міне, біздің редакциядағы аға-апаларымыз осындай керемет адамдар еді ғой! – деген Айнагүлдің бұл пікірін үлкендерге құрметі, адамгершілігінің айнасы деп түсіндік.

Газеттің жұмысы кейде үздіксіз жүріп жатқан конвейерге ұқсайды. Бір нөмірін бітіріп жатсаң, екіншісі кезегін күтіп тұрады. Оның үстіне бұрын басылым аптасына үш рет шығып, халыққа жетіп тұрушы еді. Сондай кезеңдерде А.Жолдыбаева корректор, әріп теруші болып қызмет етті, кейіннен бет құруды үйренді.

– Компьютер цехының бастауында Нұрлан Хамзин, Асланбек Мәукенов секілді жігіттер тұр. Солардың көмегімен Айнагүл де бет құруды үйренді. Алға ұмтылды, талаптанды. Соның нәтижесінде ол қазір білікті мамандардың қатарынан саналады. Әріптес қарындасым үнемі жақсылықтардың жаршысы, той-томалақта ортаның сәні болып келеді. Кімнің де қуанышын алдымен естісе, сүйінші сұрап, мәз болып жатады. Ал, мұндай асыл қасиеттер адамдарда өте сирек, – дейді «Атыраудың» ақсақалы Дәулетқали Аруев.

Байырғы қызметкер Клара Елеусінованың да пікірі осыған ұқсас. Ол «әріптесім – ізденгіш, еңбекқор, бауырмал» деген пікірін айтты. Шындығында, бет құрушы-дизайнердің газетті көркемдеудегі, оқырманға тартымды етіп жеткізудегі еңбегі зор. Журналистердің мақалалары ішінде алтын жатса да кейбірде оқылмауы мүмкін. Ал, оны әрлеп-сәндеп, халыққа ұсынатын әрине, бет құрушы. Ендеше, осы мамандық иесіне қойылатын талап жоғары десек, оның деңгейінен Айнагүл де көрініп отыр. 

Әңгіме кейіпкері «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі бойынша өткізілетін түрлі қоғамдық шаралардың үнемі бел ортасында жүреді. Бірінде ұйымдастырылған шарада тамылжытып ән салса, бидің де көркін келтіретін өзі. Ал, «Атырау» газеті редакциясының түрлі спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орын алуында оның қосқан елеулі үлесі бар. 

Ақжарқын, ибалы, қарлығаштың қанатымен су сепкендей кімге де жақсылық жасауға жаны құмар Айнагүл өмірде қиындықты аз көрген жоқ. Ұзақ жыл облыстық баспаханада еңбек еткен анасы Гүлсім апай дүниеден өтті. Әкесі, бауыры секілді ең жақын адамдары да оралмасқа кетті. Соған қарамастан ол тағдырдың теперішіне төтеп берді. Өзінен кейінгі бауырларына қорған болды. Бұл нәзікжанды жанға оңай емесі белгілі. Алайда, өмірдегі қандай қиындыққа да мойыған емес. 

Бүгінде ол – отбасының берекесі мен мерекесі. Жолдасы Жасұлан екеуі шаңырақтың түтінін түтетіп, ұрпақ өсіріп, келін түсіріп отыр. 

Әріптесіміз Айнагүл Николайқызына бүгінгі келіп жеткен 50 жасың құтты болсын деп айта отырып, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз. 

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз