Су басу қаупі бар тұрғын үйлер бөгетпен қоршалды
Махамбет ауылында өр суы басу қаупі бар үйлердің маңына топырақ төгіліп, қоршау жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарға 8 жүк тиегіш ауыр техника мен еріктілер жұмылдырылды, — деп хабарлайды Махамбет ауданы әкімінің кеңесшісі Алшынбек Мұқанғалиев.
Аудандық жедел штабқа судан қорғану бөгеттерінің ортасында қалған үйлердің тұрғындары өтініштерін жеткізді. Штаб өкілдерінің жедел әрекетінің нәтижесінде қажетті техникалар дер кезінде бөлініп, үй ауласының жан-жағын топырақпен қоршау жұмысы жасалды.
-Қазіргі бөгеттерге бекет қойылып, күндіз-түні кезекшілік жүргізілуде. Ахуал жедел штабтың толық бақылауында,- дейді аудандық төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың хатшысы С.Құжырбаев.
Сонымен қатар Махамбет-Сарытоғай аралығындағы уақытша тоқтатылған жол қатынасы қалпына келтірілді. Қазір құбыр маңына құм толы 1 тонналық қаптар салынып, нығайтылуда.
Айта кету керек, 9 мамыр күні жедел штабтың шешімімен су мөлшерін реттеу, ауылды тасқыннан қорғау мақсатында арнайы техникалардың көмегімен ауыларалық жол бұзылып, ұзындығы 11 метр, ені 1,5 метрлік 2 дана құбыр тұрба салынды.
Өз тілшіміз