СТУДЕНТТЕРГЕ – ЖАЙЛЫ ЖАТАҚХАНА
Бақыт Ахатұлының айтуынша, аталмыш университет – халықаралық стандарттар деңгейіне сай білім беру және кәсіби түлектерді даярлайтын еліміздің батысындағы беделді оқу орындарының бірі. Жоғары білікті педагогика, экономика және құқық, ауыл шаруашылығы мен технология, тарих және филология, өнер және журналистика, спорт пен туризм салаларына мамандар даярлайды. Жалпы алғанда, студенттердің заманға сай жоғары білікті маман болып шығуына оқу орнында барлық мүмкіндік жасалған.
— Студенттерді көптілділікке үйретуде, әсіресе, ағылшын тілін меңгеруіне арналған лингофондық кабинеттер де бар. Шетелден шақырылған мамандар университетімізге тәжірибе алмасуға жиі келеді. Бакалавр мамандығының студенттері, магистранттар да Ресей, Қалмақ Республикасында біліктіліктерін арттыруда. Біздің оқу орнында қазір Ресей, Қытайдан келіп білім алып жатқан студенттер де бар. Түлектерімізді жұмысқа орналастыру көрсеткіші 2013 жылы 75 пайызды көрсетсе, биылғы оқу жылында 85 пайызға жеткен. Университет – гуманитарлық бағытта білім беретін жоғары оқу орындары арасында он бесінші орыннан көрінді. Студенттердің бәрі де жатақханамен қамтамасыз етілген. Болашақта университет студенттеріне арнап жаңа үлгіде арнайы гимнастика, спортпен шұғылдану залдары, арнайы асханалары, жуынатын бөлмелері бар 6 қабатты жатақхана салуды жоспарлап отырмыз, — дейді университет проректоры.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.
Суретті түсірген:
Ерлан АЛТЫБАЕВ.