
«STEM HANYM» курстары басталды
Атырау облысында алғаш рет педагог әйелдер мен педагогикалық білімі бар қыз-келіншектерге арналған тегін «STEM HANYM» курстары іске қосылды. Бұл – өңірдегі әйелдердің заманауи білімге қол жеткізіп, кәсіби тұрғыда өсіп-өркендеуіне мүмкіндік беретін маңызды бастама.
Жобаның негізгі мақсаты – әйел педагогтардың STEM (яғни ғылым, технология, инженерия және математика) бағытында білімін жетілдіру, жаңа оқыту әдістерін меңгеру арқылы олардың кәсіби әлеуетін арттыру. Осылайша қатысушылар тек шәкірт тәрбиелеуші ғана емес, техникалық прогресс көшінде келе жатқан заманауи ұстаз, үлгі тұтартұлға болуға мүмкіндік алады.
Оқыту екі форматта өтеді: онлайн және офлайн. Онлайн курстарда қатысушылар STEM бағытындағы білімнің теориялық негіздерімен танысса, офлайн оқыту Құрманғазы, Махамбет, Мақат, Жылыой аудандары мен Атырау қаласында хакатон форматында ұйымдастырылады.

Жоба аясында үздік нәтиже көрсеткен 100 әйел арнайы сертификат алып, STEM-тренер атанады. Олар алған білімдерін мектептерде, үйірмелерде, зертханаларда, сыныптан тысжұмыстарда қолдануға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, үздік шыққан екі команда менторлық қолдаудан өтіп, Орталық Азиядағы STEM чемпионатының финалында Атырау облысының намысын қорғайды.
Курсқа қатысуға кімдер шақырылады?
Жаратылыстану-математикалық және гуманитарлық пәндердің мұғалімдері, балабақша тәрбиешілері, педагогикалық факультет студенттері және педагогикалық білімі бола тұра өз саласында жұмыс істемей жүрген әйелдер курсқа қатыса алады. Сондай-ақ, ерекше назар мүмкіндігі шектеулі әйелдермен мүмкіндігі шектеулі балалары бар аналарға аударылып отыр. Жоба – осы топтағы әйелдерге де кәсіби даму мен өзін-өзі жетілдіруге тең мүмкіндік ұсынады. Қатысушыларға қойылатын басты талап – педагогикалық білімнің болуы.

USTEM Foundation қоғамдық қорының директоры Асылбек Мұрзахметов жобаның мән-маңызы туралы айтып берді.
– STEM бағыты – қазіргі таңда әлем бойынша сұранысқа ие, жоғары жалақы төленетін және қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Бұл бағытта білім алғанәйелдер тек кәсіби көкжиектерін кеңейтіп қана қоймай, өз ортасында техникалық бағыттағы дамуға үлес қосатын көшбасшы, тәлімгерге айналады. Сонымен қатар, олар алған білімдерін гранттық жобаларда, мектептегі үйірмелер мен зертханаларда тиімді қолдана алады. Біз осы бастама арқылы әйелдерге өз мамандығының жаңа бір қырын меңгеруге қолдау көрсетуді мақсат етеміз, — деп түсіндірді жоба ұйымдастырушысы.
Курстарға тіркелу 10 тамызға дейін www.stemhanym.kz ресми сайтында жүргізіледі.
Майра ЕРҒАЛИ