Жарнама
Жаңалықтар

ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰЛАҒАТТЫ ҰЯСЫ СЕКСЕН БЕС ЖЫЛДЫҚ МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ

Оқу ордасы 1929 жылы Гурьев педагогикалық училищесі болып құрылып, болашақ мұғалімдер даярлап, білім саласының дамуына атсалысты. 1932 жылы алғашқы түлектері облысымыздың ең алыс аудандарына жолдамамен аттанып мұғалімдік жолдарын бастаған. Қазірде мұнда 3000-ға жуық студентке 150 оқытушы 14 мамандық бойынша сабақ береді.
Бүгінгі таңда гуманитарлық колледж еліміздің бірқатар оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Осы орайда конференцияға көршілес Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарынан да оқытушылар қатысты. Аймақтық конференцияны колледждің директоры Айжан Қарабаева ашып, жиналғандарды мерейтоймен құттықтады. Конференцияда алдымен еңбегімен еленген ұстаздар марапатталды. Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Шәкіржан Мырзағалиев ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің және облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің құттықтау хатын оқып беріп, білім ордасының бір топ оқытушысын ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен, Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапаттады.
Колледждің бұрынғы директоры Рашила Мұрсалиева да тілегін білдіріп, өзі басшы болған кезіндегі әсерлі әңгімелерімен бөлісіп, Қатира Дүтбаеваның қайраткерлігі туралы естеліктер айтты. Колледж ұстаздарының әрқайсысы қандай да марапатқа лайық. Шара барысында олардың еңбектері ескерусіз қалмады. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегеновтің құттықтау хатын Атырау облыстық мәслихатының аппарат жетекшісі Тамара Аман-Турлина табыс етті.
Пленарлық мәжілісте колледж түлектері, бүгінгі күні білікті ұстаз атанған Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің педагогика және психология пәндері бірлестігінің жетекшісі Армангүл Асқарова «Болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудағы өзекті бағдарлар» тақырыбында баяндама жасаса, Маңғыстау гуманитарлық колледжінің оқытушысы Гүлбану Қадырова «Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарындағы инновациялық әдістер мен технологиялар» тақырыбында ойын ортаға салды.
Бұл күні жылы лебіздер мен құттықтаулар молынан айтылды. Ғылым мен білімнің, игілік пен ізгіліктің киелі ордасына айналған шаңырақтың мерейтойына облысқа танымал зиялы қауым көп жиналды. Бірі тарихы тереңге бойлаған білім ордасында қызмет еткен, көз көрген әріптестері жайында естелік сыр ақтаруға келсе, енді бірі сүйікті ұстаздарына алғыс жаудырып, ақ жарма тілектерін ала келіпті. Колледждің байырғы ұстаздары мен басшылары, ардагер-ұстаздар Айман Қаленова, Жаукен Көшенов, Сатымғали Қабделов, Айша Әбенова, Базарбай Ищанов, Баянсұлу Тыныбаева және басқалары жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әліпқали Бекеш те құттықтап, Алғыс хат табыстады.
Колледждің сексен бес жылдығына арналып шығарылған «Ұлағатты ұя» атты жинақпен қоса атаулы күннің төсбелгісі мәжіліс соңында көпшілікке таныстырылды.
Пленарлық мәжілістен кейін оқытушылар секциялық отырыста бас қосты. Олар еліміздегі кәсіптік-техникалық, дуальдық бағытта білім беру жүйесі бойынша тәжірибе алмасып, ойларын ортаға салды.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ,
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button