ҰСТАЗ РУХЫНА ТАҒЗЫМ
Осындай игі жұмыстардың әрқашан ортасынан табылатын, әрбір жаңашыл бастаманың ұйытқысы болып жүретін, ғылымдар патшасы болып саналатын математика ғылымының дамуына әлемдік деңгейге дейін сүбелі үлесін қоса білген белгілі ғалым Нарғозы Тұрсынбайұлы Данаев болатын. Амал не, «жазмыштан озмыш жоқ» дегендей, әлемдік математика және механика ғылымдарына қомақты үлес қосқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Ұлттық және Халықаралық инженерлік академиялардың академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Математика және механика ғылыми-зерттеу институтының директоры Нарғозы Тұрсынбайұлы Данаев өткен жылдың желтоқсан айында, 68 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Қашан да қара сөздің жүйесін таба білетін халқымыздың «тозбас темір, азбас өмір жоқ» деп бекер айтпағандығын Нарғозы Тұрсынбайұлы өмірден өткенде тағы да бір айқын аңғардық. Терең білім, парасат иесі, жаны жайсаң, турашыл әрі әділ азамат тірі болса 3 қыркүйекте 68 жасқа толар еді. Мынау фәни жалғаннан адамзат баласы осылай көше бермек.
Жамбыл облысының Талас ауданында туып-өскен Нарғозы Данаев ғылым бағытындағы ізденістерін Қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультетін үздік бітірген соң, Ресейдің Новосібір мемлекеттік университетінің аспирантурасында жалғастырды. 1981 жылы академик Н.Яненконың жетекшілігімен КСРО Ғылым Академиясының Сібір бөлімшесінің Есептеу орталығында физика-математика ғылымдары бойынша кандидаттық диссертациясын табысты қорғағаннан кейінгі өмір жолы өзінің білім алған Қазақ Ұлттық университетімен тығыз байланысты болды. Қандай қызметте де өзінің терең теориялық білімі мен өнегесін, азаматтық, адамгершілік үлгісін, шебер ұйымдастырушылығын көрсете білген білікті маман Нарғозы Тұрсынбайұлы әр жылдарда өзіне сеніп тапсырылған жауапты қызметтерді, ал, 1994 жылдан бастап өмірінің соңына дейін әлемге әйгілі математик, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Ш.Смағұловпен бірге өзі негізін қалаған ҚазҰУ жанындағы Математика және механика ғылыми-зерттеу институтының директоры жұмысын абыроймен атқара білді. Басшылық жұмыспен қатар өзінің ғылыми зерттеулерін де жүргізе отырып, ел ғылымының дамып, өркендеуі жолында қажымай-талмай еңбек етті. Жүргізілген зерттеулерінің нәтижесі негізінде 1995 жылы «Гидродинамика теңдеулерін шешудің тиімді сандық тәсілдері» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғады.
Н.Данаев (Ш.Смағұлов, Б.Жұмағұловпен бірлесе отырып) Қазақстан Республикасының мұнай-газ орындары үшін бақылау, талдау және болжамдалуының ақпараттық жүйесін құру, сонымен бірге, көпфазалық сүзу процестерін сандық пішімдеу жұмыстарын жүргізді. Осы бағыттағы ізденістер негізінде дүниеге келген ғылыми нәтижелері Маңғыстау облысындағы Жетібай кен орнында орналастырылған «ИСАР» автоматтандырылған жүйесі мәліметтерінің дәлдігі бойынша Англияның «Tiegress» жүйесінен асып түскендігі дәлелденді. Бұл автоматтандырылған жүйе ғылымдағы ірі табыстардың бірі және сонымен қатар, қазақ ғылымындағы математикалық модельдеудің, есептеу математикасының, қолданбалы механиканың өрісті дамығандығының нақты дәлелі болды. Бұл зерттеулер қорытындысы Қазақстан өнеркәсібінің жетілуіне зор ықпал етті, жұмыстардың нәтижелері Қазақстан Республикасының мұнай кен орындарына кеңінен енгізілді. Маман дайындау және математика ғылымының дамуы барысындағы жетістіктері мен «Газ бен сұйық динамикасының есептеу моделі. Теория және есептеу тәжірибесі» циклды еңбегі үшін Н.Данаевқа 1994 жылы Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді. Топтық жұмыс болғандықтан бұл сыйлықты белгілі ғалым, қоғам қайраткері Бағытжан Жұмағұлов және «Қазақ математикасының Мұхтар Әуезові» атанған қазақтың маңдайына сыймай кеткен айшықты ғұлама ғалымы марқұм Шалтай Смағұловпен бірге алған болатын. Адам бойындағы асыл қасиеттерді, білімі мен талантын айрықша танып, біле алатын Нарғозы ағамыз ғылым жолындағы әріптесі, қимас досы Шалтай Смағұлұлына «Қазақ математикасының Мұхтар Әуезові» деген шынайы атақты Шалтай ағамыздың көзі тірісінде оның ерекше дарынына білдірген ілтипаты еді. Өзгенің ғылымдағы жетістіктері мен дарынын көре білетін Нарғозы Тұрсынбайұлының өзі де ақпараттық технология және есептеу гидродинамикасы саласындағы белгілі ғалым еді.
Н.Данаев қазақстандық математика ғылымының әлемнің алдыңғы қатарлы жетістіктері деңгейіне дейін шығуы үшін бар ынта-жігерімен жұмыс жасаған нағыз патриот еді. Оның Түрік математиктерінің бүкіләлемдік қоғамының басқарма мүшесі, Ресей ҒА Сібір бөлімшесінің Халықаралық кешенді интеграциялық жобасының тете үйлестірушісі қызметтерін атқаруы осының нақты дәлелі болды.
Есімі елімізге ғана емес әлемге әйгілі ғалым Нарғозы Тұрсынбайұлы өзінің артында өшпес мұра қалдырды. Оның 200-ге тарта ғылыми еңбегі мен жеті монография, төрт оқулығы білім, ғылымға ұмтылған әр адам үшін баға жетпес дүние екендігі даусыз. Өнертапқыш ретіндегі 15 авторлық куәлік иегері. Ғалым ағамыздың жетекшілігімен есептеу математикасы және математикалық модельдеу саласында 20 кандидаттық, 8 докторлық, 4 РһD диссертациялары қорғалды.
Нарғозы Тұрсынбайұлының Қазақстанның батыс өңіріндегі математика ғылымының дамуына өзіндік үлесі бар екендігін ерекше айтуға болады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Математика және механика ғылыми-зерттеу институтының директоры ретіндегі қызметтері кезінде ғылым жолында жүрген ізденушілермен тығыз байланыста болды. Жетекші мекеме немесе ғылыми оппоненттер көбіне осы ғылым академиясы мен ғылыми-зерттеу институттарынан алынатын. Атырау облысының білім саласында жүрген көптеген ғалым-қызметкерлердің ғылым жолындағы жетістіктері белгілі ғалым Н.Данаевтың есімімен тығыз байланысты. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен Атырау мұнай және газ институтында дәстүрлі түрде өткізіліп отыратын Халықаралық ғылыми конференцияларға үнемі қатынасып, ғылыми бағыттағы ой-пікірлерімен, болашақ жоспарларымен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңесін айтып отыратын. 2014 жылдың сәуір айында өткен дәстүрлі ІV халықаралық «Қазіргі білім беру кеңістігіндегі физика-математика ғылымдарының ролі» атты ғылыми-практикалық конференцияға қатынасып, баяндама жасаған болатын.
Нарғозы Тұрсынбайұлы бастаған ісін аяғына дейін сапалы аяқтағанша асығатын ғалым-педагог еді. Ғалымның талай жылғы адал еңбегінің жемісі ретінде үкімет тарапынан «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақстандағы инженерлік істі дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, «Механика ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» академик Ж.С.Ержанов атындағы үлкен алтын медалімен, «Астана» медалімен, ҚР Президентінің Алғыс хаттарымен марапатталған болатын. Өскелең ұрпақ тәрбиелеу жолындағы ағартушылық еңбегі жоғары бағаланып, Нарғозы Тұрсынбайұлы 2008 жылы «ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» республикалық грантының иегері болды. Бұл ғаламат жетістіктер ұлт болашағын ойлаған ғалымның келер ұрпақ алдындағы парызы мен қарызының өтеуі деп түйдік.
Шығыстың ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы, оның ары мен ел үшін еткен еңбегінде» – деген екен. Саналы ғұмырын өз елінің болашағына арнаған бірегей тұлға, қазақстандық математика ғылымының дамуына қомақты үлес қосып, осы жолда мыңдаған шәкірт тәрбиелеген, әрбір шәкіртінің биік белестерден көрінуіне тілекші болған, өзінің нағыз ізденімпаз ғалым екенін таныта білген, әлемге белгілі ғалым-ұстаз, әріптесіміз Нарғозы Тұрсынбайұлы Данаевтың жарқын бейнесі жадымызда сақталады. Н.Данаевтың ғаламдық математикалық ой-танымның қазынасына айналған ғылыми мұрасы – келешек ұрпақ игілігі екендігі анық.
Бекет КЕНЖЕҒҰЛОВ,
техника ғылымдарының докторы, профессор, Атырау облыстық мәслихатының депутаты.