Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Спортты серік еткен атыраулық мемлекеттік қызметші жеңімпаздар қатарынан көрінді

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен Challenge «Сенің жаңа қырың» атты бұқа­ралық спортты дамыту жобасы басталған болатын. Ел тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау және спортқа қызығушылықты арттыруды басты мақсат тұтқан жобаға Елбасы арнайы бейне үндеу жолдап, қазақстандықтарды белсенді өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға шақырған еді. Бұл онлайн-жобаны іске асыруды «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қолға алды.

Спортты серік еткен

Елбасының «Сенің жаңа қырың» бастамасының шартына сәйкес, жобаға қатысушылар 4 маусым мен 25 шілде аралығында, яғни, 21 күн бойы 30 минуттық бекітілген әртүрлі жаттығу кешенін орындап, фото және бейнеесепті әлеуметтік желідегі парақшаға жариялауы қажет болатын. Қазақстан бойынша он мыңға жуық адам қатысқан жобаның жеңімпаздары Астана қаласының 20 жылдық мерейлі мерекесінде анықталып, олар елордада өткен «Open Air Event» шарасы аясында арнайы марапатталды. Жеңімпаз атанған 18 қатысушының арасында атыраулық Әлібек Науаров та бар.

Бүгінде Жылыой ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас маманы – баспасөз хатшысы болып еңбек ететін Әлібек 21 күн бойы тұрақты түрде спорттың жеңіл атлетика түрімен айналысып, 84 шақырымды жүгіріп өткен. Ол Астана қаласында өткен жеңімпаздар шеруіне қатысып, басқа да жүлдегерлермен бірге арнайы сый-сияпатқа ие болды.

Мен – жайлауда әкеме көмекші болып, шынығып өскен жігітпін. Әкем рауандап таң ата бастағаннан оятып, жайылып жүрген жылқыны әкелуге жұмсайтын. Ал, жүгірумен 2015 жылдан бері айналысамын. Кезінде сәл ғана үзіліс болды, бірақ, мемлекеттік қызмет саласына келгелі үзбей шұғылданып жүрмін. Күнде таңертең сағат 6.30-да дайындық жаттығуларын жасап,  7.00-ден 8.00-ге дейін бір сағат жүгіремін. Күндік норма 3,5-4,5 шақырымды құрайды. Содан соң, турникке тартыламын, — дейді Әлібек Науаров.

Жерлестерін салауатты өмір салтына үндеп, өзі де тұрақты түрде спортпен айналысуға уақыт тауып жүрген мемлекеттік қызметшінің замандастарына айтары бар.

Кейбір таныстарыма «Неге жүгірмейсің?» десем, «Стадион алыс», «Жүгіретін ыңғайлы көше жоқ», «Бізде ауа лас» деп түрлі сылтауды айта бастайды. Жүгіргісі келетін адамға мұның барлығы кедергі емес. Таңғы 6.30 шамасында Құлсары қаласында ауа таза болады, асфальтты жолмен машиналар көп жүрмейді. Содан соң күніне бір шақырым жүгірсе де жарайды, ол үшін стадионның қажеті жоқ, әркім өзі тұратын жерден ыңғайлы орын тауып алса болғаны. Елбасымыз атап өткендей, спорт – сергек жүруіңе, табысты болуыңа, тіпті, ұзақ жасауыңа көмектеседі, — дейді ол.

Нұрсұлтан  МЫҚТЫБАЙ,

Жылыой ауданы.

Related Articles

One Comment

  1. Елбасының салиқалы саясатын қолдап, оны іске асыратын мемлекеттік қызметшілердің бұқаралық спортпен шұғылдануға жұртшылықты ынталандыруы көңілді қуантады. Жалпы, мемлекеттік қызметте жоғарғы лауазымдарға осы Науаров Әлібектей салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтарды тағайындау керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button