Атырауда спортшыларға құрмет көрсетілді
Қазақ күресінен ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасы Кубогінің иегері атанған Атырау облысының құрама командасымен кездесу өтті.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қажымұхан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған спорт додасында жеңіске жеткен спортшылармен кездесуге қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова спортшыларды бүгінгі бейбіт күннің батырлары деп есептейтіндігін айтты.
- Көк байрағымызды желбіретіп, алыс-жақын шет елдерге елімізді танытып
жүрген сіздермен жүздесу біз үшін үлкен құрмет. Мұнайлы өлкеміздің атын шығарып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген сіздер арттарыңыздан ерген іні-қарындастарыңызға үлгісіздер. Атырау тарихында қазақ күресінен алғаш рет Қазақстан кубогін иеленіп келген сіздерге алғыс білдіремін. Айтулы күні сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Жауырындарыңыз жерге тимей, әр қазақтың баласы сіздердей болсын,-деді облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Қайыржанқызы.
Еліміздің барлық өңірінен қатысқан балуандар бәсекесінде өнер көрсеткен спортшыларымыз жергілікті «Бәйтерек» спорт клубының мүшелері. Облыс көлемінде күрес түрлерін, оның ішінде қазақ күресін дамыту мақсатында құрылған клуб былтыр ғана ашылған болатын. Содан бері толайым табыстарға қол жеткізіп келетін клуб болашағынан көп үміт күттіріп отыр.
Қазақ күресінен спорт шебері, облыс құрама командасының капитаны Сұңғат Закарияев облыс әкімдігі мен шара ұйымдастырушыларына команда атынан алғыс айтып, Қазақ күресінен ерлер мен әйелдер арасында иеленген Қазақстан Республикасының Кубогін облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға салтанатты түрде табыстады.
Мемлекеттік рәміздер күнімен тұспа-тұс келген кездесуде спорт демеушілері жылы лебіздерін білдіріп, ақшалай және басқа да сыйлықтар тарту етті.
Алмас ҚАБДОЛОВ