СПОРТ – сергектіктің кепілі
Atr.kz/18 тамыз, 2019 жыл. Асылы, адамның денсаулығын жақсартып, оның өмір жасын ұзартып, рухын асқақтатып, тәні мен көңілін сергек қылып, сымбатты әрі жинақы жүруіне септесетін құдіретті күш, ол – спорт. Бүгінде облысымызда адам үшін осыншама маңызға ие дене тәрбиесі мен спортты дамытуға барлық жағдайдың жасалып жатқаны көңіл қуантады. Мемлекет тарапынан қолдауға ие болып отырған осы саланың дамуын біз облысымыздың әр өңірінде бой көтерген спорт нысандарынан, спортшыларымыздың жетістіктері мен күнделікті өмірде халықтың саламатты өмір салтына ден қойып отырғанынан білуімізге болады.
Бірақ, кей кезде осы істелініп жатқан жұмыстардың халық назарынан тыс қалып қойып жататын кездері болады. Осы себепті біз Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат ИБРАГИМОВПЕН кездесіп, өңіріміздегі дене шынықтыру және спорт саласының жай-күйін, бұқаралық спорт пен дене тәрбиесін насихаттауда атқарылып жатқан жұмыстарды білу үшін әңгімеге тартқан едік.
– Ринат Хисаұлы! Елбасымыз түрлі деңгейдегі әкімдерге дене тәрбиесі мен бұқаралық спортты дамыту мақсатында спорт нысандарын көптеп салуды, халық арасында саламатты өмір салтын барынша насихаттауды тапсырған болатын. Өңірімізде осы бағытта атқарылған жұмыстар жөнінде айтып өтсеңіз.
– Иә, Елбасымыздың тапсырмасын уақытында орындау біздің міндетіміз. Осы мақсатта біз жыл сайын бірқатар жұмыстар атқарып отырамыз. Мәселен, өткен жылы осы негізде 4 спорттық кешен, 25 спорттық арнайы зал пайдалануға берілсе, биылғы жылы Махамбет ауданының Ақжайық ауылы мен Құрманғазы ауданындағы Ақкөл ауылдарында жергілікті бюджет есебінен, ал, Жылыой ауданының Майкөмген ауылында «ТШО» ЖШС-нің демеушілік есебінен спорттық кешендер салу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай- ақ, облыс орталығындағы «Талқайраң» елді мекенінен футболға арналған, ал, «Самал» шағын ауданынан жеңіл атлетикаға лайықталған жабық манеждер салу қолға алынуда. Жалпы бүгінгі күні облысымыздағы спорт нысандарының ұзын саны 1073-ті құрайды.
Қазіргі таңда облысымызда 16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс жасайды. Оның 5-і қала аумағында болса, 11-і ауылдық жерлерде. Тиісінше, бұл мектептерде спорттың 25 түрі дамытылуда. Биыл бұл спорт мектептерінде спортпен шұғылданушы балалар мен жасөспірімдердің саны былтырғымен салыстырғанда 473 балаға көбейіп, ол 13 347-і құрап отыр. Бұлардан бөлек жалпылай спортпен тұрақты шұғылданушылар облыс халқының 32,0 пайызын құрайды екен. Ол шамамен 200 мыңнан астам адам салауатты өмір салтын ұстанады деген сөз. Сондай-ақ, спорт түрлерін дамыту мақсатында облыс көлемінде 8361 секция жұмыс жасайды. Оның 3401-і ауылдық жерлерде қызмет көрсетуде.
– Мұнайлы өңірімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың спортқа ден қоюы туралы айтып, оларға деген қамқорлықтың барысына да тоқтала кетсеңіз.
– Мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тарту мақсатында жергілікті әкімдік тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Бүгінгі күні бұл санаттағы азаматтар арасында 600-ге жуық адам спорттың әр түрімен тұрақты түрде шұғылданады. Мүгедектер спорт клубына бір спорттық кешен толығымен беріліп, спортшыларды оқу-жаттығу залдарына тікелей үйлерінен тасымалдау үшін арнайы 4 автокөлік бөлінген. Осы спорт кешенінде тірек қозғалыс жүйелері бұзылған, есту қабілеті төмен, зағип санаттағы 316 спортшы спорттың 17 түрімен тұрақты түрде шұғылданады. Облыс көлемінде мүмкіндігі шектеулі жандардың 528-і спортпен айналысса, олардың 13-і халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иеленген. 57 спортшы ұлттық паралимпиялық құрама сапында жарыстарға қатысып жүр. Ал, 28 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері, 41-і спорт шеберлігіне үміткер.
– Биылғы жыл Жастар жылы екенін білесіз. Осы жасөспірімдер мен жастар спортының даму деңгейі қалай?
– Осы бағытта жасөспірімдер спортын дамыту мақсатында биыл қаламызда муай-тай, теннис пен дойбыдан Қазақстан чемпионаты және суға жүзуден «Көңілді дельфиндер» атты ел чемпионатының бірнеше кезеңі өткізілді. Сондай-ақ, баскетболдан облысымыздың барлық өңірінен келген 30 команда арасында облыстық жасөспірімдер лигасы болып өтті. Наурыз айында «Жайық» мәдени-спорт кешенінде дзюдодан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионат ы ж о ғ а р ы дәрежеде ұйымдастырылып, оған еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ге жуық палуан қатысты. Сәуір айында Жылыой ауданының орталығында осы Жастар жылы аясында «Құлсары марафоны» атты жаппай жүгіру сайысы өтті. Аудан тарихында алғаш рет ұйымдастырылған бұл спорт мерекесіне жалпы саны 2 мыңнан астам адам қатысты. Олар «Спорт – денсаулық кепілі» деген ұранмен ұзақтығы үш шақырымдық жолды жүгіріп шықты.
– Ағымдағы жылы өңірімізде қандай ірі жарыстар, спорттық шаралар өткізілді?
– Жыл басынан бері облысымызда шамамен 750-ге жуық спорттық шаралар өткізілді. Оның 450-і ауылдық жерде. Кейбірін атап өтсек, ақпан айында Атырау қаласында тұңғыш рет қысқы марафон ұйымдастырылып, күннің суығына қарамастан бұл сынға 500-ден астам қала тұрғындары белсене атсалысты. Наурызда ардагерлер арасында волейболдан Д.Қонаев атындағы Республикалық турнир өтті. Оған еліміздің 8 өңірінен спортшылар келді. Олардың арасында Олжас Сүлейменов сынды белгілі қоғам қайраткері де болды. Сондай-ақ, облысымызда екінші мәрте жекпе-жектен ерлер арасында Қазақстан чемпионаты өтіп, ұлттық спортымызды тамашалауға 2000-ға жуық көрермен келді. Сәуір айында дәстүрлі түрде үшінші рет өткен «Атырау марафонына» 3000-нан астам адам қатысты. Бұндай марафондар аудандарда да жүйелі түрде өткізіліп келеді. Ал, маусым айында өткен «Түнгі марафонда» 1000-нан астам қала тұрғыны жүгірді.
Сонымен қатар, осы жылы алғаш рет олимпиадалық емес спорт түрлерінің басын қосқан Жауынгерлік өнер ассоциациясы құрылып, облысымызда 10 мыңға жуық көрермен тамашалаған Жауынгерлік өнер фестивалі өтті. Маусым айының басында облысымызда тұңғыш рет арбадағы биден Қазақстан чемпионаты және халықаралық жарыс өтті. Одан бөлек, Исатай мен Махамбеттің рухына арналған дәстүрлі бокс турнирі кезекті рет шартараптағы кіл мықтыларды жинады. Төрт жылда бір рет өтетін жазғы спартакиада ойындары аясында карате мен таеквондо сайыстары Жайық жағасында жалауын көтерді. Сондай-ақ, жергілікті өнерпаздардың басын қосқан «Өнер барысы» атты облыстық қазақ күресі турнирі өткізілді.
– Сөзіңіздің соңында әртүрлі сындарда аймағымыздың абыройын асқақтатқан жергілікті спортшыларымыздың жеткен жетістіктеріне қысқаша шолу жасай кетсеңіз.
Осы жылдың жеті айында атыраулықтар түрлі спорттық ж а р ы с т а р ғ а қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Олар ресми сайыстардан 800-ге жуық медаль еншіледі. Осы жеңістер нәтижесінде алты Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, отыз Қазақстан Республикасының спорт шебері және сексен Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер дайындалды. Тек ірілерін атап айтқанда, Түркия елінде өткен паратаеквондодан Әлем чемпионатында жерлесіміз Нұрлан Домбаев екі дүркін әлем чемпионы атағына ие болса, Ұлан Мұқашев Ресейде өткен жекпе-жек сайысынан әлем чемпионатында жеңіске жетті. Ал, Еламан Саясатов муай-тайдан әлемдік доданың қола жүлдесін еншілесе, күні кеше еркін күрес шебері Сырбаз Талғат жастар арасында екі дүркін әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан:
Мұратбек ЖАҢАБАЙ