Сөз өнерінің сарбазына құрмет көрсетілді
Мұнайлы Мақат кентінде дүниеге келген ол
осында онжылдықты бітірісімен өндірісте мұнайшы-оператор болып еңбек жолын бастады. Кейіннен Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдап, журналист мамандығын меңгерді. Жылыой аудандық “Кең Жылыой” газетінің бас редакторы, облыстық “Полиграфия” өндірістік бірлестігінде бас директор, балаларға арналған «Алтын сақа» танымдық газетінде құрылтайшы редактор. Бұл бүгінде жоталы жетпістің желкенін керіп отырған Болат Дәулетовтің саналы ғұмырын арнап келе жатқан журналистика саласында атқарған сан-салалы қызметінің бір парасы ғана.
Ол — Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі, Жылыой және Мақат аудандарының Құрметті азаматы, ақын. Ең алғашқы жыр кітабы осыдан он бес жыл бұрын “Ол-Жас” баспасынан (Алматы қаласы) балаларға арналған “Тал бесігім-Атырау” атты балаларға арналған жыр жинағы жарық көрді. Соңынан олардың қатарын “Шуағым”, “Мейірім», “Базарлық”, “Сыр мен жыр”, “Бала би” кітаптары толықтырды. Мұның бәрі мерейлі жасқа толған ақынды ұлықтауды мақсат тұтқан “Тал бесігім — Атырау» тақырыбындағы шығармашылық кештегі әңгіменің арқауына айналды.
Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда өткен іс-шарада алғашқы болып мерейгерді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов құттықтады. Ол облыс әкімі Серік Шәпкеновтің құттықтау хатын иесіне табыстап, республикалық ардагерлер ұйымының “Бейбарыс” орденін кеудесіне тақты.
Кеште ақын Болат Дәулетовтің жақында баспадан шыққан ,,Көңілдің бір жапырақ парақтары» жаңа жыр кітабы оқырманған қауымға таныстырылды. Тұсаукесер рәсімін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, қоғамдық кеңестің төрағасы Мақсым Ізбасов, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп, Қазақстан Жазушылар Одағының аймақтағы өкілі Әлия Даулетбаева, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов өткізді. Одан кейін кеш иесін “Атырау-Ақпарат” медиахолдингі бас директорының орынбасары Серік Қабдолов құттықтады.
Мерейгер облыстық қоғамдық кеңестің “Қоғам
жанашыры» медалімен марапатталып, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағы төрағаларының құттықтау хаттары мен сый-сияпаттары ұсынылды.
Мерейтойына орай әріптесімізге “Қазақстанның Құрметті журналисі» атағы салтанатты жағдайда табыс етілді. Қаламдастары атынан жылыойлық ақындар Бүркіт Базарбаев пен Сәулеш Шәтенова сахна төріне көтерілсе, Жылыой өңірі жұртшылығының жылы лебізін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Әлібек Науаров жеткізді.
Әсем әуезді әнмен, жүрекке жылы жырмен өріліп, көпшілікке рухани нәр сыйлаған кеште ақын өлеңдері оқылып, оның шырайын кіргізді. Олардың қатарында Атырау қаласының ,,Мирас» шағынауданында орта мектептің оқушылары мен C.Мұқашев атындағы Атырау жоғары политехникалық колледжінің студенттері болды. Өз кезегінде Болат Дәулетов жырларын жанына серік еткен оқырмандары мен ұлықтаған жұртын жүрекжарды алғысын арнады.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ