Сот төрелігі туралы 700 беттік кітап жарық көрді
Atr.kz/4 қараша, 2020 жыл. Атырау облысының соттары 2020 жылдың 9 айындағы сот төрелігін жүзеге асыруды қорытындылады.
Атырау облыстық сотында онлайн режимде 2020 жылдың 9 айындағы облыс соттарының жұмыс қорытындысына арналған кеңейтілген кеңес өтті.
Кеңес жұмысына сот алқаларының төрағалары мен облыстық соттың судьялары, Соттар әкімшісінің басшысы , аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары қатысты, судьялары БКБ арқылы қосылды.
Кеңес барысында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен сот актілерінің түрлі нұсқаларын жасақтау бойынша әзірленген «Сот актілерінің мемлекеттік тілдегі үлгілері» жинағы таныстырылды.
Басылымды таныстыра келе, Соттар әкімшісінің басшысы Гүлжан Жұмағалиева жинақтың қылмыстық, азаматтық істер бойынша 300 сот актілерінен және көлемі 700 беттен тұратыны, кітаптың 1 мың данасы шығарылғаны туралы ақпарат берді.
Г.Жұмағалиева кітаптың мазмұнында азаматтар үшін түсінікті бірыңғай және стандарт терминдердің ұсынылғанын, сот ісін жүргізуде жиі қолданылатын жеке терминдер мен сөз тіркестерінің аудармасы келтірілгенін атап көрсетті.
«Осы сот актілерінің мемлекеттік тілдегі үлгілерінің жинағы АҚШ халықаралық даму агенттігінің гранты бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының және Америка заңгерлері қауымдастығының құқық үстемдігі бастамасы сот жүйесі бағдарламасының ынтымақтастығы шеңберінде шығарылды» — деп түсіндірді Г.Жұмағалиева.
Жиын барысында сот алқаларының төрағалары Манат Комиршинов және Тәтті Уалиева баяндама жасап, сот төрелігін жүзеге асырудың негізгі кезеңдеріне, сондай-ақ, соттар жұмысын одан әрі жетілдіру мәселелеріне тоқталды.
Тәтті Уалиева қылмыстық істер бойынша жұмыс сапасы туралы айтып, соттармен қаралған істер бойынша статистикалық мәліметтер келтірді. Ол сотқа келіп түскен және аяқталған істер санының, сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін сотталғандар санының артқанын атап көрсетіп, қылмыстық істерді қарау барысында заңдылықты қатаң сақтау қажеттігіне судьялардың назарын аударды.
Есепті кезеңде облыс соттарымен 1054 тұлғаға қатысты 868 қылмыстық іс қаралған. Оның ішінде, 776 тұлғаға қатысты 647 қылмыстық іс үкім шығарумен аяқталған. Облыс соттарымен медиатордың қатысуымен 47 қылмыстық іс қаралған.
Манат Комиршинов өз сөзінде Жоғарғы Сотпен сот актілерінің жасақталуына ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты. Ол сот актілерін шығару кезінде материалдық және процессуалдық құқық нормаларын қатаң сақтау, сот актілерін сапалы жасақтау, сот төрелігін сапалы, заңды және әділ жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажеттілігіне назар аударды.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес есепті кезеңде Атырау облысы соттарына 8494 талап арыз түскен, шешім шығарумен қаралған істер саны – 4487. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 8238 іс қаралған.
Азаматтық істер бойынша татауластыру рәсімдерін қолданумен 909 іс аяқталған. Медиацияны қолданумен 451 әкімшілік іс қаралған.
Судья әдебі жөніндегі комиссия төрағасы Айгүл Калимукашева 2020 жылдың 9 айындағы судьялардың іс-әрекетіне қатысты шағымдар туралы баяндады.
Атырау облыстық сотының судьясы Гүлмира Исамберлиева 2020 жылғы 9 айда Атырау облысының соттарымен татуласу рәсімдерін қолдану арқылы аяқталған азаматтық істерді қарау тәжірибесіне тоқталды.
Спикер татуластырушы-судья, татуласу орталығы мен медиация кабинеттерінің, Билер кеңесінің жұмысы туралы айтып, сот тәжірибесінде татуластыру рәсімдерін тұрақтандыру және соттарға жүктемені азайту мақсатында шаралар қабылдау қажеттігіне сот төрағаларының назарын аударды.
Атырау обылстық сотының судьясы, Оқу орталығының үйлестірушісі Анаргүл Салихова АПК-не соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелерімен 2020 жылдың 20 маусымында заңды күшіне енген түзетулерден кейінгі қаралған істер бойынша сот тәжірибесіне тоқталды.
Баяндамашы түзетулерді ескере отырып, АПК ережелерін сақтау қажеттілін атап көрсетті.
Сот төрағасы есепті кезеңдегі облыс соттарының жұмысын қорытындылай келе, өткен съезде айтылған соттардың жұмысы, олардың жүзеге асырылу барысы, соттарда жаңғырту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізілген жұмыстар туралы айтты. Сондай-ақ, сот төрағаларының атына ескертулер айтып, қоғам және БАҚ-пен жұмысты жандандыруды, заң талаптарын сақтап, жыл соңына дейін көрсеткіштерді жақсартуды тапсырды.
Аман ШАМАР