Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Смартфон жеткілікті: елімізде халық санағы басталды

Қыркүйек айының 1-інде елімізде кезекті ұлттық халық санағының негізгі кезеңі басталды.

Осыған орай жүргізілген дайындық шараларының жай-күйі, биылғы санақтың жаңалықтары мен ерекшеліктері жайлы әңгіме өрбіту үшін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Галя Мұханғалиевамен сұхбаттасқан едік.

–Галя Кәшуқызы, сөзіңіздің ұлттық халық санағының бірінші кезеңінің қалай өткендігінен бастасаңыз?

–Бұл екі кезеңнен тұратын мемлекеттік маңызды стратегиялық шараның бірінші кезеңі болып табылады. Бұған дейін де айтып кеткенімдей, ол 2021 жылдың 1-30 маусым аралығын қамтыды. Жинақталған деректер аудандастыруға, яғни өңірдегі әрбір елді мекеннің аумағын санақтың негізгі кезеңін өткізуге нұсқаушылық және есеп учаскелеріне бөлу үшін пайдаланылды.

Қазіргі таңда аудандастыру жұмыстары толық аяқталды. Атырау облысының аумағы 111 нұсқаушылық және 787 есеп учаскелеріне бөлінді. Оның ішінде Атырау қалалық әкімшілігінде 61 нұсқаушылық және 436 есеп учаскесі құрылды. Негізгі кезеңде әрбір интервьюерге өзіне жүктелген есеп учаскесінде орташа есеппен алғанда 833 адамға қатысты ақпаратты планшетке енгізу міндеттелді.

– Енді, негізгі кезеңнің жайына, жалпы осы жолғы санақтың бұғайн дейінгілерінен айырмашылығына қарай ойыссаңыз?

Ұлттық халық санағының негізгі кезеңі 1 қыркүйек – 30 қазан аралығында өткізіледі. Бұл кезеңде облыс бойынша 898 адам уақытша жұмысқа тартылады. Оның ішінде, 111-і нұсқаушы-бақылаушы және 787-і интервьюер. Санақ персоналына қойылатын негізгі талаптар: ҚР азаматы, кәмелеттік жасқа толған немесе 18-ден жоғары, компьютерде жұмыс істеу дағдысының және вакцинациялаудан (ковидке қарсы екпе алған) өткен болуы керек. Кандидаттардың кәсіби білімі мен жұмыс өтіліне шектеу қойылмайды, яғни талап етілмейді.

2021 жылғы халық санағының осыған дейін өткізілген осындай науқандардан  елеулі ерекшелігі – интернет (ғаламтор) желісі арқылы электронды санақ парақтарын толтыру және портативті құрылғыларды (планшеттерді) пайдалану болып табылады.

Сонымен қатар, ақпараттың қайталануын болдырмау мақсатында алғаш рет санақ парағына респонденттердің жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) енгізіліп отыр.

Сонымен қатар, биылғы халық санағы барысында тіркелген немесе орналасқан орнына қарамастан Қазақстанда тұратын барлық респонденттер есепке алынады. Атап айтсақ, төмендегідей санатағылар санақтан өткізіледі:

— Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын ел азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар;

— Мемлекеттік билік органдарының желісі бойынша қызметтік міндеттерін (дипломатиялық корпус) орындаумен немесе ұзақ мерзімді қызметтік ісссапармен, оқуға («Болашақ» халықаралық білім беру бағдарламасы бойынша оқитындарды қоса) байланысты 12 ай және одан да ұзақ мерзімде шетелде жүрген қазақстандықтар (өздерімен бірге жүрген олардың отбасы мүшелерін қоса);

— Тұрғылықты жері басқа елде, бірақ халықты есепке алу сәтінде еліміздің  аумағында уақытша (12 айдан кем) жүрген шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және Қазақстан Республикасының азаматтары.

Ал, мына санаттағылар санақтан өтуге жатпайды:

— шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары;

— «Болашақ» халықаралық бағдарламасы және студенттермен алмасу бағдарламалары бойынша оқитын студенттерді (магистранттарды) қоспағанда, 12 ай және одан ұзақ мерзімге шетелге жұмысқа немесе оқуға кеткен Қазақстан Республикасының азаматтары (мерзімі бір жылдан аспағанына қарамастан);

— өз мемлекеттерінің дипломатиялық және басқа өкілдіктерінде жұмыс істейтін шетел азаматтары, шетелдік әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері.

–Осы тұста санақтың негізгі кезеңінің өткізу мерзімі мен оның барысында ескерілуге тиісті жайларға нақтырақ тоқталсаңыз?

Санақты өткізу кезінде халықты есепке алу Нұр-Сұлтан қаласы уақытымен  2021 жылғы 31 тамыздан 1 қыркүйекке қараған түнгі 00 сағат 00 минутта басталды.

Халық санағында ақпаратты жинақтаудың екі әдісі пайдаланылады: біріншіден, www.sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтында 2021 жылғы 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығындағы кезеңде интернет желісі арқылы онлайн режимде өткізу;

екіншіден, 2021 жылғы 1-30 қазан аралығында планшетті пайдалана отырып интервьюерлердің респонденттерге сауал салуы арқылы электрондық санақ парақтарын толтыру.

Айрықшалап айтарым, интернет желісіндегі www.sanaq.gov.kz мамандандырылған сайты халыққа өз бетімен толтыру тәсілімен санақтан өтуге мүмкіндік береді. Аталған жүйе тәулігіне 24 сағат қолжетімді болады. Респондент санақ парақтарын толтыру үшін өзіне неғұрлым ыңғайлы уақытты таңдайды және оны кез келген уақытта тоқтатып, кейін жалғастыра алады. Санақтан онлайн режимде өту үшін респонденттер сайтта мынадай деректемелерді: жеке сәйкестендіру, жеке басты куәландыратын құжаттың, ұялы телефонның нөмірін, электронды поштаны растау кодын, парольды көрсетіп тіркеуден өтуі және жүйеге кіруі тиіс.

Тіркеуден және авторизациялаудан сәтті өткеннен кейін виртуалды көмекшінің көмегімен электронды санақ парақтары толтырылады. Санақ парақтарының сұрақтарына жауаптарды толтыру үшін қосымша түсіндірмелер мен әзір жауаптар қарастырылған. Респондентке төмендегідей: 1-ПП «Тұратындар және (немесе) келушілер тізімі», 2-Ж «Тұрғын үй жағдайлары», 3-И «Жеке» және тиісті жағдайларда 4-В «Қазақстан Республикасының аумағында уақытша, 12 айдан кем жүргендер» санақ парақтарының электронды нұсқалары қолжетімді болады.

Сонымен қатар, респонденттерге смартфон арқылы да кез-келген браузерден www.sanaq.gov.kz сайтына сілтеме бойынша өту және «egov.kz» веб-порталы арқылы да электронды цифрлы қолтаңбаны пайдалана отырып тікелей санақ парақтарын толтыру мүмкіндігі ұсынылған. Ал, мобильді азаматтар үшін «Aitu» мобильді қосымшасы арқылы Ұлттық халық санағынан өту ықтималдылығы қарастырылған.

Толтырылған санақ парақтары автоматты түрде халық санағы деректерінің орталықтандырылған базасына түседі. Онлайн режимінде санақ парақтарын толтыру аяқталғаннан кейін респонденттерге ұялы телефонның жеке нөміріне (СМС арқылы) және тіркеу кезінде көрсетілген респонденттің электрондық поштасына санақтан өткені туралы бірегей нөмірі бар хабарлама жіберіледі.

Дәстүрлі жалпы аралау 1-30 қазан аралығында қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып жүргізіледі және ол белгіленген мерзім ішінде санақтан онлайн режимде өтпеген респонденттер арасында өткізілетін болады. Санақты өткізу кезінде интервьюерді айырып тану үшін оларға халық санағының логотипі, яғни атрибутикасы бейнеленген көк түсті сөмке (портфель), көк түсті шарф және Статистика департаменті басшысының қолы қойылып, мекеме мөрі басылған арнайы куәлік берілетін болады.

Интервьюер үй шаруашылықтарына барған кезде респондентке хабарламаның бірегей нөмірін ұсыну жеткілікті. Осылайша, интернет-сауалдан өткен және хабарламаның бірегей коды бар респонденттерден жауап алынбайды. Санақ парақтарын электронды түрде толтыру уақыт үнемдеуге, респонденттің өз үйінен немесе жұмыс орнынан шықпай барлық жанұя мүшелері үшін бір жерде мәліметтер ұсынуға мүмкіндік туғызады.

Мемлекеттік статистика органдары мәліметтердің құпиялылығына кепілдік береді, деректер тек статистика мақсатында жинақталған түрде пайдаланылады.  Онлайн режимінде санақ жүргізу кезеңінде халыққа ұялы және стационарлық нөмірлерден Call-орталықтың «1446» тегін бірыңғай телефон нөмірі арқылы санақ мәселелері бойынша консультация беру көзделген.

 Сонымен қатар, облыс тұрғындарының, әсіресе қалалық жердегі респонденттердің басым бөлігін осы мамандандырылған сайт арқылы онлайн режимде өз бетінше санақтан өтуін қамтамасыз ету мақсатында, Статистика департаментінің ғимаратында және халық көп шоғырланатын қала және аудан деңгейіндегі халыққа қызмет көрсету орталықтарында, ауылдық округ әкімдіктерінде интернет желісіне қосылған  жұмыс стансалары бар өз-өзіне қызмет көрсету залдары құрылатын болады. Айтпақшы, биылғы халық санағы ұранының «Қазақстанда әркім маңызды!» болуы да оның ерекшелігін аңғартса керек.

Сайып келгенде, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірінен саналатын осынау науқанның құндылығын, оның  болашақты болжаудағы, халықтың әл-ауқатын жақсартудағы маңыздылығын ескере отырып, облыс тұрғындары өз болашағы үшін санаулы күндерден онлайн режимде басталатын Ұлттық халық санағына белсене қатысып, электрондық санақ парақтарының сұрақтарына барынша нақты және шынайы жауап береді деген сенімдемін.

Дәулетқали Аруев

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button