«Әскерге кетіп барамын…»
Жақында әскерге шақыртылған атыраулық жігіттер Отан алдындағы борыштарын өтеуге аттанды. Осыған орай жас сарбаздарды салтанатты түрде әскер қатарына шығарып салу рәсімі өтті.
Енді олар Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Гвардейск кентінде орналасқан 30212 әскери қалашығында Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында қызмет ететін болады.
— Отанға адал қызмет етемін, өз еркіммен әскерге барамын деген жастардың қатары жыл өткен сайын артуда. Бүгінгі таңда Қарулы Күштердің беделі де жақсара түсуде. Жас сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Жаңа киімдермен, жаңа әскери техникалармен қамтамасыз етілді. Жылы казармалар, спортпен шұғылдануға, демалыс күндерін тиімді өткізуге мүмкіндіктер қарастырылған. Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында әскери қызмет атқару – әрбір азаматтың аса маңызды да құрметті міндеттерінің бірі, — дейді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Андрей Беляев.
Әскерге алынғандардың бірі – жақында ғана жасы 18-ге толған Айдын Зинуллаев.
— Отанын қорғау – әрбір ер жігіттің қасиетті борышы, — дейді Айдын. – Сол үшін барлығымыз әскер қатарына барып, борышымызды атқаруымыз керек. Әскери қызметті елім, ата-аналарым мақтаныш ететіндей өтеуге тырысамын. Болашақта еліміздің әлемдегі алдыңғы қатарлы елдер арасында болуына өз үлесімді қосамын, — дейді ол.
Шығарып салушылар қатарындағы Қаршыға Бөлекбаев есімді ағамыздың көңілінен үлкен мақтаныш сезімі бай-қалды.
— Бүгін баламызды сапарға аттандырып тұрмыз. Қызметін адал атқарады деген үміттемін. Барша сарбаздарға ақ жол тілейміз. Келер жылы ортамызға аман-есен оралсын, – дейді ол.
Ағымдағы жылы облыстан 1184 жас Отан алдындағы борышын өтеуге аттанса, 50-ден астам сарбаз келісім-шарт бойынша міндеттерін абыройлы атқаруда. Салтанатты шара барысында болашақ сарбаздардың рухын көтеретін патриоттық әндер шырқалып, жауынгерлер қатарына қосылу алдында тұрған жігіттерге бағалы сыйлықтар ұсынылды.
Нұрислам Ғұмар
Суреттерді түсірген:
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.