Жарнама
ЖаңалықтарСарапTime

Сирек кәсіп – суррогат ана

Аtr.kz/28 мамыр, 2019 жыл. «…Біз ойлана келе, Алматыға кетуге шешім қабылдадық. Сол жақта суррогат ана табуға мүмкіндік зор. Бәрі жақсы болса баламызды алып, Атырауға ораламыз. Олар бір-біріне бауыр басып қалып, қиын болып жүре ме дегеніміз ғой…» Бір жыл бұрын құрбыммен арадағы осы әңгімеден соң, тақырып төңірегінде ойланып жүргенмін. Бүгін сол жазбаның сәті түскен сыңайлы…

БІР БАЛАҒА ЗАР БОЛЫП…

Суррогат ана дегеніміз кім? Бір сөзбен айтқанда, ол – жатырын жалға беруші. Бұл тағдырдың жазуымен перзент сүю бақытынан айырылған атааналар үшін өмірлік маңызы бар қадам болса, екінші тарап үшін ақша табудың бір жолы. Осыдан он шақты жыл бұрын бұл туралы аса көп айтылмайтын да еді. Ал, қазір? Десек те, жоғары жалақылы кәсіптің бұл түріне кез келгеннің бара алмасы анық. Себебі, тоғыз ай көтеріп, бойына біткен баланы өзге біреудің қолына ұстата салу аналық түйсікке қарсы. Табиғаттың өзі болашақ ананы бойындағы шаранасымен біртұтас ұғым ретінде жаратты емес пе? Ендеше, осы заңдылыққа қайшы келіп, мұндай қадамға баруға не себеп болуы мүмкін?

Осындай ой жетегімен мәліметтер іздеп көргенімде, құрбымның сөзі рас екеніне көзім жетті. Көп жарнаманың ішінде Атырау қаласына қатыстысы жоқ екен. Осы қызмет түрін көрсетеміз деген Алматы, Астана, Ақтөбелік медицина мекемелері тек жүзбе-жүз кездесу кезінде ғана барлық мәліметті беретіндерін жеткізді. Бүгінде елімізде жұмыс істеп тұрған репродуктивті клиникаларда суррогат аналардың базасы жасақталған.

Сондай-ақ, суррогат аналар орталықтары да жұмыс істейді. Мамандар осы қадамға барар сәтте келеңсіз жайттарға ұрынбау үшін арнайы мамандар мен орталықтардың көмегіне жүгінуге кеңес береді. Жалпы, елімізде суррогат ана болуға және суррогат көмегімен нәресте сүюге заң бойынша тыйым салынбаған. «Неке (ерлізайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің арнайы тарауында «Суррогат ана және қосымша репродукциялық әдістер мен технологияларды қолдану» негіздері қарастырылған. Біріншіден, суррогат ана 20-35 жас аралығындағы, медициналық ұйымның қ о р ы т ы н д ы с ы м е н расталған қанағаттанарлық дене, психикалық және репродукциялық денсаулыққа ие, сонымен қатар, өзінің дені сау баласы болуы тиіс.

Екіншіден, егер суррогат ана тіркелген некеде (ерлізайыптылық) тұрған жағдайда суррогат ана шарт жасағанда ерінің жазбаша келісімі берілуі керек, ол нотариалдық тәртіпте расталуы шарт. Кодекстің 59-бабына сәйкес, суррогат ана шарты негізінде қосымша репродукциялық әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде туған баланың ата-анасы болып ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) танылады. Басқа сөзбен айтқанда, баланың генетикалық анасы туылғаннан кейін бірден сәбидің анасы ретінде ресми жазылады және сол сәттен бастап суррогат ананың бұл балаға ешқандай қатысы болмайды.

«БӘСЕКЕЛЕСТІК БІЗДЕ ДЕ БАР»

Аталған тақырыпқа қатысты, яғни, «суррогат боламын, не іздеймін» деген жарнамалар интернетте көп-ақ. «Атырауданмын» дегендерге телефон шалып көруді жөн санадым. Алғашқы тілдесушім: «негізгі «рыноктағы» баға миллионнан басталады, оған қоса ай сайынғы төлейтін ақша бар. Бірақ, менің қатып қалған бағам жоқ, арзанға да келісемін. Білсеңіз, бізде де «конкуренция» бар. Денсаулығымда кінәрат жоқ. Тек бір шартым, күйеуіңіз мені, мен оны көрмеуім тиіс. Келісім-шартқа сай, тамағым, медициналық тексерулеріммен қоса, менің үй жалдауымды да мойныңызға аласыз» деп бастырмалата жөнелді. Онымен қош айтысып, келесі нөмірді тере бастадым. Әңгімеміз онша қиюласпады.

Мен нақты қандай сауалдар сұрауым керектігін жөнді білмедім бе, әлде ол сөзге жоқ адам ба? Әйтеуір, қоңырау шалуымның негізгі мәнісін айтып едім, ол телефонды тастай салды. Тақырып туралы тағы да мәліметтер іздестіріп отырғанмын, телефоным безілдей жөнелді. Таныс емес нөмір. Сөйтсем, жаңағы келіншек. Өзін Айман деп таныстырып, «сізге жағдайымды айтуға бел будым» деді.

«Бұл жерде ең қиыны қ ұ р с а ғ ы ң д а с ә б и д і ң биологиялық ата-анасы бар деген түсінікті мықтап ұстануың қажет. Әйтпесе, оңай болмайды. Осыдан төрт жыл бұрын мен бірінші рет осындай қадамға бардым. Ақша табудың бір жолы, әкесіз қалған ұлымды аяғына тұрғызудың бір амалы осы деген ой болды менде. Тапсырыс берушілерім жастары отыздан енді асқан ерлізайыптылар еді. Жағдайлары жақсы. Тіпті маған үй жалдап берген сәтте ауылдағы атаанамның қолындағы ұлымды өзіммен бірге алып келуге де рұқсаттарын берді. Бәрі ойдағыдай өтіп, келісім-шарт аясында жұмыс жасадық. Ауруханадан шығар сәтте ойламайын десем де қиын болады екен, өзегім өртенді. Осылайша, мен суррогат ана атандым. Енді, міне, бұл іске екінші мәрте келіп отырмын.

Арада үш жыл өтуі тиіс деген дәрігерлік талаптарға сай жүктілікке дейінгі тексерулерден өтіп, рұқсат қағазымды да алып қойдым. Әуелгіде бұл іске мені алып келген құрбым болатын. Қазір ол үшінші мәрте жүкті. Оның екінші рет суррогат болғаны да қиындықтармен өтті. Алдымен, биологиялық ата-анасы үш айлық болған сәтте бас тартамыз деп шықты. Бірақ, шарт талаптарында «олай жасауға болмайды» дегеннен кейін райларынан қайтты. Сөйтсек, биологиялық анасы күйеуін суррогат анадан қызғанған екен. Сол үшін кейбіреулер еріңіздің бұл іске араласпағаны жөн болар дегенді бірден айтып жатады (Алғашқы тілдесушімнің де осындай талап қою себебін енді түсінгендеймін –Г.Ә.). Сіз жаңа «газеттенмін» деген соң алғашқысында қорқып кеткен болатынмын. Кейін әңгімемді айтып берейін, керегі болса, өз пайдасына жаратар деген ойға келдім» деді Айман.

«СОҢҒЫ ҚАДАМ. СУРРОГАТ КЕРЕК…»

О л а р д ы ң о т б а с ы н а қызықпайтын сырт көз кемде-кем. Әйелі де, ері де қымбат көлікпен жүреді. Қала ортасындағы екі қабатты үй
де солардың иелігінде. Тек, олардың соңынан ерген сыпсың сөз «тұяғын басар ұрпақтары жоқ, мұндай байлықты несіне жияды?» дегенге тіреледі. Бірде олармен тілдесудің сәті түсті. «Бұл біз үшін соңғы қадам екенін түсінесіз бе? Бұл – байлықтың да, ауқатты жанның ерке әйелінің қылығы да емес, амалсыздықтан барғалы отырған қадам. «Біз суррогат ана іздейміз» деген Динарамен арадағы әңгімеміз осылай басталды.

«Мен хабарландыруды интернетке орналастырдым. Бірақ, ол жерде негізінен осы салаға машықтанған әккі қыздар отырады десем, қателеспеспін. Түсінесіз бе, біз қарапайым ортадан шыққан, жағдайы нашарлау адамды іздеп едік. Өзіміз балалы болып бақытқа кенелумен қоса, бір адамның тұрмысын түзеуге септессек те жақсы болар еді деген ойымыз бар. Сол үшін енді әлеуметтік желілерге де жариялап отырмын. Біз айтқан сома қалалықтар үшін айтарлықтай болмаса да, ауылдық жердегілерге біраз қаражат.

Шынымды айтайын, бұл іске белімді бекем будым, дайынмын деген күнде де, суррогат ананы ойлап, уайымдап жүрмін. Босанған бойда баланы ұстата салу оңай емес қой. Бұл ретте кейбіреулер, биологиялық ата-анасы қазақ болса, орыс әйелді, не керісінше, орыс болса, суррогаттың ұлты қазақ болуын қалайды дегенді де естідім. Бірақ, біз қарапайым қазақ келіншегін іздеп жүрміз».

Гүлжан ӘМІРОВА

Түйін:

Қазір медицина саласының мүмкіндігі зор. Ұрпақ сүю бақытынан айырылған жандарға да осындай қызмет түрлері көрсетіледі. Бір байқағанымыздай, мұны екінің бірінің қалтасы көтермейді. Қалай десек те, бұл қадамға барудың себебі қомақты қаражатқа қол жеткізудің оңай жолы емес, бір отбасына бақыт сыйлаудың амалы болса ғой. …Айтпақшы, тақырыпқа түрткі болған құрбым жақында Алматыдан оралды. Шекесі торсықтай ұлы бар.


Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button