«Сібір жарасына» қарсы екпе басталды!

 Қарағанды өңірінде «Сібір жарасы» инфекциясының анықталуына орай, кеше облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевтың төрағалығымен шұғыл жиын өтті. Онда Атырау аймағындағы ветеринариялық жағдайды қатаң бақылауда ұстау тапсырылды.

  Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғанындай, Қарағанды облысында ірі қара малдан «сібір жарасы» инфекциясын сегіз адам жұқтырып, оның екеуі көз жұмған болатын. Атырау облысының бас ветеринарлық-санитарлық инспекторы Ғалымбек Бисенғалиев сібір жарасының» тез таралатын инфекциялық ауру екендігін атап өтті. «Вакциллус Антрацис» деп аталатын ауру қоздырғышы көп жағдайда тері арқылы жұғады. Одан әрі, ауамен өкпеге және ас қорыту жолымен ішекке таралады. Індет, әсіресе, жаз және күз айларында өршиді. Облыста инфекция таралу фактісі анықталған жоқ деген ол бақылау жұмыстарының жүргізілетінін хабарлады. Аудан әкімдері мен ішкі істер органдары үй жануарларының орын ауыстыруын да бақылауда ұстауы керек. Өзге аймақтардан біздің облысқа әкелінетін және аумағымызда тіркелген төрт түлікке күн сайын мониторинг жүргізіп отыру қажет» деген облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Жұмашұлы малды соймай тұрып, тексеру шараларын күшейтуді тапсырды. Айта кеткен жөн, инфекцияның таралуына екі-үш күн жетеді. Сондықтан да, ауруды дер кезінде анықтап, емдеу маңызды. Оның алдын алу және жою мақсатында қазір облыс аумағында екпе жұмыстары жүргізілуде.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз