Жарнама
Жаңалықтар

«Сібір жарасы» індеті – қатаң бақылауда

  Кеше Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Жиында Үкімет басшысы шомылу маусымы басталғаннан бері адамдардың суға батып кетуінің жиілеуіне алаңдаушылық танытты. Атап өтсек, ағымдағы жылдың басынан бері елімізде 198 адам суға кетсе, оның 82-сі балалар болып отыр.

— Бізге соңғы 1,5 аптаның ішінде суға 22 қазақстандықтың батып кеткендігі, оның 5-еуі балалар екендігі туралы ақпарат келіп түсуде, — деп атап өткен Үкімет басшысы еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтан мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін жергілікті әкімдіктермен қандай шаралар қолға алынып жатқанын сұрады.

 sibirzharasy2Министр бұл ақпаратты растап, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіш бойынша төмендеу бар екенін жеткізді.

— Өткен жылдың есепті кезеңінде 265 адам суға кеткен еді. Яғни, төмендеу бар. Шаралар қабылданып жатыр. Бізде 50 мың су қоймасы бар. Оның тек 125-сі ғана жабдықталған, онда біздің құтқарушыларымыз тұр. Жергілікті әкімдіктермен мұндай қайғылы жайттардың алдын алуға бағытталған шаралар қолға алынып жатыр. Суға шомылатын жерлерді барынша жабдықтау, меншік иелеріне міндетті құтқару бекеттерін орнатқызу жұмыстары жүргізілуде. Ақмола облысында өте жақсы тәжірибе бар. Бұл өңірде 26 құтқару бекеті орнатылған. Халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы әкімдіктер қосымша 25 құтқару бекетін орнатады. Осыған сәйкес Ақмола облысында суға кеткендердің саны ең төмен болып отыр. Дәл осындай жай Ақтөбе облысында да бар. Ал, қалған облыстар тиісті шараларды қабылдаулары қажет, — деді министр Қалмұхамбет Қасымов.

  Жуырда Индустрияландыру күніне орай Елбасы нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Үкімет отырысы барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев осы бағытта микрокредиттеу және шағын кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

— Елімізде бүгінгі күні 120 миллиард теңгені құрайтын 556 мың шағын несие берілді. Соның ішінде кәсіпкерлік мақсаттағы несие көлемі 64,6 млрд. теңгені құрайтын 138 мың несие ұйымдары арқылы бөлінуде. Бұл ретте барлық шағын несиелердің 98 пайызы қалаларда ұсынылады. Ал, мемлекет тарапынан берілетін шағын несиелер «Жұмыспен қамту», «Бизнестің жол картасы» секілді бағдарламалар бойынша жүзеге асады. Мемлекет тарапынан берілетін несиелердің басым бөлігі ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға негізделген. Ал, ірі қалаларда мемлекеттік шағын несиелер берілмейді. Дегенмен, бұл бағдарламалардағы шағын несиелерді ұсыну бір-бірін қайталайды. Ауылда, қалада бірыңғай оператор жоқ. Нәтижелілігі бойынша мониторинг те жүргізілмейді. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына келсек, ондағы шағын несиелердің барлығы ауыл шаруашылығы саласына бағытталады. Осыған байланысты бұл бағдарламаны жаңа ауыл шаруашылығы саясатымен үйлестіру керек, — деді министр.

  Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева «сібір жарасы» індеті мәселесін көтерді. Оның айтуынша, Қарағанды облысында «сібір жарасы» дерегінің тіркелуі ет экспортына еш әсер етпейді. Өйткені, халықаралық сауда талаптарына сәйкес аусыл, классикалық шошқа обасы сынды аса қауіпті алты ауру түрі ғана эпизоотикалық жағдай деп ескеріледі.

  Сонымен қатар, вице-министр еліміздің ветеринарлық қызметтері мен әкімдіктер ветеринарлық бақылауы, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуі тиістігін баса атап өтті.

  Ал, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова жалақының уақытылы төленбеуі мәселесіне қатысты баяндама жасады. Министрдің айтуынша, елімізде проблемалы 429 кәсіпорын бар, оларда 125 мыңға тарта адам жұмыс істейді.

– Еңбек тәуекелдері жөніндегі картаға сәйкес, жұмысшыларға қатысты орташа тәуекелдік деңгейі, яғни, еңбек саласында тұрақсыздық жағдайының болу ықтималдығы жоғары он өңірде байқалады. Батыс Қазақстан, Атырау, Ақмола, Жамбыл облыстары мен Астана қаласында еңбек саласындағы тұрақсыздық тәуекелі айтарлықтай емес. Дегенмен, біршама шешімді талап ететін мәселелер немесе жағдайды нашарлатуға алғышарттар қалыптасқан проблемалар баршылық. Ал, Солтүстік Қазақстан облысы еңбек қатынасы саласындағы тәуекелдері ең төмен, тұрақтылық сақталған өңір болып отыр, — деді Т.Дүйсенова. Сондай-ақ, министр жыл басынан бері елімізде 35 мың жұмысшы жалақысын уақытылы алмағанын және кәсіпорындар барлық қарыздарының 46 пайызы — өнеркәсіп кәсіпорындарына, 17 пайызы — қызмет көрсету саласында, 16 пайызы — құрылыс кәсіпорындарына тиесілі екендігін жеткізді.

  Аталған мәселелер бойынша Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев түсінік берді. Аймақ басшысының айтуынша, Атырау облысында бүгінгі таңда 25 «сібір жарасы» көмін-ділерінің ошағы анықталып отыр. Оның 22-сіне мемлекеттік акт жасақталып, үшеуіне топографиялық сызба әзірленген. Күні бүгінде аталған мемлекеттік актілер ауылдық округ әкімдеріне беріліп, мал көмінділерін қоршау жұмыстарын жүргізуге 45 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді.

— Облыстағы 72 селолық округтің 11-інде типтік үлгідегі мал молалары бар. Қалған 61 округте осындай мал молаларын салу үшін жергілікті бюджеттен 104 миллион теңге қаражат бөлінді және аймақта 28 инсинератор жұмыс жасап тұр. Жетпіс екі ветеринарлық бекетте дәрі-дәрмекті тиісті жағдайда сақтау үшін тоңазытқыш алу шаралары қолға алынуда. Мамандармен келісе отырып, инсинеторлармен қоса, дәстүрлі әдістерді қолдануды ұсынамыз. Өйткені, инсинераторлар жаңа технологияға негізделгенімен, ол тиісті инфрақұрылымды жүргізуді және жанармай тасымалдауды қажет етеді. Бұл өз кезегінде қаражатқа келіп тіреліп, жобаны күрделендіретіні анық. Себебі, кез келген аймақ бюджетінің бұған мүмкіндігі бола бермейді. Ал, биоқалдықтарды кадеге жаратудың дәстүрлі әдісі әрдайым тиімді жүйе болып табылатынын дәлелдеп келеді, — деді облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы.

  Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі таңда облыста 33 жұмысшыға 7 миллион 600 мың теңгені құрайтын қарыз бар екен. Бұл бағытта мемлекеттік органдармен және үшжақты комиссиямен жүйелі жұмыстар жасалуда. Жұмыс берушілер бұл мәселенің жуық арада шешілетінін айтып, уәде беріп отыр. Үкімет басшысының сұрағына орай облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бүгінгі таңда аймақта мұнай қызметі жобаларында тәжірибесі бар компаниялар жұмылдырылып отырғандығын, «Теңізшевройл» компаниясы «Теңіз» жобасын кеңейту жұмыстарын бастауына орай үлкен серпіліс байқалатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, өзге облыстардан да компаниялар осы жобаны жүзеге асыруға атсалысуға ниет білдіріп отыр. — Бұл жобаны жүзеге асыру барысында 24 500-дей жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Оның ішінде, 19 мыңдай жұмыс орны Атырау облысы аумағында ашылмақ, — деді Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button