Жарнама
Жаңалықтар

ШЫҰ және жасанды интеллект. Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер

КИСИ сарапшысы Әлия Мусабекова Президент Қасым—Жомарт Тоқаевтың бастамасына пікір білдірді. ШЫҰ саммитінде сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектті ұйымның болашақ дамуындағы негізгі бағыт ретінде атап өтті,- деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысының айтуынша, 2033 жылға қарай жаһандық AI нарығының көлемі 5 триллион долларға жетуі мүмкін. Бұл салада ШЫҰ нақты көшбасшыға айнала алады. Осыған орай Қазақстан Астанада алғашқы ШЫҰ сарапшылар форумын өткізуді ұсынды, ал 2027 жылы «ШЫҰ экономикаларына қызмет ететін жасанды интеллект» атты жоғары деңгейдегі халықаралық конференция ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Бүгінде жасанды интеллект геосаяси бәсекелестіктің жаңа алаңына айналды. Қытайлық DeepSeek V3 моделі жасаған серпіліс технологиялық жетістіктердің жаһандық нарықтарға қалай әсер ететінін және тұтас экономикалардың әлеуетін қайта бағалауға қалай итермелейтінін көрсетті. Қазіргі таңда АҚШ, Еуропа, Жапония және Қытай AI саласында көшбасшылық үшін қатаң бәсекелесіп жатыр. Осындай жағдайда «цифрлық геосаясат» қалыптасуда.

Қазақстанның ШЫҰ-ны осы үрдістерге тарту туралы ұсынысы бірнеше мақсатты көздейді. Біріншіден, бұл — ұйымды қауіпсіздік пен инфрақұрылым мәселелерін шешетін алаң мәртебесінен технологиялық интеграция кеңістігіне айналдыруға ұмтылыс. Екіншіден, бұл — медицина, логистика, қалалық басқару салаларына «ақылды шешімдер» енгізуге мұқтаж болып отырған аймақ елдерінің сұранысына жауап. Үшіншіден, бұл — ШЫҰ елдері тек артта қалушылар емес, сонымен бірге цифрлық күн тәртібінде жаңа стандарттар қалыптастыра алатын қабілетті серіктестер екенін көрсетуге бағытталған қадам.

Қазақстан үшін жасанды интеллектке басымдық беру — ұлттық стратегияның бір бөлігі. Еліміз Digital Bridge форумын жаһандық ІТ-талқылауларға арналған негізгі алаң ретінде қалыптастырып үлгерді. Егер Астана ШЫҰ-ның AI жөніндегі сарапшылар форумының бастамашысы ретінде танылса, бұл оның өңірлік цифрлық хаб ретіндегі рөлін айтарлықтай күшейтеді. Бірақ одан да маңыздысы — Қазақстан болашақ экономикасын тек мұнай мен уран емес, әлеуметтік және өндірістік салаларды түбегейлі өзгерте алатын технологиялар анықтайтынын көрсетіп отыр.

Қазіргі таңда Қытай жасанды интеллект бойынша жаһандық ынтымақтастық ұйымын құру идеясын ілгерілетіп жатқанда, Қазақстан прагматикалық бағыт ұстануда – бәсекеге түспей, серіктестік бастаманы қолдауға ниетті. Мұндай тәсіл жаңа «ойын ережелерін» қалыптастыру үдерісіне қосылуға мүмкіндік береді, онда шешуші рөл — технологиялық алпауыттар мен дамушы елдердің мүдделері арасындағы тепе-теңдікке тиесілі болады.

Осы тұрғыдан алғанда, Президент Тоқаевтың ұсынысы ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған жай ғана дипломатиялық ишара емес, орталықазиялық елдердің «тек технология тұтынушысы» ретіндегі рөлінен шығып, жаһандық AI коалициясының тең мүшесіне айналуына мүмкіндік беретін ұзақмерзімді стратегияның бастауы ретінде қарастырылуы тиіс.

Әлия МҰСАБЕКОВА,

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің Азия зерттеулері бөлімінің бас сарапшысы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button