ШЫРША ШАМДАРЫ ЖАҒЫЛДЫ
« – Тәуелсіздік жарияланғаннан бері көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік, — деді қала әкімі Нұрлыбек Жұмахметұлы өз сөзінде. – Елбасымыздың көреген саясатының нәтижесінде көпұлтты халқымыз тыныш елде жарасты өмір сүруде. Биылғы жыл қазақстандықтар үшін тұрақтылық пен сәттілікке толы кезең болды. Еліміз көптеген табыстар мен жетістіктерге қол жеткізді. Жаңа кәсіпорындар мен инновациялық өндірістер ашылды. Қазақстан мен Ресей арасындағы аймақаралық ынтымақтастық форумының Атырауда өтуі де қаламыз үшін атаулы оқиға болды. Келер жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекелерін атап өтетін боламыз. Жаңа жыл қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жетілдіруге, жастарды оқу мен спортқа баулуға септігін тигізеді деген ойдамыз. Келе жатқан мереке құтты болсын!»
Қалада Жаңа жыл мерекесіне орай шаһарды безендіру үшін 40 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржы, ең алдымен, орталық көшелерді жарық шамдарымен безендіруге жұмсалады. Облыс орталығында қала әкімдігі алты шырша құрды. Ал, «Тамаша», «Атырау» ойын-сауық кешендері мен сауда орталықтары және Атырау мұнай-өңдеу зауыты өз тарапынан қаланы безендіруге атсалысты.
Аяз аталар мен Ақшақарлар орындауындағы флеш-моб кештің сәнін одан әрі асыра түсірді. Қала тұрғындары мұндай тосын сыйды күтпегені анық. Сонымен қатар, жергілікті өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салып, тамаша көңіл-күй сыйлады.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.