Шымкенттік құтқарушылар Атырауда кезекшілік етуде
Шымкент қаласы төтенше жағдай департаментінің жеке құрамы 13 сәуірден бастап Атырау өңірінде жүр. Бұл туралы Атырау облысының төтенше жағдай жөніндегі жедел штабы хабарлады.
Құтқарушылар бір айдан бері Құлсары қаласында су сору жұмыстарына жұмылдырылды. Шымкент қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Шыңғыс Зиятдиновтың айтуынша, 263 мың текше метр су сорылған.
Атырау қаласында құтқарушылар Алмалы ауылында және басқа да елді мекендерде жағалауды нығайту жұмыстарына қатысып, 60 мың қап топырақ толтырып, бөгет соқты.
— 7 мамырдан бастап Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы Ақжар ауылында тәулік бойы 47 адамнан тұратын кезекшілікте тұр. Жайық өзенінің деңгейін бақылау түнгі және күндізгі ауысымда жүргізіледі, — деді Ш.Зиятдинов.