«Шыңғыс ханның көз жасы» ТМД елдері арасында үздік болып танылды
Қаламгердің бұл повесі Ресейдегі «Юность» журналының биылғы 5-6 сандарында белгілі жазушы Г.В.Пряхиннің аудармасымен жарық көрді. Ресейліктердің назарын аударған шығарманың тақырыбы — қылышымен жарты әлемді бағындырған билеушінің өмірі. Жазушы осынау тарихи тақырыпты жалаң қаузай бермеген, оған жазушы фантазиясын қосып, қағанды ел-жұртының қамын жеген батыр, парасатымен әлемді аузына қаратқан данагөй абыз бейнесінде суреттейді. Тарихтан белгілі оқиғаларға суреткер қиялы арқылы әр беріп, жан кіргізеді.
Өзі мәңгіліктің есігінен өтіп бара жатып, соңында қалған ұрпағының ата салтымен жүруі үшін өсиет қалдырған, дүние-жалғанның өтпелілігін мойындай отырып, артындағы ел-жұртына да соны ұғындыруға тырысқан қағанның көрегендігі, әріден ойлайтын сұңғылалығы кітапты оқыған оқырманға да ой салары даусыз.
Пенде болғаннан кейін ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір өлімнің келері хақ. Осыны түсінген ұлы қаған алтын табыт жасатады. Оны тек данышпан Коко-Цос қана біледі. Өмірінің соңында, Қарақорымнан аңға шыққан билеушіні найзағай оты ұрып, ессіз халде жатқан кезінде өзі бір кезде көрген Сарайшық, ондағы жасанды көл, жасанды көлде алтын қайығымен жүзіп жүрген Сарайшық билеушісінің қызы елестейді. Бұл елестің жалғасы алтын табытқа жалғасады.
Өзен ағысымен арпалысып жүзіп келе жатқан алтын қайықта өзінің отырғаны, қайықтың ескегінің жоқтығы да — елес арқылы жасалған метафоралы сурет. Шетсіз-шексіз өмір өзенінде ескексіз қайықта қалтылдап бара жатқан пенде шіркіннің бет алатыны — барзақ дүниесі. Жазушы осы арқылы жарты әлемді табындырған әміршінің де, қарапайым пенденің де барар жерінің бір екенін сезіндіреді.
«Шыңғыс ханның көз жасы» философиялық тереңдігімен, психологиялық иірімімен қайран қалдырады. Тілдегі көріктеу құралдары мен ажарлау, айшықтауды мейлінше шебер қолданған қаламгердің алатын өз биігі бар екені айқын. Міне, ТМД елдері оқырмандарының тарапынан да жоғары баға алуының сыры осында. Қазақ әдебиетінің мәртебесін биікке көтеріп жүрген жазушының жаңа шығармашылық жетістігі — бүгінгі қазақ әдебиетіне берілген үлкен баға. Осыны ұмытпайық!
Рахымжан ағаға қазақ қимай отырған атақты ТМД қиған екен. мақаланы оқып ойға қалдым.
Шындығында Рахаң көп адамдар айта алмай жүрген нәрсені айтты ғой.
Мен қазаққа таң қалам. Таланты бар адамды қудаламай жүрмейді. Сондықтан бүгінгі әдебиеттің жағдайы адам көргісіз. Талғам деген жоқ. Кітап оқымайтындар ненің жақсы, ненің жаман екенін қайдан білсін. «шөп те өлең, шөңге де өлең» деп өтірік өлең құрайтындар көбейді. Я мазмұн жоқ, ұйқас, буын, бунақ, ритм деген атымен жоқ өлеңдер. Ой сұмдық ай!
Келісемін. Талант деген керек қой