ШЫҒЫСТАН САМАЛ СОҒА МА?? Әлде…
Atr.kz/25 тамыз, 2020 жыл. Сонау жылы Елбасы Батыс Ескенедегі мұнай және газды кешенді да-ярлау қондырғысының құрылысымен танысуға келгенде жаздың жаңбыры жауып тұрған-ды. Сәлден соң кенет ти-ылып, жиналғандардың жүзін жұп-жұмсақ жел желпіген. Өндіріс ны-сандарымен танысып шыққан мәртебелі мейман ауа райының осы сәтіне разы болып, ат шаптырым жердегі жұмысшылардың жатақханасын «Самал» деп атаған-ды.
Тың жоба таң қалдырды ма?
Жалпы, көзін «қара алтын» өндіру кәсібімен ашқан жергілікті инженерлер Солтүстік Каспий жобасы басталған сәтте-ақ оның қойнауындағы қыруар қазына кәдеге асып, толық игерілетінін айтқан. Әйтпесе 9 млрд. баррель мұнайы мен бір триллион текше метрден астам газы бар кенішке инвесторлар текке қызыға ма? Оның бар байлығын сарқып алмай бұл жақтан өкше көтерер ме? Сондықтан, Энергетика министрлігі Атыраудан 60 шақырым жердегі Қарабатан тұсынан Қашаған газ өңдеу зауыты салынатынын мәлімдегенде, кәнігі мамандар онша таңдана қойған жоқ. Өйткені, түбі осындай объектінің бой көтеруі ықтималдығын о баста-ақ болжаған.
Әйтсе де, теңізге алғаш бұрғы салған «Сұңқар» қондырғысына бірнеше мәрте барғанда, болашақта мұндай жоба болатыны жөнінде естімеппіз. Рас, сол кезде бар назар жаңа ұңғымаларды қазуға ауып, келешек қосымша құрылыстар жөнінде сөз қозғалған жоқ. Әрине, теңіз мұнайы құрлықта өңделетіні айтылды. Өйткені, оған керекті өндіріс ошағын су ортасында орналастыру мүмкін емес-ті. Дегенмен, жетіқат жер астында жатқан ілеспе газ қайда кетеді? Мол мұнай жоғарыға ұмтылғанда сонымен бірге шықпай ма? Оны «қара алтыннан» айырғанда көп көлемде қайда сақтауға болады?
Алауларда текке жағу тиімсіз. Оның үстіне, Экологиялық кодекстің талаптары қатайды. НКОК ірі бизнес құрылымы қатарына жатады. Мұндай субъектілердің қызметі ерекше қадағаланады. Демек, қоршаған ортаға залалды қалдықтарды орынсыз шығара беруге жол берілмейді. Ал, айдын өнімінің құрамында біраз мөлшерде күкірт бар. Бұл қауіпті қоспа да өзіндік проблема туғызады.
Айтпақшы, келешек зауыт құрылысында күкіртті өңдеп, сыртқа тауар түрінде сату да көзделген. Қазір экспортқа шығарылып жатыр. Бірақ, шикізат ретінде ғана. Егер оны дайын өнімдік қалыпқа келтіріп, тысқа тасымалдаса, компания қосымша қыруар табыс табары даусыз. Жергілікті мамандардың кезінде ілеспе газға қатысты өзіндік пікірі қалыптасқан. Өйткені, бұған дейінгі Теңіз кен орнының тәжірибесі бар-ды. Мұнда да біразға дейін көлденең «көгілдір отынның» мәселесі туындамаған. Ол жер астынан алынуда. Сұранысқа сай саты-луда. Бірақ, тым көп қой.
Міне, соңғы жылдары соны өнімді қабатқа қайта айдау жобасы қолға алынды. Себебі, бүгінде қабат қысымы кеміген, «қара алтын» бастапқы кездегідей өздігінен жоғары көтеріле ал-майды. Технологиялық тұрғыдан араласуды қажет етеді. ТШО та-рапынан соңғы уақытта жүзеге асырылып жатқан жобалар да соны көздейді. Жылдар жетегінде Қашаған кеніші де осындай күйге түседі. Оның да қайтарымы саябырлай-ды. Өнімнің өзіндік құны ар-тады. Сол кезде ілеспе газдың бір бөлігі қабатқа қайта айдала-ды. Соған дейін оны өңдейтін өндіріс ошағын тұрғызып алу – болашақты бағамдай білу. «Теңізшевройл» да солай істеген. Тек талай жылдан бері ілеспе газды текке ауаға жаққан ембілік мұнайшылар ғана. Бұлар да соңғы уақытта оны кәдеге асы-руды қолға ала бастады.
Қорғаныш аймағы дұрыс таңдалды ма?
Қолдағы деректерге қарағанда, келешек зауыттың қорғаныш аймағы 1200 метр болып белгіленіпті. Яғни, бір шақырымнан сәл ғана асады. Жалпы, мамандардың айтуын-ша, апатты жағдай орын алып, осындағы барлық өндірістік көздерден ауаға зиянды зат-тар тарар болса, 1080 метр қашықта орналасқан елді ме-кендер зардап шекпейтін секілді. Ашық ақпараттан со-лай түсіндік, әйтпесе, атал-мыш объект жөнінде облыстық деңгейде қоғамдық тыңдау ұйымдастырылғанын естімедік. Мақат ауданының территориясында қатарға қосылмақшы тың нысан Қарабатан темір жол бекетінен шығысқа қарай 25 км жерде. Атыраудан бұдан да алыс. Демек, бір қарағанда, қатер жоқ секілді.
Мәселен, «Болашақ» мұнай мен газды кешенді даярлау қондырғысының қорғаныш аймағы жеті шақырымды қамтиды. Оның жаңа зауыттың осындай бөлігімен арасы – 12,65 км. Ал, қос өндіріс ошағының санитарлық аумағының бір-бірінен қашықтығы 4,45 шақырымға созылған. Демек, өзара қабысып жатқан жоқ. Сөйтіп, қағазда бәрі қатып тұр. Ал, нақты өмірде ше?
Есімізге Теңіз кенішін бастапқы игеру барысында қоршаған ортаға қатысты қалыптасқан жағдай түседі. Жылыой ауданы жұртшылығының, Сарықамыс кенті тұрғындарының толассыз шағымы нәтижесінде сол жыл-дары Астанадан парламенттік комиссия келген. Қадірменді қонақтар кен орнына барып, арызда айтылған жаймен танысқан соң облыстық әкімдікте үлкен мәжіліс болған-ды. Сонда беделді топты басқарып кел-ген депутат Тито Сыздықов бірлескен кәсіпорынның ешқандай заңбұзушылыққа жол беріп отырмағандығын ашық айтқан. Өйткені, о баста санитарлық қорғаныш аймағы жеткілікті белгіленбеген. Соның салдарынан Сарықамыс оның территориясынан тыс қалған.
Ал, әңгіменің негізі осы елді мекенді көшіруге қатысты болатын. Тек кейін өнім өндіру көлемі еселеп өсіп, өндіріс ауқымы артқан соң ғана атал-мыш ауылдағылар қоныс аударған. Бұл кезде санитарлық қорғаныш аумағының көлемі де үлкейген-ді. Қарабатанда салынбақ жаңа зауытқа қатысты да келешек-те осындай мәселе туындауы ықтимал емес пе? Әзірге іргелес ауылдарды көшіру туралы әңгіме жоқ. Бүгін белгіленіп отырған қорғаныш аймағы мамандарды қанағаттандыратын тәрізді. Ал, ертең ше? Қашаған мұнайын өндіру алдағы уақытта әлі арта түспесе, кейін кемімейді. Демек, ілеспе газ көлемі көбеймек. Яғни, молынан өңделмек. Қоршаған ортаға залалды заттар да жиі шығарылмақ. Сонда қазір қабылданып отырған қорғаныш аймағы жеткілікті санала ма?
Бұл мәселенің өзектілігі сол – бүгінде «Болашақ» қондырғысы тұсындағы Таскескен ауылының жұрты күкірт иісін сезіп отырғаны. Зауыт жақтан жел соқса, тұрғындар тұншыға ба-стайтын көрінеді. Мұнда 63 адамымен небәрі 12 шаңырақ тұрады. Қауіптілікті білдіретін қызыл жолақ елді мекеннен бес-ақ шақырымда. Жақында Таскескенге келген облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовке мұңын шаққан олар соңғы кезде 45-50 жас аралығында өмірден өтіп жатқан жандардың өлім себебін қоршаған ортаның ласта-нуымен байланыстырады. Рас, келешек қондырғы Атыраудан 60 км жерде. Бірақ, жергілікті жұрт жиі айтатын-дай, Теңіз кенішінің қашықтығы жүз шақырым емес пе? Облыс орталығындағылар соның әсерін сезбейді ме?
Көршілес Ресей еліндегі Ақсарай газ өңдеу за-уытынан тараған жағымсыз иіс жиырма шақырымдағы Астрахан қаласын бүлдіріп жатыр. Қиғаш бойындағы Д.Нұрпейісова атындағы темір жол бекетіне жауған қышқыл жаңбырды жұртшылық содан көреді. Сонда Қарабатан газ өңдеу зауытының санитарлық қорғаныш аймағы бір шақырымнан сәл ғана асуы жеткілікті ме? Әлде инвестор-лар халық тарапынан көші-қон мәселесі туындау ықтималдығын ескеріп, кемітіп көрсетіп отыр ма? Жалпы, солай болуы мүмкін бе? Онда жүргізілген зерттеу қайда қалады? Есептеу матери-алдары ескерілмей ме? Бүгін бір шикілік орын алса, бұл ертең ашылмай ма?
P.S. Қарабатан газ өңдеу зауытының өңір экономикасына тигізер оң әсері, оның Теңіз кенішіндегі осындай объектімен бәсекелес болу мүмкіндігі, аймақта әлеуметтік ахуалды сауықтырудағы жетекші рөлі өз алдына бөлек өрілмек. Ал, әзірге айтарымыз, бүгін бір нәрсені жете зерделемей, ертең түйіні тарқатылмас мәселе туындатып алмау.
P.S.S. Келешек нысанға қатысты әңгіме облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің жұртшылық алдындағы есебінде де қозғалды. Әсіресе, үкіметтік емес ұйым жетекшілері қоғамдық тыңдаудың Атырауда емес, Мақатта өткеніне алаңдаушылық білдірді. Олардың ойынша, аудан халқы мәселенің байыбына бармай, инвестордың жетегінде кетуі ықтимал.
М.БАЕВ