ШЫҒЫС-ПРУССИЯ: ОПЕРАЦИЯСЫНЫҢ АҚЫРЫ
3-Беларусь майданының 11-гвардиялық армиясы жаудың Земланд түбегіндегі шебін талқандап, Пиллау қаласын азат етті. 2-Беларусь майданының 65 және 70-армияларының жауынгерлері ұрыс қимылдарын жүргізе отырып, Радехов, Петерсхаген, Гартц елді мекендерін алды. Майдан солдаттары Рандов өзеніне таялды.
25 сәуір күні сағат 12-де 1-Беларусь майданының 47-армиясы, 2-гвардиялық танк армиясы Берлиннің батыс беткейіне шабуылдап, 1-Украин майданының 4-танк армиясы жауынгерлеріне қосылды. Сол күні таңертең немістердің Штайнер армиясының тобы Германсдорф маңында кезекті шабуылға шықты. Польшаның 1-армия әскерлері жау шабуылына тойтарыс берді.
1-Украин майданының 3-гвардиялық танк армиясы 28-армияның үш дивизиясының көмегімен Берлиннің оңтүстік-батыс жағын жау солдаттарынан тазартуға көшіп, 1-Беларусь майданының 2-гвардиялық танк армиясы жауынгерлерімен бірлесіп қимыл жасады. Олар түтінге оранған қаланың немістер бекінген аймақтарына әуеден де шабуылдар ұйымдастырды. Осының нәтижесінде немістер жағы үлкен шығынға ұшырады. Кешке қарай Жоғарғы Бас қолбасшының ставкасы Миттенвальд, Мариендорф, Темпельхоф, Потсдам вокзалы арқылы өтетін жаңадан шектеу сызығын белгіледі.
Дайындаған Бақытжан ЖҰМАТ.