ШҰҒЫЛ: Президент халыққа ҮНДЕУ жасады (+ВИДЕО)
Ардақты ағайын!
Биылғы жыл еліміз үшін қайғылы оқиғадан басталды. Халқымыз өте қиын сынақты бастан өткерді. Мемлекетіміздің тұтастығына, азаматтарымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің болашағына қауіп төнді. Біз лаңкестерге дер кезінде тойтарыс беріп, бетін қайтардық. Өкінішке қарай, дүрбелеңде көптеген азаматымыз қаза тапты. Бұл – нағыз қасірет.
Қазіргі таңда тиісті мекемелер азаматтардың әрбір ісі бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Адам құқығын қорғау мәселесі мен үшін аса маңызды. Қайғылы жағдай бүкіл елдің қабырғасын қайыстырды. Осыған байланысты Жалпыұлттық аза тұту күнін жарияладық.
Сол қасіретті оқиғадан бері 40 күн өтті. Бүгін марқұмдардың рухына құран бағыштау үшін мешітке арнайы келдім. Қаза болған адамдардың жақындарына тағы да көңіл айтамын.
Мемлекет қаралы шаңырақтарды қараусыз қалдырмайды. Мен қайтыс болған азаматтардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетуді тапсырдым. «Қазақстан халқына» қоры да осы қайырымдылық жұмысқа атсалысады деп ойлаймын.
Енді халқымыздың береке-бірлігі мен тыныштығын бұзуға жол бермейміз. Бұл – биліктің ғана емес, барша азаматтарымыздың ортақ борышы. Мұндай қасірет ешқашан болмасын! Қазақстан халқына сабыр тілеймін!
Бәріміз тұтас ел болып, Жаңа Қазақстанды құрайық! Жаңа Қазақстан – баршамыздың ортақ үйіміз, оның іргесін бірге қалайық! Бұл өскелең ұрпақ үшін керек.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Қ.ТОҚАЕВ,
ҚР Президенті