Шопанға үй берілді
Жақында Тасшағыл ауылының тұрғыны Аманкелді Қуановтың отбасы баспаналы болды. Бұған дейін облыс әкімінің тапсырмасымен Сағыз ауылында сегіз отбасы қоныс тойын тойлағаны белгілі. Үй иесіне тұрғын үйдің кілтін салтанатты жағдайда табыс еткен аудан әкімінің орынбасары Бекнұр Әжіғалиев құттықтау сөз сөйледі.
– Биылғы жылы ауданымыздан екі пәтерлі бес тұрғын үй салу жоспарланған болатын. Оның төртеуі Сағыз елді мекенінен салынса, біреуі сіздердің ауылдарыңызда салынды. Осылайша халықтың баспанаға деген мұқтаждығын бірте-бірте өтейтін боламыз. Сондай-ақ, ауылда балабақшаның құрылыс жұмыстары басталса, мәдениет үйінің жобалық құжаттары жасақталып жатыр. Осындай қуанышты жағдай ауылдарыңызда көп болсын, — деді ол.
Салтанатты шарада сөз алған Тасшағыл ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Әділ Сәрсенғалиев облыс, аудан басшылары мен құрылысшыларға тұрғындар атынан алғысын айтып, ауданда игі істердің көбеюіне тілектестігін білдірді. Бұдан кейін жаңа баспананың лентасы қиылып, шашу шашылды.
– Атам Қуан мен әкем Аманқайырдың шопан таяғын ұстап, өндірістік кооперативте қой бақтым. 2012 жылы отбасы жағдайымен округ орталығына көшіп келдім. Ауылда салулы баспанам жоқ болғандықтан әкемнің шаңырағына қоныстанған едім. Отбасымда бала жастан мүгедек қызым бар. Аудан әкіміне үй сұрап жазған арызым бойынша кезекке қойып, бүгін тұрғын үйге қол жеткізіп отырмын. Баспаналы болуымызға жағдай жасап, отбасы арманының орындалуына ықпал еткен барлық азаматтарға шын ниетіммен алғыс айтамын,- деді Аманкелді Қуанов.
Бауыржан САҚТАСИНОВ,
Қызылқоға ауданы.