Шоқындыру мерекесінде мұсылмандарға суға түсуге бола ма?
Христиандардың мерекесі кезінде өзге дін өкілдерінің далада мұздай суға түсіп, жұрттың сынына ұшырауы жиі кездеседі. Олардың арасында танымал әнші Қайрат Нұртас та бар. Осыдан үш жыл бұрын оның әрекеті желі қолданушыларын қатты таңғалдырып, көпшілік сынаған еді. Тіпті, желі қолданушылары одан «Дініңізді ауыстырдыңыз ба?» деп сұрап жатты. Арасында мұның шоқыну мерекесіне еш қатысы жоқ екенін айтқандар да бар. «Крещениеде үш рет сүңгиді. Ол екі рет сүңгіді. Шоқыну түнгі уақытта болады. Бұл жерде дала жарық. Жарайсың, ем болсын», — деп қорғады әншіні желі қолданушыларының бірі. Кейін әншінің өзі әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы болған жағдайды түсіндіріп, мұның христиандар мерекесіне еш қатысы жоқ екенін айтты.
Шариғат не дейді?
Осы орайда, Қарағанды облысы Әнет баба мешітінің наиб имамы Ысқақ Әбдірахманов бұл туралы шариғатта не жазылғанын түсіндіріп берді. «Мұсылман қауым христиан мен яһуди дініндегілерді өзге діндегілерден бір саты жоғары санаған. Оларды «әһли китаб», яғни «кітап иелері» деп те атаған. Сондай-ақ, мұсылман қауым қай заманда болсын, өзге дін өкілдеріне ерекше құрметпен қарап, олардың діни рәсімдерін орындауына кедергі жасамаған. Яғни біз де алдыңғы буынның жолын жалғастырушы ретінде христиан дін өкілдерінің мерекесіне құрметпен қараймыз. Бірақ бұл мұсылмандарға өзге дін өкілдерінің жоралғыларын орындап, мереке кезінде мұздай суға шомылуға болады деген сөз емес», — дейді Ысқақ Әбдірахманов.
Сондай-ақ, Ысқақ имам мұсылман қауым үшін бұл күнді қасиетті деп санап, суға оны киелі деп есептегендіктен шомылған жағдайда шариғат үкіміне қарсы келетінін айтты. Өйткені бұл күнді қасиетті деп санау мұсылманның өзге дінге бойұсынатынын көрсетеді. Бұл туралы Құрандағы аяттардың бірінде «Кім Исламнан басқа бір дін іздесе, әсте одан қабыл етілмейді де ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады» деп жазылған. Өскемен қаласы Халифа Алтай мешітінің ұстазы Әйгерім Ерболат мұздай суға денсаулық үшін деп түсіп жатса, еш әбестігі жоқ екенін айтады. Бірақ, бұл күннің қасиетті екеніне сеніп, басқа оймен түсу — қате.
«Кез келген жағдайда өзге діннің қағидаттарына құрметпен қарайтынымыз сөзсіз. Себебі, кез келген оң дін адамға тек жақсы әсерін тигізіп, жүрегіне иман гүлінің дәнін себеді. Осы тұста дәстүрлі діндер туралы айтып жатырмын. Ал христиан діні — ертеден келе жатыр және осы дәстүрлі діндердің қатарына кіреді. Яғни дәл қаңтардың 18-19-ы күндері адамдардың даладағы мұздай суға түсуінде еш әбестік жоқ. Бірақ, іштей ниеттеніп, бұл күннің қасиеттілігіне сеніп түсіп жатса, мұсылмандықтан ада болғаны. Мұндайда бұл әрекетті теріс көрер едім», — дейді мешіт ұстазы.Ал, Алматы қаласының тұрғыны Қиысбек Тахиров қазіргі заманда дін мен ұлтқа бөлініп жатудың қате екенін айтады. Осы орайда адамды діні мен діліне қарап бағаламау керектігіне тоқталды. Сондай-ақ, бірнеше жыл бұрын Қайрат Нұртастың басында болған жағдайды еске алып, оның халық алдында кешірім сұрауға міндетті емес екенін айтты. «Біз ХХІ ғасырдағы зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Жалпы адамды дініне, ұлтына қарап бөлу — ескілік деп білемін. Бір кездері Қайрат Нұртасты христиандардың шоқыну мерекесі кезінде жұрттың жерден алып, жерге салғаны есімде. Кейін өзі де бұл әрекеті үшін халықтан кешірім сұрағандай болды. Бірақ мейлі қарапайым адам бол, жұлдыз бол, өз таңдауыңның болуы орынды деп білемін. Бұл жалғанда біреудің екінші бір адамды сынауына моральдық құқығы жоқ. Сол себепті жеке өзім мұсылман бола тұра, шоқыну мерекесі кезінде суға түсуге еш қарсы емеспін. Бұл өз дініңе деген сатқындық емес, бар болғаны «көршіңе» деген сыйластық. Одан кем болып қаламыз деп ойламаймын», — дейді Алматы қаласының тұрғыны Қиысбек Тахиров.
Оңтүстік астананың тағы бір тұрғыны Мейрамгүл Қашқымбекова адам баласы таңдаған дініне берік болуы керектігін айтады. Сондай-ақ, ол өзінің бұл сөзін құрметсіздікпен шатастырмауды сұрады. «Адамның жасаған әрекеті қалай маңызды болса, ниеті де дәл солай маңызды. Далада ағып тұрған өзен-көлге адам жыл он екі ай түседі. Ал бұл айларға қаңтардың да, оның ішінде 18-19-ының да кіретіні сөзсіз. Яғни мұсылман бұл мерекеде міндетті түрде шоқыну үшін суға түспейді. Бар болғаны, жай кездейсоқтық болуы мүмкін. Бір кездері сіз айтып отырған Қайрат Нұртастың да басында осындай жағдай болды деп ойлаймын. Бірақ, өзім дініме берік адам ретінде христиандардың мерекесінде ниеттеніп белгілі бір салт-жоралғыларды орындауға қарсымын. Қанша дегенмен әр діннің өз қағидалары бар. Сондай-ақ, мұны өзге дін өкілдеріне құрметсіздік көрсетумен шатастырудың қажеті жоқ», — дейді Мейрамгүл Қашқымбекова.
Шоқыну мерекесі қалай пайда болды?
Шоқыну мерекесі — Иоанн пайғамбардың Иса Мәсіхті Иордан өзеніне алып барып шоқындыруынан туындаған мереке. Бұл сөз грек тілінен аударғанда «бату» деген мағынаны білдіреді. Оны христиандар 18-19 қаңтар күндері атап өтеді. Дәл осы күні Құдай әлемге өзінің үш түрлі тәңірлік бейнесінде көрінгендіктен, Құдай құбылысы деп аталады: Біріншіден, Иса Мәсіх Иордан өзенінде шоқындыру рәсімін орындады. Екіншіден, қасиетті рух Исаға көгершін кейпінде түсті және, үшіншіден, әке Құдай Иса Мәсіхті көктен дауыс шығарып куәландырды. Христиан қауымның сенімі бойынша, 18-19 қаңтар күндері жер бетінде барлық су жаңарып, тазара түседі. Сондай-ақ, су өзінің құрамындағы жаман рухтың энергетикасынан арылады. Бірақ бұл судың қасиетті болғанын білдірмейді. Ол үшін шіркеу қызметшісі дұға оқып, суға кіресті батыруы тиіс. Осы суға шомылған адамның рухы мен тәні тазарады. Десе де, дін қызметшілері бұл күні күнәдан тазарамын деп ауа райының суығына және денсаулық жағдайына қарамастан мұздай суға түсуге тыйым салады.
Мереке кезінде не істеуге болмайды?
Әдетте 18 қаңтар күні христиан дінінің өкілдері отбасы мүшелерімен бірге бір дастарханда бас қосып, оразаға лайық тағамдарды жейді. Ал 19-ы күні мол дастархан жаюға рұқсат. Бұдан өзге аталған мерекенің өзіндік салт-жоралғылары бар. Христиандар отбасыларында береке мен бірлік болсын деген ниетпен үйдің барлық бұрышына қасиетті судан себеді. Сондай-ақ, бұл мерекеде адамдар барлық кінәсін кешіріп, татуласады. Адамдардың сыртынан жаман сөз айтып, ұрысуға тыйым салады. Мүмкіндігінше үй жинап, кір жумауға тырысады. Мереке кезінде тауықтарға жем шашуға тыйым салынған. Шоқыну мерекесінен кейін болашақты болжайтын бал ашуға болмайды. Әйтпесе адам осылайша өз тағдырын жаман арнаға бұрып жіберуі мүмкін.
P.S. Ал, Сіз құрметті оқырман, бұл нәрсеге қатысты қандай пікірдесіз? Мұсылман қауымның бұл мерекеде суға түскені дұрыс па?