Жарнама
Жаңалықтар

Шеттен енген сөздерді Халелше бейімдеу

Шеттен енген сөздерді таңбалау мәселесі әлі де өзектілігін жоймай келеді. Өйткені, бұл ХХ ғасырдың басында да жиі талас туғызып жүр еді. Көрнекті ғалым Халел Досмұхамедұлы қазақ тілінде бірі жіңішке, төртеуі қос – бес дауысты, он бес дауыссыз, екі жарты дауысты дыбыс бар екенін айтады.

Ғалымның дыбыстарды дауысты, дауыссыз, жарты дауысты деп топтастыруы – Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Қошке Кемеңгерұлының жіктеуімен ұқсас. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін анықтауда, дауысты, дауыссыз, жарты дауыстыларды саралауда, дауыссыздарды қатаң мен ұяңға жіктеуде ғалымдар арасында бірізділік байқалады. Х.Досмұхамедұлы сингармонизмді негізге ала отырып, қазақ тілінде бес дауысты бар екенін айтады. Тілімізде «е» дыбысынан басқа барлық дыбыс қос айтылатынын ескерте келіп, «е» дыбысы «ә»-ден, «і»-ден тууы мүмкін екенін айтады. Бүгінгі таңда профессор Әлімхан Жүнісбек экспериментті фонетиканың нәтижелері арқылы ғалым тұжырымының дұрыстығын анықтап, «е» дыбысы «й» мен «і» дыбыстарының қосындысынан тұратынын, яғни «й» – 40 %, «і» – 60 % құрайтынын дәлелдеп берді. Бұл дыбыстар айтылуда да бірінің орнына бірі қолданыла береді. Мысалы: міне – міні, бәйге – бәйгі, ешбір – ішбір, ешкім – ішкім, бәтеңке – бәтіңке, т.б.

Дәйекшенің сингармонизм заңынан туып отырғанын ескерте келіп, Халел Досмұхамедұлы: «қ», «ғ» хәріфтері екі дыбыстың жуан түрлерін таңбалау үшін, «к», «г» хәріфтері сол екі дыбыстың жіңішке түрлерін таңбалау үшін алынды. Өңге алынған хәріфтер дыбыстардың жуан түрін белгіледі. Дыбыстың жіңішке түрін белгілеу үшін жуан белгілеген таңбаның алдына дәйекші қойылатын болды. Қазақ-қырғыздың сөзіндегі дыбыстар ұйқасып, үндесіп айтылатын болғандықтан, сөздегі әр хәріфтің алдына дәйекші қоюдың керегі жоқ болды, бүтін сөздің алдына жалғыз дәйекші қойылса да жететін болды», — дейді.

А.Байтұрсынұлы қ-к, ғ-г дауыссыз дыбыстарының акустикалық жағынан да‚ артикуляциялық жағынан да өзгешеліктері болуына байланысты әрқайсысына таңба арнайды. Ал Х.Досмұхамедұлы сингармонизм заңы тіліміздегі дыбыстардың таңбаларын екі еседей азайтып жазуға көп жеңілдік беріп отырғанын ескерте келіп: «Дұрысында, «қ» мен «ғ» дыбысының жіңішке түрін дәйекші қойып таңбалау керек еді. «К» мен «г» хәріфтерін тастау керек еді. «Қ» мен «ғ»-ның жіңішке түрін белгілеуге алған «к» мен «г» бір жағынан хәріфтердің санын көбейтсе де, екінші жағынан дәйекшіні азайтуға себеп болып отыр. Ішінде «к, г, е» таңбаларымен белгіленген дыбыстары бар сөз сингармонизм заңы бойынша әрқашан да жіңішке айтылмақ. Мұндай сөздердің алдына дәйекші қоюдың керегі жоқ. Сондықтан қолданған «к» мен «г» хәріфтерін қолдана беру керек», — дейді.

Осы ұстаным Қ.Кемеңгерұлының ұста-нымдарында да байқалады. Яғни Х.Досмұхамедұлы, Қ.Кемеңгерұлы сынды ғалымдар қ‚ к дыбыстарының ерекшелігін түсіндіруде сөйлерменнің санасында бейнеленуін ескерген. Бұл тұрғыдан алғанда, ғалымдардың ұстанымдары яғни И.А.Бодуэн де Куртенэнің психофонема теориясымен сабақтастық байқалады. Н.Ф.Яковлев те «Математическая формула построения алфавита» (опыт практического приложения лингвистической теории) деген мақаласында да қ-к дыбыстарын бір фонема ретінде таниды. Сол сияқты А.М.Сухотин, К.К.Юдахин сияқты ғалымдар да қ-к дыбыстарының бір фонема болатынын айтады. Яғни  Х.Досмұхамедұлы, Қ.Кемеңгерұлдарының ұстанымдары мен Мәскеу фонологиялық мектебінің негізін қалаушылардың ұстанымдары ұқсас болғанын көреміз. Сингармонизм табиғатын, фонема қасиетін терең түсінген қазақ ғалымдары Н.Ф.Яковлев, А.М.Сухотин, К.К.Юдахин, т.б. ғалымдардан әлдеқайда бұрын дұрыс та батыл тұжырымдар жасап отырған.

Халел сингармонизмі

Х.Досмұхамедұлы сингар-монизмнің табиғатын дөп басып анықтай білген: «Қазақ-қырғыз сөзінің түбірі не соламайымен жуан айтылады, не соламайымен жіңішке айтылады. Жалқы сөздің түбіріндегі дыбыстардың біреуі жуан болып, біреуі жіңішке болып еш уақытта естілмейді. Қазақтың негізгі жалқы сөзінің түбірінде жуан дыбыстар мен жіңішке дыбыстар араласып ұшырамайды. Бір сөздің ішіндегі дыбыстардың бәрінің бірдей дауыспен (не жуан, не жіңішке) ұйқасып айтылуын білім тілінде «сингармонизм» дейді. Сингармонизм деген сөз, қазақша айтқанда, «үндестік», «ұйқастық» деген мағынада».

Түркі тілдеріндегі сингармонизм табиғатын тануда И.А.Бодуэн де Куртенэ‚ В.В.Радлов‚ П.М.Мелиоранский‚ Е.Д.Поливанов‚ Т.Шонанов сияқты зерттеушілер сингармонизмді дауыстылардың ғана үндесуі ретінде түсінсе‚ Х.Досмұхамедұлы‚ Қ.Кемеңгерұлы‚ К.К.Юдахин, т.б. оны «сөз құрамындағы барлық дыбыстың үндесуі» деп түсінген. Х.Досмұхамедұлы: «Біздің ойымызша, сөздегі дауысты я жарты дауысты дыбыстар үнсіз, мүлде сақау емес, бұлардың аз да болса дауысы бар. Бұлар – қостаушылар, бірақ бұлардың дауысы дауыстылардікіндей ашық емес, саңыраулау естіледі. Сөзді әнге, сөз ішіндегі дыбыстарды қосылып ән айтушы адамдарға балауға болады. Мәселен: бес кісі қосылып ән салса, бір-екеуінің ғана дауысы анық естіледі де өңгесінің дауыстары дүдәмал байқалады. Сондықтан біз «дауыстылар гәрмөнійесі» дегеннің орнына «дыбыстар гәрмөнійесі» деп айтқанды дұрыс көреміз», — дейді.

Ғалым қазақ-қырғыз тіліндегі қосымшаларды өз ішінен 1) жалғау, 2) жұрнақ, 3) жіктеу түрінде топтастырады. Ол жалғаулар сөздің түбіріне ұйқасатынын, сөздің түбірі жуан айтылса, жалғанған жалғау да жуан айтылатынын, сөздің түбірі жіңішке айтылса, тіркелген жалғау да жіңішке айтылатынын ескерте келіп, жалғаулардың қос болатынын айтады. Яғни қосымшаларды жіктеуде Х.Досмұхамедұлы сингармонизмді негізге ала отырып, қазақ-қырғыз тіліндегі жұрнақтарды шын жұрнақ және шала жұрнақ түрінде жіктейді. Шын жұрнақтың бәрі қос болатынын ескерте келіп, сингармонизмге бағынбайтын шала жұрнақтарды атайды:

«Шала жұрнақтар қазақ-қырғыз тілінде аз:

1) -еке деген шала жұрнақ «әке» деген сөзден өзгерген, жуан түрі бүгінде жоқ, алғашқы жуан түрі -аға (-ақа) болса керек.

2) -нікі (-дікі, -тікі) деген құрама жұрнақ. Бұл «нің» (дің) деген жалғау мен «кі» деген жұрнақтың қосылуынан туған. -ніңкі (-діңкі) өзгеріп -нікі (-дікі) болған. -нікі – жұрнақтың жіңішке түрі, жуан түрі – -нықы. Біздің тілімізде жуан түрі бүгінде жойылған, айтылмайды, ноғай тілінде бұл жұрнақтың екі түрі (-нықы/ -нікі) осы күнде де айтылады. «-нікі» қазақ тілінде жұрнақтың шын қасиетінен айрылып, қосалқы сөзге жақындаған.

3) -ғана бұрын шын жұрнақ еді, жіңішке түрі -гене (-ғана, -гене) еді. -гене бұл күнде қазақ тілінде айтылмайды, жойылған. -ғана жұбынан айырылған соң шын жұрнақтықтан да айырылған. Бұл күнде қосалқы сөз ретінде айтылады.

4) -күнем (пайда-күнем, мас-күнем, қас-күнем). -күнем-нің жуан түрі жоқ, сондықтан шала жұрнақ я қосалқы сөз ретінде сөйленеді».

Ғалым тілімізге өзге тілдерден (парсыдан) енген жұрнақтарды да (-кер (-гер), 2) -хор, 3) -паз) сыңарлары болмауына байланысты шала жұрнақтарға қосады. Тіліміздегі үндестік заңы бұзылмауы үшін ғалым шын жұрнақтар сөзге қосылып жазылуы керектігін, шала жұрнақтар түбір сөзге жалғаспай сызықшамен бөлініп жазылуға керектігін айтады.

Х.Досмұхамедұлы: «Қазақ-қырғыз тілінің өзіне меншікті түпкі сөздерінің қайсысын алсаң да, түбір сөз болсын, туынды сөз болсын, сөздердің ішіндегі көп өзгерістерден қай қалағаныңды алсаң да, бәрінің сингармонизм заңымен жүріп, осы заңды қолданып, бұ заңнан титтей шетке кетпейтінін көресің. Қазақ-қырғыз тілінде сингармонизм заңына көнбейтін сөз, сөз өзгерісі жоқ. Сингармонизм тілімізді үйренуге, үйретуге жеңілдетіп тұр, жаңа сөздер тудырып, сөздер қосып, тілімізді байытқанда ылақтырмайтын, адастырмайтын қарақшылы даңғыл қара жол болып тұр», — деген тұжырым жасайды. Ғалымның бұл тұжырымы 1924 жылғы Қазақ білімпаздарының тұңғыш сійезінде де негізге алынған.

Жат сөздер – түрлі көзқарас

Қазақ оқығандары арасында шеттен келген сөздерді қабылдауда екі түрлі ұстаным болған. «Жат сөздер туралы» деген кітапшасында Н.Төреқұлов түркі тілдерінен сөз іздемей-ақ «делдалсыз тура Аурыпадан алуды» ұсынады да бибауырмал дегеннің орнына интернационал, тарих сөзінің орнына история, тарихшы сөзінің орнына историк деп қолдану керектігін айтады. М.Қайыпназарұлы да осы ұстанымды негізге алып, жат сөздерді «өзге жұрт тілдерінде айтылуынша ешбір бұзбастан, айнытпастан алу керек. Кәзір Қырым, Әзербайжан сықылды өзге ұлт респөбликелері де солай алып жүр. Біз неге сүйтпейміз?» — дейді. Ал ұлттың болашағын ойлаған Ә.Бөкейхан, Х.Досмұхамедұлы, А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы, Қ.Кемеңгерұлы сынды ғалымдар бұл ұстанымға үзілді-кесілді қарсы шығады. Х.Досмұхамедұлы елдің тілін бұзатын – көршілес елдердің мәдениетін үлгіге алған мәдениетті елдердің әсері, елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болатынын, бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгеруге жол басшы болатынын ескерте келіп: «Жат сөздерді қолданғанда, тілімізге ылайықтап алу керек. Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады… Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық. Бұ жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді. «Жат сөздерді өзгертпейінше жүргіземіз»!» — деп, қазақтың тілін бұрағандар да, «Мәдениетке үйретеміз, өнер шашамыз!» — деп, арақ пен шылым, жұқпалы ауру таратқандар да – бір есеп. Арақ, шылым, аурулар адам денесін бұзса, зорлықпен кіргізген жат сөздер елдің түп қазығы болған тілді бұзады», — дейді.

Мектеп пен балабақша тілі дұрыс болса…

Х.Досмұхамедұлы баспа мен мектепте қолданылатын тіл елге сіңбей қалмайтынын, мектеп пен баспаның тілі дұрыс тіл болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіретінін; мектеп пен баспада қолданылған тіл шатасқан тіл болса, ол елдің тілі бұзылмай қалмайтынын ескерте келіп, қазақ тіліне тән заңдылықтарды нақтылайды. «Қазақ-қырғыздың түбір сөзінде бір дыбыс екіленіп (тәштидтеніп) келмейді. Сондықтан жат сөздердегі екіленіп айтылатын дыбысты қазақ-қырғыз не бір дыбыс қылып айтады, не соңғысын бөтен дыбысқа аударады: молла – молда, үммет – үмбет, Алла – Алда, аууал – әуел, жиннат – жендет, суннат – сүндет. Ғалымның ұстанымдарын негізге ала отырып, бүгінгі таңда «Орфографиялық сөздікте» кросс, класс, металл, грамм, киловатт, грипп, махаббат, ләззат, габбро (геол.), габбро-амфиболит, габбро-диабаз (геол.), габброидтену, габбролық, габбро-пегматит (геол.), габбро-порфирит (геол.), андеррайтер (экон.), артиллерия, артиллериялық, апперцепция (пед.), аппликата (мат.), аппликация, параллелепипед, параллелограмм, параллель, параллельдік, параллелизм, т.с.с. түрде жазылып жүрген еселенген дауыссыздардың бірін түсіріп тастауға әбден болады.

Х.Досмұхамедұлы қазақтың түбір сөзінде екі дауыссыз дыбыс көршілес қатар тұрмайтынын айтады. Ғалымның бұл ұстанымы да қазіргі кезде ескерілмей жатыр. Соңғы, 2013 жылғы «Орфографиялық сөздікте» екі дауыссыздың сөз басында келу жағдайы жиі орын алған: брасс (спорт), браунинг, брахман, брезент, брейкер, бригада, бригадалық, бригадир, бридж, брикет, брикеттеу, брифинг, бройлер, брокер, брокерлік, бром, бромдалу, бромды, бромид, брон, бронх, бронхит, брошюра, брутто, бруцеллез, пневмония, спектакль, спектр, спектрогелиоскоп, спектрометр, спектроскоп, спидометр, спиннинг, спираль, спирт, спонтанды, спортзал, стақан, станок, стансы, старшын (көне), статист, статиске, скоч, славян, славянтану (терм.), слайд, слесарь, смета, т.с.с.

Дұрысында, қазақ тілінің табиғатына сәйкес сөз басында екі дауыссыз қатар келмеуі керек. 1926 жылы жарық көрген «Орысша-қазақша әскерлік атаулары» мен 1931 жылы жарық көрген «Атаулар сөздігінде» сөз басында екі дауыссыз қатар келген атауларды таңбалауда протеза, эпентеза құбылыстары ескерілген:  наблюдательная станция – бақылау ыстанса; станция – (бекет) ыстанса; телефонная станция – телепон стансасы, т.б.; гидроэлектрические станции – су електір ыстансасы; гусеничный трактор – жылан бауыр тірәктір; машинно-тракторная станция – мәшине тірәктір ыстансасы; станок – ыстанок; станция – ыстанса; субстанция – субыстанса, т.б.

Қазақ тілінде сөздің соңында үнді мен қатаң дыбыстардың тіркесі ғана (қарт, ант, салт, сарт, шарт, қаңқ, саңқ, кент, серт және т.с.с.) келеді. Мұндай дыбыс тіркестерін Қ.Кемеңгерұлы «дауыссыз дифтонг» деп атаған еді. Үнді және қатаң дауыссыздар тіркесіне (нк, лк, мп, лт, льт, нс, рс, рт, рш, нт, рм, фр, т.б.) біткен сөздерге қосымша ы, і дәнекерінсіз, буын үндестігі бойынша жалғанады: финанс+қа, финанс+ы, аванс+ы (авансысы емес), цемент+ке, цемент+ті, фермент+тік, банк+ке, автопарк+тен, пульт+ке, т.с.с. Себебі сөз соңындағы үнді мен қатаң дыбыстардың тіркесі қазақ тіліне жат емес.

«Қазақ-қырғыз сөздері де түбін өзгертпей, аяғына қосылған жалғауменен өзгереді»

Екі қатаң не екі ұяң дауыссызға біткен сөздерді таңбалаудың өзіндік ұстанымдары бар:

А) сс, лл, тт, пп, ст, кст, сть, зд, кк, вт дыбыстарына біткен есім сөздердің соңғы әріптері түсіріліп жазылуы керек: турист емес, турис, фантаст емес, фантас, грамм емес, грам, т.с.с. А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров, т.с.с. ғалымдардың еңбектерінде термин сөздердің тұлғасын қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес дұрыс жазуда қосымша жалғап тексеру әдісі қолданылған. Ол әдісті қазіргі кезде де пайдалануға болады. ст, кст, сть, зд, кк, вт дыбыстарына біткен есім сөздерге қосымша жалғанғанда да соңғы әріптері түсіп қалады: съезд – съезге, съезі, ведомость – ведомосқа, фармацевт – фармацевке, трест – треске, тресі; турист – туриске, турисі; юрист – юриске, юрисі, т.с.с. Соған байланысты бұл сөздердің түбірін жалғыз дауыссызбен беруге болады. Яғни съезд, подъезд, разъезд, т.с.с. сөздердегі д әрпін түсіріп жазу керек. Қазіргі кезде поезд сөзі пойыз түрінде жазылып жүр (ХХ ғасырдың басында да солай жазылған). Сол себепті ереженің 42-параграфындағы «ст, сть, зд дыбыстар тіркесіне біткен сөздер түбір күйінде ешбір өзгеріссіз жазылады да оларға қосымшалар жалғанғанда түбірдегі соңғы дауыссыз түсіріліп жазылады. Мысалы: трест – трес-тің, трес-іне; ведомость – ведомос-қа, ведомос-ы; съезд – съез-ге, съез-і-нің; социалист – социалиске, социалистік» түріндегі қағида қазақ тілінің жүйесіне сәйкес келмейді. Бұл ереже сөздердің орыс тіліндегі тұрпаты негізге алынып, тілдегі заңдылықтарды ескермеуден туғандығы байқалады. Бұл ретте Х.Досмұхамедұлының «Жалғамалы тілдегі сөздердің түбірі өзгермейді. Сөз аяғына жалғанған қосымшалар арқылы өзгереді. Қазақ-қырғыз тілі – түрік тілінің бір тарауы. Сондықтан қазақ-қырғыз сөздері де түбін өзгертпей, аяғына қосылған жалғауменен өзгереді» деген ұстанымын ескеруіміз қажет.

Ә) ск, кт, фт дыбыстарына біткен сөздердің соңына ы, і дәнекер дыбыстарын қосылып жазылуы керек. Себебі ол сөздерге қосымша ы, і дәнекер дыбыстары (әріптері) арқылы жалғанады: объект+і+ге, объект+і+сі, киоск+і+ге, киоск+і+сі, киоск+і+лер, Омск+і+ден, Омск+і+ге, лифт+і+мен, факт+і+сі, факт+і+лер, рецепт+і+нің, рецепт+ті+ге, манускрипт+і+ге, моллюск+і+ге, пакт+і+ні, такт+і+ні, тракт+і+ге, факт+і+сі, перфект+і+ні, интеллект+і+ге, инстинкт+і+ні, рецепт+і+ге, эвкалипт+і+нің, т.с.с. «Орфографиялық сөздікте» акцепт, акцептіге, акцептісі; манускрипт, манускриптіге, манускриптісі; рецепт, рецептіге, рецептісі; субъект, субъектіге, субъектісі; такт, тактіге, тактісі; тракт, трактіге, трактісі; ландшафты, лифті, т.с.с.).

Б) кс, пс, тр, вр, гл, гль дыбыстарына біткен сөздерді таңбалауда соңғы қатаң дауыссыздардың арасына дәнекер дыбыс кірігуі керек. Орфографиялық сөздікте бокс, аппендикс, аффикс, антиапекс (астр.), археоптерикс (зоол.), бифштекс, индекс, кальцекс, кекс, кодекс, кокс, ортодокс, парадокс, рефлекс, суффикс, гипс, вахмистр (тар., әск.), кегль, вахмистр, гектолитр, гектометр, децилитр, дециметр, гектолитр, гектометр, гелиометр (тех.), динозавр, бакалавр, ихтиозавр, кентавр, манёвр, палеозавр, алебастр, амфитеатр, анемометр, арбитр, арифмометр, аэромагнитометр, барометр, бу-электр, вице-министр, вольтметр, канистр, кинотеатр, магистр, метр, оркестр, параметр, педиатр, ротмистр, сантиметр, семестр, спектр, театр, титр, фильтр, штаб-ротмистр, т.т. түрде беріліп жүрген сөздер сол заңдылыққа бағындырылуы тиіс.

«Метір, меліметір…» немесе «банкиң, киң»

Қазақ тілінде үнді мен қатаң тіркескенмен, керісінше, қатаң мен үнді қатар келе алмайды. Сондықтан шеттен енген сөздердегі тр-ға біткен сөздерде т мен р арасына ы, і дыбыстарын кіргізу керек: тыйатыр, метір, т.б. ХХ ғасырдың басындағы сөздіктерде тіліміздің осы ерекшелігі қатаң сақталған: метр – метір; электр – електір; милиметр – меліметір; министр – міністір; оркестр – әркестр; спектрометр – іспектір метір; термометр – термеметір; амперметр – әмпірметір (електір ағынының күшін көрсететін аспап), т.с.с.

Шет тілден енген, енг, инг, онг дыбыс тіркесімдеріне біткен сөздердің соңындағы нг дыбысының орнына қазақ тіліндегі ң дыбысын таңбалауға болады: автопаркинг, агрохолдинг, аутбридинг, аутсорсинг, банкинг, бизнес-рейтинг, бизнес-тренинг, боулинг, брифинг, допинг, инжиниринг, кикбоксинг, кинг, клиринг, консалтинг, лизинг, митинг, мониторинг, пейджинг, семинар-тренинг, серфинг, скрининг, смокинг,  т.с.с. Себебі түпнұсқада нг дыбыс тіркесі емес, ң дыбысы. Ол транскрипциядан да анық көрінеді: паркинг – ˈpɑː.kɪŋ, холдинг – ˈhəʊl.dɪŋ, банкинг – ˈbæŋ.kɪŋ, рейтинг – ˈreɪ.tɪŋ, тренинг – ˈtreɪnɪŋ, боулинг – ˈbəʊ.lɪŋ, брифинг – ˈbriː.fɪŋ, маркетинг – ˈmɑːkɪtɪŋ, т.с.с. Алайда орыс тілінде ң дыбысы болмағандықтан, нг тіркесімен берілген. Бұл сөздерді делдал тілдегі өзгеріске түскен қалпында емес, түпнұсқадағы қалпына жақын етіп алуға болады. Бұл ретте Х.Досмұхамедұлы Ауропа сөздері орыстың айтуынша қолданып жүргенін ескерте келіп, Ауропа сөздерін асыл нұсқасынан алып, қазақ-қырғыз тілінің заңымен өзгертіп қолдану керектігін айтады. Бұл да – бүгінгі таңда ескерілуі керек қағидалардың бірі.

Ғалым: «Ауропа сөзін алғанда түбірін сингармонизмге көндіріп алған соң, жалғаулардың да бәрін сингармонизм заңымен жалғау керек. Алған түбірден туынды сөздерді өз тіліміздің заңымен тудыру керек», — дейді.

к, г дыбыстарына біткен сөздерге қосымшаның жалғануында да бірізділік сақталмаған: альпениток, альпенитокке, альпенитогі; аммиак, аммиакқа, аммиагы; аналитик, аналитикке, аналитигі; аншлаг, аншлагқа, аншлагы; антибиотик, антибиотикке, антибиотигі;  бақ, бакқа, багы; банк, банкке, банкі; бантик, бантикке, бантигі; т.с.с. Жоғарыдағы ереже тағы сақталмаған. Тұтастай алғанда, -ак буынына біткен немесе құрамында жуан дыбыстары бар сөздерге қосымша жуан жалғанып, -ик буынына біткен сөздерге жіңішке жалғанатыны туралы айтуға болатын сияқты. Алайда мүбәрак, мүбәрагі кірме сөзі бұған келмейді. Сол сияқты банк сөзі к дыбысына бітіп, құрамында жуан дауысты болғанмен, қосымша жіңішке жалғанған. Ал -ик буынына біткен кірме сөздерге жіңішке жалғанатыны аңғарамыз. Ендеше, ережені нақтылау қажет.

Жоғарыда келтірілген 35-ереженің соңында: «Ескерту. Жіңішкелік белгісіне аяқталған бір буынды сөздер мен соңғы буынында ё, э дыбыстары бар сөздерге қосымша әрдайым жіңішке жалғанады. Мысалы: тюльдер, тюлі, Пётрдің, Пётрге, актёрге, актёрлер, дуэттер, дуэті», — делінген. Бұл ескертудегі жіңішкелік белгісіне қатысты тұсының қажеті жоқ. Себебі ереженің өзінде де жіңішкелік белгісімен келген (дұрысында, жіңішкелік белгісіне біткен болуы керек, себебі жіңішкелік белгісі сөздің ортасында келетін тұстары қамтылмаған) сөздерге қосымшалар әрдайым жіңішке түрде жалғанатыны туралы айтылған. Енді бір жіңішкелік белгісіне аяқталған бір буынды сөздерге қатысты ескертудің қажеті қанша? Жоғарыдағы ережеден ауытқып тұрмағандықтан, ескертудің жіңішкелік белгісіне қатысты тұсын алып тастау керек.

Жіңішкелік белгісіне аяқталған сөздердің бәріне қосымша жіңішке жалғана бермеген ь жіңішкелік белгісіне біткен сөздерге қосымша жалғауда да бірізділік сақталмаған: аэрозоль, аэрозольға, аэрозолі; ведомость, ведомосқа, ведомосы; госпиталь, госпитальға, госпиталі, т.с.с. Жіңішкелік белгісіне аяқталған сөздердің бәріне қосымша жіңішке жалғана бермеген: бірде жіңішке, бірде жуан. Тағы да «Сөздің соңғы буыны жуан дауыстыға бітсе, қосымша жуан, жіңішке дауыстыға бітсе, қосымша жіңішке болатын шығар» деуге де келмейді. Себебі сөздің соңғы буыны жіңішке дауыстыларға біткен жағдайда осылай тұжырымдауға болғанмен, сөздің соңғы буыны жуан дауыстыға біткен сөздерде әркелкілік орын алған: аэрозоль, аэрозольға, аэрозолі; аэрозольді; аэрозольдік; госпиталь, госпитальға, госпиталі; т.с.с. Бұл сөздерде дауыстыдан басталған қосымша жіңішке жалғанып, дауыссыздан басталатын қосымша жуан жалғанғанын аңғаруға болады. Алайда бұл да жалпылық сипат алмаған: барыс септік тұлғасы, көптік қосымшасы (бірде көрсетіліп, бірде көрсетілмеген) жуан тұлғада келген де -лық/-лік, -шы/-ші жұрнақтары бірде жуан, бірде жіңішке жалғанған: госпитальдық, квадрупольдік, корольдық, нивальдық, модальдық, модельді, модульдік, моральдық, моральшы, автомобильші, модельші, рояльшы, фестивальдық, табельші, т.с.с.

Жоғарыда келтірілген ескертуде соңғы буынында ё, э дыбыстары бар сөздерге қосымша әрдайым жіңішке жалғанатыны туралы айтылған. Орфографиялық сөздіктің соңындағы «Қазақ тілінің негізгі емле ережелерінде» ё  әрпінің емлесі туралы: «§6. э, ё (йо) әріптері орыс тілінен және орыс тілі арқылы өзге тілдерден енген сөздерде ғана жазылады. Мысалы: экономика, этика, эстетика, дуэт, эволюция, этнография, экспорт, электр, Пётр. Ескерту. Жазу тәжірибесінде ё (йо) таңбасының орнына көбінесе е әрпі қолданылады, бірақ сөзді ё (йо) дыбысымен айту қажет: актёр (айтылуы – актиор), Петр (айтылуы – Пиотр)», — делінген. Бұл орайда ё әрпін э-ге қосақтамай, ю, я әріптері сияқты жеке беру керек. Себебі бұлардың бәрі – бірнеше дыбыстан құралған, кірме әріптер. Ал э әрпі жалаң. ё әрпі й мен о әріптерінен құралған, сондықтан соңғы дыбыс – о, жуан. Ендеше, оған жалғанатын қосымша да жуан болуы тиіс.  Алайда сөздікте ё әрпіне біткен сөздердің бәріне де қосымша жіңішке түрде жалғанған: актер, актерге, актері; актердей; бронетранспортер, бронетранспортерге, броне-транспортері; бруцеллез, бруцеллезге, бруцеллезі; вахтёр, вахтёрге, вахтёрі; дирижёр, дирижёрге, дирижёрі; дирижёрлік, дирижёрлігі; дублёр, дублёрге, дублёрі; жонглёр, жонглёрге, жонглёрі; жонглёрлік, жонглёрлігі; режиссер, режиссерге, режиссері; режиссерлік, режиссерлігі; репортер, репортерге, репортері; т.с.с. Ескертуде көрсетілгендей, сөзді ё (йо) дыбысымен айтатын болсақ, оған жіңішке қосымшаны қосып айту мүмкін емес: актёр+ге (айтылуы – актиор+ге), Петр+ге (айтылуы – Пиотр+ге). Сондықтан сөздіктегі ё әрпіне аяқталған сөздердің бәріне де қосымша жуан түрде жалғануы керек. Жуан түрде жалғанған жағдайда «Қосымшалар сөздің соңғы буынындағы дауысты дыбыстың әуеніне қарай буын үндестігі бойынша я жуан, я жіңішке болып жазылады. Мысалы: жұмыс-шы-лар-дың, инсти-тут-тар, пле-нум-да, бюлле-тень-дер, мұға-лім-ге, по-ляк-тар», – деген ережеге де қайшы келмейді.

Ескертуде э дыбысы бар сөздерге қосымша әрдайым жіңішке жалғанатыны туралы айтылғанымен, құрастырушылар бұл ұстанымды әрдайым басшылыққа ала бермеген (дұрысында, бұл жерде де  э дыбысы бар сөздер емес, соңғы буынында э дыбысы бар сөздер болуға тиіс). Мысалы: кэш (экон.), кэшқа, кэшы; миелопоэз (биол.), миелопоэзға, миелопоэзы; минитрэк, минитрэкке, минитрэкі; минитрэк, минитрэкке, минитрэкі; мэр, мэрға, мэры; рэкет, рэкетке, рэкеті; сэр, сэрге, сэрі; алоэ (өс.), алоэге, алоэсі; апноэ (мед.), апноэге, апноэсі; афорфэ (экон.), афорфэге, афорфэсі; каноэ, каноэге, каноэсі; каноэші; каратэ, каратэге, каратэсі; каратэші; дуэль, дуэльге, дуэлі; дуэт, дуэтке, дуэті; т.т. Бұл жерде құрастырушылар не себепті кэш (экон.), кэшқа, кэшы; миелопоэз (биол.), миелопоэзға, миелопоэзы; мэр, мэрға, мэры сөздеріне қосымшаларды жуан түрде жалғап, ережеге қайшы келгендері түсініксіз.

Сөздік те «шатасады»

«Орфографиялық сөздікте» қатенің көп болуы, шеттен енген сөздерге қатысты бірізділіктің сақталмауының себебін Халел Досмұхамедұлы дөп басып айтқан: «Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгеруге жол басшы болады. Оқығандар өзіне ылайық әдебиет тілі деген тіл түзейді. Түзеген жаңа тілін ел ішінде жая бастайды, көбіне зорлап кіргізеді. Әдебиет тілі дұрыстап түзелмесе, қара тілдің заңымен жүрмесе, әдебиет тілі көп бұқараға түсініксіз жат тіл болады, елге сіңбейді; сондықтан жер жүзіндегі жұрттың көбі әдебиет тілін қара тілге жақын қылып елге түсінікті қылуға тырысады».

Мақаламызда қазіргі қазақ тіліндегі шеттен енген терминдердің берілуін сипаттау мақсатында 2013 жылы жарық көрген «Орфографиялық сөздіктегі»  таңбалануын негізге алдық. Байқап отырғанымыздай, сөздікте терминдердің берілуінде бірізділік сақталмаған, тіліміздегі жүйе бұзылған.

Болашақта жарық көретін орфографиялық, терминологиялық сөздіктерде мұндай кемшіліктерді болдырмауға тырысуымыз қажет. Сонда ғана қалам ұстаған жанның қай-қайсысы да емле сөздігін басшылыққа алады. Ал қазіргі кезде «Орфографиялық сөздікте» қате көп болғандықтан, әркім өзінше жазып, бір сөз түрлі қалыпта тұрпатталып келеді. Емледегі хаостан құтылу үшін, шеттен енген сөздерді қазақ тілінің заңдылығына, дыбыстық ерекшелігіне бейімдеу үшін Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Елдес Омарұлы, Қошке Кемеңгерұлы сынды ғалымдардың ұстанымдарын басшылыққа алуымыз қажет-ақ!

Орынай ЖҰБАЙ,

филология ғылымдарының докторы

Алматы қаласы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button