Шетелдік туристер – Сарайшықта

56 main Жаңалықтар

ЭКСПО халықаралық көрмесіне әлемнің жүзден астам елінен шетелдік туристер келген болатын. Көрме аясында шетелдік меймандар қазақтың тарихи жерлеріне баруды да жоспарлапты. Жақында Германияның Мюнхен қаласынан келген турист Бернд Мюллерді сол елде тұратын қандасымыз Роза Ізекенова мұнайлы астанаға, көне қала Сарайшыққа ертіп әкелді. 

56_main

Қандасымыз Жылыой ауданының Қосшағыл ауылында дүниеге келген. Мектепті тәмамдаған соң Шешенстан Республикасының астанасы Грозныйдан мұнай саласы бойынша жоғары оқу орнын тәмамдап, кеңестік кезеңдегі арнайы жолдамамен Ақтау ғылыми-зерттеу орталығында, кейін Құлсарыдағы мекемеде экономист болып қызмет еткен. Сексенінші жылдары Қарағандының металлургия зауытында еңбек ете жүріп тіл үйренеді. Есеп-қисапты қойып, ол тіл білгеннің арқасында мүгедек жандарға көмектесіп, емдетіп, шетел асып кетеді. Ауруы асқынып, дәм-тұзы таусылуға шақ қалған науқастардың хоспистарында да қызмет етеді. Қоғамдық жұмысы үшін шетелде оған жоғары ақы төленді. Оның үстіне шетелде әлеуметтік жұмыспен айналысатындардың қызметі мәртебелі мамандықтар қатарында саналады. «Зейнеткерлік жасына жақындадым. Германияда зейнеткерлікке шығу жасы  әйелдерде – 65, ер адамдарда  70 деп бекітілген»  дейді.

Он бес жылдан бері Алманияда тұратын Роза Тәжіғалиқызы қазір Германия азаматтығын алған. Бірақ, ұлы Сырым Нәбиқұлов Қазақстанда тұрады. Композитор, ән шығарып, әуенді өңдеумен айналысады. Сырымның туындысы елімізде өткен қысқы универсиадада шырқалған. Қазір ол әнші Димаш Құдайбергенов туралы түсіріліп жатқан деректі фильмнің әнін жазу үстінде. Тағы екі баласы өзімен бірге Германияда тұрады. Роза апай туған жеріне жыл сайын келіп тұратынын айтады. Оның үстіне соңғы жылдары біздің елімізде этникалық қазақтарға визаның тегін берілуі еліне бірнеше мәрте келіп тұруына жол ашқандай.

Осы жолы Германиядағы заң ғылымдарының докторы, профессор Мюллермен келді. Доктор Мюллер ЭКСПО аясындағы алты аптаға тегін виза берілгенін айтып отыр. Ол он жыл бойына Франкфуртта сот төрағасы болған. Кейін еңбек дауын, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы мәселелерді шешумен айналысқан. Қазір Германиядағы Экономика және менеджмент  жоғары оқу орнының профессоры, студенттерге дәріс оқиды. «Алманияға барғасын студенттеріме қазақ халқының өте бай мәдениеті мен тарихы жайында әңгімелеймін»  дейді профессор.

Айта кетейік, «Хан ордалы Сарайшық» тарихи-мемориалдық кешенінен ЭКСПО халықаралық көрмесіне 50-ге жуық жәдігер ұсынылған. Көрмеде тұрған көне жәдігерлер туристерді қызықтырып, көне қала Сарайшықты көруге жетелегенге ұқсайды. Аталмыш мұражайдың директоры Молдаш Бердімұратовтың айтуынша,  мұның алдында Қазақстандағы Англия елшісі бір топ ағылшындықтарды әкеліп, көне шаһардың тарихымен танысып, таңданып кетіпті.

 

Бернд МЮЛЛЕР,

Германиядан келген турист:

Қазақстан қатты өзгерген

– Қазақстанға ең алғаш рет осыдан алты жыл бұрын келіп едім. Кейін түрлі  шаруамен болдым. Осы жолғыдай әр облысты аралаған емеспін. Бұған дейін келгенімде өңірде интернет желісі нашар еді.

Қазір өте жоғары деңгейде жақсарған. Әсіресе,  қазақ жерінде халықаралық көрменің өтуі  Қазақстанның шетелдермен қарым-қатынасы жақсаруына жол ашады. Халқы өте қонақжай, бауырмал, ашық. Бәрін білуге құмартып тұрады. Барған жерде ет асып, күтіп алады. Біз мүлдем мұндай көп тамақ жемейтіндіктен,  таңғалғаным рас. Көптеген қалаларды араладым. Әсіресе, Отырар мен Түркістан, одан кейінгі көне қала – Сарайшық туралы мол мәлімет алдым. Қазақтың тарихы, олардың мәдениеті өте ертеде қалыптасқанын көрдім.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз