«Шетелдік көліктерді тіркету – қоғамдағы тәртіпті нығайтады» дейді Атырау облыстық мәслихатының депутаты Айтбай СИСЕНОВ
Atr.kz/24 қаңтар, 2020 жыл. Мәслихат депутаты Айтбай Сисеновтың пікірінше, арзан көлік мәселесінің түбі бір заңдық жолмен шешілетіні бұған дейін де халық арасында талқы тақырыбы болған еді.
«Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзекті мәселенің соңғы нүктесін қойып отыр. Және Президенттің мәлімдемесін халыққа берілген мүмкіндік деп қабылдауымыз керек.
Себебі, Президент «бөтен» нөмірлі көлік иелерін елімізде түпкілікті тіркеуден өткізуге бір жылға дейін уақыт беріп отыр.
Шетелдік көліктер бәрібір тіркелуі тиіс. Себебі, елімізде қабылданған заң бар. Заңға сәйкес, Қазақстанның аумағында қозғалыста жүрген көліктер ортақ базадан көрінуі керек.
Міне, осындай ортақ базаға көліктердің жинақталмағаны салдарынан елде өткен жылы 1854 жол-көлік оқиғасы болып, 132 адам қаза тапты. 500-ден астам адам жарақат алды. Бұл жәй ғана цифр емес, әр көрсеткіштің артында адам және оның тағдыры жатыр.
Екіншіден, Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Өзіміздің заңымыз, тәртібіміз бар. Заң баршаға ортақ болғандықтан, шетелдік көлік бәрібір тіркелуі тиіс.
Жағдайдың бұлай орын алуына кезінде азаматтарымыздың шетелге шығар алдында маманнан консультация алмауы себеп болып отыр. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмас, тәртіпке бағынған құл болмас» деген сөзі бар. Демек, берілген мүмкіндікті пайдаланып, азаматтарымыз шетелдік көлікті тіркеуге жұмыстануы керек» дейді спикер.