Шетелдік көліктерді кіргізу жол ережесінің өрескел бұзылуына әкеледі
Atr.kz/12 ақпан, 2020 жыл. Автоблогер Тимур Мустафаев шетелдік автокөліктерді тіркеу мәселесіне байланысты ойымен бөлісті.
«Басқа елден жеткізіліп жатқан көліктерге келсек, адамдар еріккенінен сырттан көлік тасымайды. Арзан көлік алудың амалын табуға тырысады. Ал бірақ бұл көліктерді әкелгендерге заңмен тыйым салуды толық қолдаймын. Ең үлкен проблема оларды кейін іздестіру, табу қиын. Жол ережесін бұзса, тауып алу қиынға соғады. Өйткені шетелдік базаға біз кіре алмаймыз. Жүргізушілердің барлығы соны пайдаланып, жол ережесін өрескел бұзатын болды. Жолда Қазақстан жол ережесіне бағынбайтын жүргізушілер тобы пайда болды. Бір жағынан бізде бұл ахуалға етіміз үйреніп кетті», — деді Тимур Мұстафаев.
Оның айтуынша, басынан-ақ көлік әкелуге тыйым салғанда, артық шу болмас еді. Айта кету керек, 24 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның заңнамасына сай келмейтін шетелдік көліктерді елге кіргізбеуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысы Үкіметке бір айдың ішінде Қазақстан азаматтарының ЕАЭО елдерінен 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелген көліктерін тіркетуді тапсырды.