Шетелдік БАҚ: Болашақ – «жасыл энергияда»!
«Си-Джи-Ти-Эн» телеарнасы (Қытай)
Ғаламдық әріптестік
Қытай – энергияны көп тұтынатын мемлекет, әрі оның ең ірі өндірушілерінің бірі. Соңғы жылдары аспан асты елі күн және жел энергиясын қолданатын технологияларды дамыту саласына көп инвестиция құйып отыр. Сондықтан да, Астанадағы шараның тақырыбы бізге де етене таныс. «ЭКСПО-2017» көрмесіне энергетика саласындағы аса танымал қытайлық компаниялар қатысады.
Белтелерадиокомпания (Беларусь)
Болашаққа саяхат
Астанадағы көрмеде озық техноло- гиялар мен идеялардың үздік топтамасы назарға ұсынылған. ЭКСПО-ға барып қайту уақыт машинасымен болашаққа саяхат жасау секілді. Бүгінде бұл технологиялардың көбінің тек түптұлғалары ғана көрсетілген. Алайда, келешекте оның бәрі талай нысандарды жылытып, жарықтандыруға көмектесетін болады. «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі иннова-циялар жасыл экономикадағы өрлеуді жеделдетуге бағытталған. Бұл табиғи ресурстарға бай елдер үшін аса маңызды. Болашақ энергиясы ортақ бір мақсат үшін адамзаттың күш біріктіруін көздейді.
Forbes (Америка)
Дамудың даңғыл жолы
«ЭКСПО-2017» қалашығы Диснейдегі Эпкот орталығына (Disney Epcot Center) ұқсайды. Шар тәріздес бас ғимараттағы Қазақстан павильоны ат арбадан бастап, атом қуатына дейінгі энергетиканың даму эволюциясын таныстырып, болашақтың энергиясы қандай болуы керектігін көрсетеді.
– «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу құқығын иеленгеннен кейін Астанадағы құрылыстың қарқыны мені қатты таң қалдырды. Айтулы көрмені абыроймен өткізу үшін Қазақстан үкіметі ауқымды жұмыстар атқарды. Қазақстан қазір экономиканы әртараптандыруға көшті. Осы бағытта Үкімет жаңа энергия көздеріне инвестиция тартуда, — дейді Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссарталес.
Azerbaycan24 (Әзербайжан)
Қазақстан – үлгі алуға лайық мемлекет
Посткеңестік елдер ішінде болашаққа нақты жоспар құра білген мемлекеттердің бірі – Қазақстан. Оның дәлелі – үш айға созылатын ЭКСПО көрмесінің тақырыбы. «Болашақтың энергиясына» маманданған көрмеде қазақ үкіметі әлем елдерін дәстүрлі қуат көздерінен бас тартып, біртіндеп экологиялық таза, баламалы энергияға ауысуға шақырады. Бұл тұрғыда мемлекетте экономиканы әртараптандыру мен білімге негізделген экономиканы дамыту шаралары қарқынды жүруде. Қазақстанның пайдалы қазбаларға бай жер қойнауы мен жүзден астам ұлт пен ұлыстан құралған халқы – мемлекеттің негізгі байлығы. Ал, ЭКСПО көрмесінен кейін Астанада пайда болатын «IT-стартап» алаңы, жасыл энергетика технологиялары, туризм мен халықаралық қаржы орталығы елдің жаңаша дамуына серпін береді деп күтілуде.
Айгүл ЕРТІЛЕУ